Gen.T|Leadership

Миллионерлер, феминизм және дорамалар. Солтүстік Кореяның біз білмейтін қырлары

Автор Татьяна Олейник
04.11.2025
Миллионерлер, феминизм және дорамалар. Солтүстік Кореяның біз білмейтін қырлары

Солтүстік Корея бойынша әлемдегі ең беделді сарапшылардың бірі Андрей Ланьков Tatler-ге сол жабық елдегі элитаның қалай өмір сүретінін, «Кимдердің мұрагері» кім екенін және ондағы феминизмнің қандай екенін баяндап берді

Ким Чен Ын тұсындағы кезеңді  «алтын ғасыр» деуге бола ма?

Ким Чен Ын 2011 жылы билікке келген соң, Қытайдың 80-90 жылдардағы реформаларына ұқсас батыл экономикалық өзгерістерді қолға алды. Кәсіпорындарға еркіндік беріліп, жеке бизнеске жол ашылуының нәтижесінде 2016-2017 жылдары ел тарихында бұрын-соңды болмаған экономикалық өрлеу байқалды. Пхеньянның өмір сүру деңгейі сол кезде көрші Қытайдың шағын қалаларының деңгейіне жақындаған еді. Алайда, бұл өрлеу ұзаққа созылмай, БҰҰ-ның қатаң санкциялары мен одан кейін келген коронавирус індетінің салдарынан ел қайтадан толық оқшаулануға мәжбүр болды. Экономика күрт құлдырағанымен, соңғы екі-үш жылда Ресейге қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жеткізудің арқасында жағдай қайтадан жақсара бастады.

Солтүстік Кореяда байлар бар ма?

Әрине, бар. Бұл елді «бәрі мемлекеттікі» дейтін социалистік мемлекет ретінде қабылдау – ескірген көзқарас. 90-жылдардағы дағдарыстан кейін жеке сектор қарқынды дами бастады. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, қазір елдің ЖІӨ-нің 40%-ға дейінгі үлесі осы жеке секторға тиесілі. 

Қоғaмдық тамақтану, қалааралық жүк тасымалы, балық аулау сияқты салалар толығымен жеке меншікке өткен. Тіпті жекеменшік шахталар да бар. Бұл кәсіпорындардың барлығы қағаз жүзінде мемлекеттік болып саналғанымен, іс жүзінде оларды «донжу» деп аталатын жеке кәсіпкерлер басқарады. Олар мемлекеттік ұйымға белгілі бір тіркелген соманы төлеп, қалған пайданы өздеріне алады. Нәтижесінде, миллиондаған долларды басқаратын байлар тобы қалыптасты. Олар Пхеньян көшелерінде Mercedes пен BMW тізгіндеп, орташа жалақыдан бірнеше есе қымбат мейрамханаларға барады. Олармен қатар, сыбайлас жемқорлық арқылы байыған шенеуніктер тобы да бар.

Феминизмнің отаны ма?

Әрине, бұл елді феминизм толық жеңіске жеткен Финляндия немесе Исландиямен салыстыруға келмейді. Дегенмен, соңғы 30 жылда әйелдердің қоғамдағы рөлі айтарлықтай артқаны анық. Мұның басты себебі – экономикада. 90-жылдардағы дағдарыс кезінде ер адамдар мемлекеттік жұмыс орындарына «байлаулы» болып, жалақы ала алмағанда, отбасын асырау жауапкершілігін әйелдер өз мойнына алды. Әйелдер сауда-саттыққа, жеке бизнеске белсене араласты. Қазір әйелдің ақша тауып, отбасының негізгі табыс көзі болуы қалыпты жағдайға айналған.

Бұған Ким Чен Ынның өзі де ықпал етуде. Бүгінде елдің Сыртқы істер министрі – әйел. Тіпті, Ким Чен Ынның жеке хатшылығын да әйел басқарады. Ең бастысы, мемлекеттегі екінші адам – оның қарындасы Ким Ё Чжон. Бұрын бұл рөлді тек ер адамдар атқаратын.

«Ким дәулетінің мұрагері» кім?

Ким Чен Ынның соңғы үш жылда ресми шараларға ертіп жүрген қызы туралы білетініміз өте аз. Тіпті оның шын аты да белгісіз. Батыс басылымдары оны Ким Чжу Э деп атағанымен, Солтүстік Кореяда оның есімі ешқашан аталмайды. Оны «құрметті ұрпақ» немесе «басшылықтың ұлы данышпаны» деп атайды. Бұл таңқаларлық жағдай емес: кезінде оның әкесі Ким Чен Ын мен атасы Ким Чен Ир де осылай жасырын түрде таныстырылған. Қазір мұрагер қыз шамамен 14 жаста. Оның жынысына байланысты (ұлы жоқ болуы мүмкін) билік оны халықтың көзіне ертерек үйретіп жатыр деген болжам бар.

Солтүстік Кореядағы махаббат пен тыйымдар

Елде романтика бар, бірақ ол бұрынғыдай емес. Егер бұрын жастар ата-анасының нұсқауымен үйленсе, қазір көпшілігі өз жұбын өзі таңдайды. Дегенмен, 30 жасқа қарай отбасын құру – жазылмаған заң. Секс тақырыбы – жабық. Бұл туралы ашық айтылмайды, кинода көрсетілмейді. Жалпы, жағдай 1950 жылдардағы КСРО-ны еске салады.

