Дэниел Аршамды жай ғана суретші деп атау – оның көпқырлы болмысын кемітумен тең болар еді. Оның шығармашылығы музыка, сәулет және дизайн әлемімен тығыз астасып жатыр. Tatler-ге арнайы уақыт бөлген ол бізді Хэмптонстағы үйіне шақырып, туған жері Майами, Цукербергтің жұбайына арналған мүсін және Porsche топтамасы туралы ойларымен бөлісті
Тамыз айының таңы. Сағат 9:52. Біз Нью-Йорктен екі жарым сағаттық жердегі Бриджхэмптондамыз. Күнделікті киімнің орнына беж костюм, ақ жейде, жіңішке қара галстук киген Дэниел Аршам бізді толық дайындықпен қарсы алды. Жапон бағы мен бассейні бар үйдің артында алып гаражға айналған бұрыңғы өнеркәсіптік ғимарат тұр. Баяу ашылған қақпаның артынан алдымен оның Porsche топтамасы көрінді: ақ, көк, «аршамдық» жасыл (Tiffany түсін еске салатын) және бір күміс түсті балалар көлігі. Одан әріректе – мүсіндер салынған ағаш жәшіктер, плакаттар, сансыз прототиптерге толы сөрелер... бұл оның жеке шеберханасы.

«Таңғы 7-де гольф ойнап, 11-ге қарай студияма ораламын. Бұл жердің тыныштығы 20 жыл өмірім өткен шулы Нью-Йорктен мүлдем басқаша», – дейді Дэниел. Оның Манхэттендегі әлдеқайда үлкен әрі қарбаласқа толы шеберханасы да бар. Жақынға дейін ол сол жерді университеттік досы Алекс Мастоненмен және олардың ортақ Snarkitecture сәулет жобасымен бөлісіп келген. Бұл дуэт Kith, COS, Valextra үшін дизайн шешімдерін жасап, жақында Афинадағы бұрынғы қойманың ғимаратында сюрреалистік бургерхана ашты.

Негізі, Аршам әу бастан сәулетші болуды армандаған, бірақ Cooper Union-ға түсе алмады. Бала кезінен сурет салғандықтан, суретші мансабын таңдады. Оның әлемдік танымалдылығына француз галерисі Эммануэль Перротеннің көрегендігі себеп болды: ол 20 жастағы Дэниелдің бойынан ерекше дарынды байқап, 2005 жылдан бастап онымен ресми жұмыс істей бастады. Бірақ оның өміріндегі тағы бір маңызды оқиға одан бір жыл бұрын басталған еді: кезінде Дюшан, Уорхол, Раушенбергпен жұмыс істеген аты аңызға айналған хореограф Мерс Каннингем Аршамды өз қойылымына декорация жасауға шақырды. Бұл ынтымақтастық хореографтың өмірінің соңына дейін, бес жылға созылды.
Уақытпен ойнау
«Менің жұмысымның басым бөлігі – уақытты сезіну. Оның қаншалықты қысқа немесе ұзақ болуы мүмкін екенін көрсету», – дейді Дэниел. Оның бұл философиясы «болашақтың археологиясы» деп аталады: ол дәуірлерді әдейі араластырып, өткеннің үздік туындылары мен қазіргі заманғы поп-мәдениеттің («Жұлдызды соғыстар» кейіпкерлерінен бастап покемондарға дейін) басын қосады. Ол таныс заттардың пішінін бұзып, сол «жараларды» кристаллдармен «емдейді».
Бұл идея оған 12 жасында туған жері Майамидегі «Эндрю» дауылын бастан кешкенде келген. Бір-ақ күнде таныс дүниенің бәрі қирандыға айналған. Кейінірек, Пасха аралына барғанда, археологтардың жер астынан бұрынғы зерттеушілер қалдырған заттарды қалай тапқанын көріп, бұл ойы одан әрі беки түскен. Оның 2020 жылғы «Париж, 3020» жобасы осы тұжырымның шыңы болды. Сол кезде ол Лувр мен Версальдағы ежелгі мүсіндердің көшірмелерін алып, оларға өзінің «эрозия» әдісін қолданып, бос орындарды кристаллмен толтырған.
Жақында оның Марк Цукербергтің жұбайы Присцилла Чанға арнап жасаған мүсіні әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Дэниел тапсырыспен сирек жұмыс істейтінін мойындайды, бірақ бұл жоба оған ерекше көрінген: «Бұл дәстүрдің мыңдаған жылдық тарихы бар. Марк мүсіннің қалай жасалуы керектігін нақтыламады. Сондықтан мен ескі мен жаңаны біріктіруді шештім: мүсін қоладан жасалғандықтан уақыт өте келе түсін өзгертетін патинамен қапталатын болады. Присцилла желге қарсы жүріп келе жатқандай, ал оң жағында жылтыр тот баспайтын болаттан жасалған үлкен табақша тұр. Бұл – оның бойымен ағып жатқан болашақтың бейнесі сияқты».

Porsche – басты құмарлық
Дэниелдің тағы бір құмарлығы – Porsche көліктері. Оның топтамасында жетеуі бар. «Porsche-ні бала кезімнен-ақ жақсы көремін. Бірақ алғашқы көлігімді сатып алу мүмкіндігі тек 30-дан асқанда ғана туды», – деп мойындайды ол. Оның ойынша, покемондар немесе танымал кроссовкалар сияқты, әйгілі Porsche 911 де соңғы жарты ғасырдың символы. «Мен нашар күйдегі көліктерді сатып аламын да, толықтай қалпына келтіріп, мінсіз күйге жеткіземін. Ақыр аяғында сатып жіберіп, жаңа жобаға көшемін», – дейді ол.

Hublot-мен жаңа белес
Уақыт тақырыбына соншалықты құмар адамның өзінің жеке сағат топтамасының болмауы мүмкін емес. Жақында Hublot оны бренд амбассадоры болуға шақырып, бірлесіп жаңа модель жасауды ұсынды. «Hublot кез келген сағаты өте қатаң, техникалық егжей-тегжейлерге толы, және симметриялы болып келеді. Мен осы симметрияны бұзғым келді», – дейді суретші.
Осылайша, былтыр жазда MP-16 Arsham Droplet – қалта сағаты, үстел сағаты, тіпті мойынға тағатын әшекей ретінде де қолдануға болатын гибрид пайда болды. Оның дизайны су тамшысының пішінін қайталайды. «Бұл сағатты ұстағандағы сезім телефонға қарағандағы сезімге ұқсайды – ол сіздің көзқарасыңызды ұзағырақ ұстайды», – дейді ол.
Ал келесі кезең – жақында Сингапурда таныстырылған MP-17 Arsham Splash қол сағаты болды. Мұнда да судың қозғалысынан туған асимметрия бар. Hublot-тың басты ерекшелігі – сапфир шынысымен жұмыс істеу шеберлігі бұл модельде жаңа деңгейге көтерілген. Титан корпустың ішіндегі механизмнің кейбір элементтері «аршамдық» жасыл түске боялған.
«Мен кез келген брендпен жұмыс істегенде, өзімнің міндетім олардың тәжірибесін пайдалана отырып, олардың мүмкіндіктерін одан әрі дамыту деп түсенемін», – дейді Дэниел. Мен одан: «Ұлдарыңызға осы сағаттардың бірін сыйлайсыз ба?» деп сұрағанымда, ол басын изеп: «Әбден мүмкін», – деп жауап берді.

