Аты аңызға айналған британдық футболшы Дэвид Бекхэм Король III Карлдың қолынан жоғары марапатты қабылдап алды. Бұл атақ оған британ футболына сіңірген еңбегі мен қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.
The Times басылымының хабарлауынша, Британ королі III Карлдың шешімімен Дэвид Бекхэм рыцарь атағын иеленді. Бұл жоғары мәртебе оның жұбайы Викторияға да бірден «леди» атағын сыйлады. Енді Англия құрамасының бұрынғы капитаны мен «Манчестер Юнайтедтің» экс-ойыншысына және оның жұбайына «сэр» және «леди» деп тіл қату – ресми этикеттің талабы.
Аты аңызға айналған футболшы бұл салтанатты рәсімге Victoria Beckham ательесінде өзіне арнайы тігілген күндізгі фракты киіп келген. Британ монархы бұл талғампаздықты назардан тыс қалдырмай, Бекхэмнің киім үлгісіне жылы лебізін білдірді. Кейінірек Дэвидтің өзі бұл образды жасауда Карлдың стилінен шабыт алғанын мойындады: «Менің білуімше, ол – бүгінгі күндегі ең талғампаз киінетін ер адам».
Рәсімнен кейін Бекхэм бұл марапаттың өміріндегі ең маңыздысы екенін атап өтті: «Менің кәсіби жолымда бағым жанды – мен түрлі олжаларға қол жеткізіп, мақсаттарыма жеттім. Бірақ рыцарь атағын аламын деп ешқашан ойламаппын. Лейтонстоунда туып, Лондонның шығысында өскен қарапайым бала үшін осында, Виндзор сарайында тұрып, Ұлы Мәртебелі Корольдің қолынан марапат алу – ерекше сәт. Бұл, сөзсіз, менің өмірімдегі ең мақтанышты сәт».

Дэвид пен Виктория Бекхэмнің Британ корольдік отбасымен достық қарым-қатынасы бұрыннан бар. Ұлттық құраманың бұрынғы капитаны Уэльс ханзадасы Уильяммен 15 жылға жуық уақыт бойы тығыз араласып келеді. Ерлі-зайыптылар 2011 жылы ханзада Уильям мен Кейт Миддлтонның, ал 2018 жылы ханзада Гарри мен Меган Марклдың үйлену тойына қатысқан.
Кейбір деректерге сүйенсек, олардың таныстығы одан да ертерек – нөлдік жылдардың соңында, Бекхэм өз отанында Футболдан Әлем чемпионатын өткізу идеясын белсенді түрде насихаттап жүрген кезде басталған. Екеуін ортақ қызығушылық – футбол жақындастырса керек, себебі ханзада Уильям 2006 жылы Англияның Футбол қауымдастығының президенті қызметіне тағайындалған еді.
Соңғы жылдары Бекхэм британ монархының өзімен де жылы қарым-қатынас орнатқан. Олардың ортақ қызығушылықтары – бағбандық пен омарташылық. Бірде Дэвид Бекхэм монархқа өз омартасынан сәлемдеме ретінде бал беріп жібергені де бар.
Бекхэмнен бөлек, бұл күні Король III Карлдың қолынан рыцарь атағын Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, жапон текті британдық жазушы Кадзуо Исигуро да алды.