Ал некесіз байланыстар мен ерлі-зайыптылардың опасыздығына келетін болсақ, оған барлық жердегідей, мұнда да теріс қарайды. Дегенмен, соңғы жиырма жылда мұндай жағдайлар көбейген. Бұған да сол жеке сектордың дамуы әсер еткен. Жеке бизнесі бар әйелдер еркінірек қимылдап, тіпті ел аралап сапарға шыға алатын болды (әрине, пара арқылы). Елде ажырасу саны да күрт өскен. Бұрын ажырасқан әйелдің қайта тұрмысқа шығу мүмкіндігі болмаса, қазір заман өзгерген. Елде сыртқы келбетке қатысты да шектеулер бар. Мысалы, американдық империализмнің символы саналатын джинсы киюге қатаң тыйым салынған. Мини-юбкалар мен тым ашық киімдерге де рұқсат жоқ. Шашты қарадан басқа түске бояуға болмайды.

Қазақстан мен Солтүстік Корея корейлері

Шетелдегі туыстармен байланыс Солтүстік Кореяда құпталмайды. Тек сол туыстардың билікке тигізер пайдасы болса ғана, сирек жағдайда рұқсат етіледі. Дегенмен, Қазақстандағы кейбір ықпалды корей отбасыларының Солтүстік Кореядағы туыстарымен байланысы бар. Бірақ көп жағдайда мұндай байланыс мүмкін емес, тіпті шетелде туысыңның болуы солтүстіккореялықтың мансабына кедергі келтіруі мүмкін. Ресми түрде Пхеньян шетелдегі корейлерді «сатқындар» деп емес, «тарихи жағдайдың құрбандары» деп санайды. Баспасөзде олардың КНДР-ға тамсанып, көсемдеріне сүйсінетіні туралы жиі жазылады.

Екі Корея – екі бөлек ұлт па?

2023 жылдың желтоқсанынан бастап Пхеньян Оңтүстік Кореяны «басқа ел» деп ресми түрде жариялап, бірігу ұранынан бас тартты. Енді оңтүстіккореялықтар бөлек ұлт ретінде қабылдануы керек. Ал Оңтүстік Корея болса, бұрынғысынша «біз бір ұлтпыз, бірігу – басты мақсат» деген ұстанымда. Бірақ бұл көбіне саяси риторика ғана. Шын мәнінде, 80 жылға жуық уақыт бойы байланыстың болмауы екі халықты бір-бірінен қатты алыстатты. Құндылықтары, ойлау қабілеті, тіпті мінез-құлқы да мүлдем басқа. Соңғы сауалнамалар оңтүстіккореялықтардың жартысынан көбінің бірігуді қаламайтынын көрсетеді.

Дорамалар, YouTube және Жаңа жыл

Ең қатаң жаза – шетелдік, әсіресе Оңтүстік Кореялық фильмдер мен музыканы таратқаны үшін беріледі. 2000 жылдардан бастап елге кассеталар мен дискілер кіре бастады, әсіресе оңтүстіккореялық дорамалар үлкен сұранысқа ие болды. Билік мұны «идеологиялық ластану» деп атады. Шын мәнінде, олар халықтың Оңтүстік Кореяның өмір сүру деңгейін көріп, өздерінің қаншалықты артта қалғанын білгенін қаламады. 2021 жылы бұл үшін жаза күшейтілді. Егер Батыс мәдениетін таратумен айналыссаңыз, сізді үлкен түрме мерзімі, тіпті өлім жазасы да күтуі мүмкін. Ал өзіңіз тыңдап, көретін болсаңыз, жұмыс орнындағы жиналыста «тәубеңізге келіп», көпшілік алдында сөгіс аласыз.

Бір қызығы, Солтүстік Кореяның өз поп-мәдениеті де бар. Ол идеологияға толы, 1945-1953 жылдардағы Сталиндік КСРО-ның өнерін еске салады. Әрбір ән мен фильмде көсемге, партияға деген махаббат айтылады. Дегенмен, Ким Чен Ынның кезінде оның эстетикасы өзгерді: қазіргі концерттер 1980 жылдардағы кеңес эстрадасына ұқсайды. Солтүстік Кореяның фильмдері мен сериалдары YouTube-қа үнемі жүктеліп тұрады. Оларды көбіне YouTube әкімшілігінің өзі санкциялық режимді сақтау үшін өшіріп тастайды. 

Елде екі Жаңа жыл тойланады. Біріншісі – біз сияқты 1 қаңтарда, бұл дәстүр КСРО-дан қалған, олар да шырша тігеді. Екіншісі – Ай-Күн күнтізбесі бойынша (қаңтардың аяғында немесе ақпанның басында). Бұл мереке халық үшін маңыздырақ болып саналады.

Солтүстік Корея туралы тереңірек біліп, сарапшы Андрей Ланьковтың өзіне тікелей сұрақ қойғыңыз келсе, жақын арада сондай мүмкіндік туып тұр. Таяу Шығыс пен Орталық Азияны аралайтын дәріс-сапары аясында Андрей Ланьков Қазақстанда дәрістер оқиды.

Алматы – 20 қараша, 20:00. SmArt.Point (Байзақов к-сі, 280).

Астана – 21 қараша, 20:00. «Москва» бизнес-орталығы (Достық к-сі, 18).