Gen.T|Innovation

Қазақстанда алғашқы толықтай электрлі Porsche Cayenne таныстырылды

АвторыTatler Kazakhstan
27.07.2026
Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан
Алматы төрінде таза электр қуатымен жүретін алғашқы Porsche Cayenne ресми түрде көпшілікке таныстырылды. Су жаңа көлікті кәдімгі жол талғамайтын (SUV) және Coupé пішінінде таңдауға болады. Мұндағы ең басты жаңалық – марка тарихындағы ең қуатты сериялық көлікке айналған Turbo нұсқасы. Оның қозғалтқышы 1156 ат күшіне ие. Ал көліктің ең қарапайым нұсқасының бағасы 60 млн теңгеден басталады

Cayenne Electric сатылымы басталғаны туралы жағымды жаңалықты Orbis Auto тобына қарайтын Қазақстандағы ресми өкілдік жеткізді. Алғашқы темір тұлпарлар елімізге биыл келе бастайды. Жыл соңына дейін елге 14 көлік әкелу жоспарланса, оның тоғызы дәстүрлі кузовта, ал қалған бесеуі купе түрінде болмақ. Қызығы сол, ресми тұсаукесер өтпей жатып-ақ бес көлік өз иесін тауып үлгерген.

Жаңа электрлі Cayenne бұған дейін шыққан модельдердің қатарын толықтырып отыр. Дегенмен, дәстүрлі бензин немесе гибридті қозғалтқышты қалайтындар үшін де сатылым жалғаса береді. Яғни, тұтынушыларда өз қалауына қарай үш түрлі қозғалтқыштың бірін таңдау еркіндігі бар.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

«Жаңа Cayenne бәрібір нағыз Porsche болып қала береді – жүрісі ширақ, іші жайлы әрі күнделікті айдауға таптырмас көлік. Электрлі жүйеге көшкенімен, оның мінезі өзгерген жоқ. Керісінше, қуаты артып, жүріс қоры көбейді. Қуаттау жылдамдығы мен жаңа цифрлық шешімдері оны мүлдем жаңа деңгейге көтеріп отыр», – деп атап өтті Porsche Kazakhstan директоры Гаухар Ғабдрахимова.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Техникалық мүмкіндіктеріне үңілсек, электрокардың барлық нұсқасы алдыңғы және артқы белдеуде орналасқан қос мотормен, сондай-ақ толық жетекті Porsche Traction Management жүйесімен жабдықталған. Ең жоғарғы Turbo Electric моделі марка тарихындағы ең қуатты көлік атанғанын жоғарыда айттық. Launch Control режимін қосқанда, ол 850 кВт (1156 ат күші) қуат пен 1500 Н·м айналу моментін береді. Орнынан жұлынып шығып, сағатына 100 шақырымдық жылдамдыққа жетуі үшін небәрі 2,5 секунд жеткілікті. Ал ең жоғары жылдамдығы сағатына 260 шақырыммен шектелген.

Салыстыру үшін айтсақ, қарапайым Cayenne Electric 408 ат күшін шығарып, «жүзге» 4,8 секундта үдейді (овербуст қосылғанда 442 ат күшіне жетеді). Ал орташа саналатын 666 ат күші бар Cayenne S Electric бұл межені 3,8 секундта бағындырады.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Енді көліктің ең маңызды бөлшегі – батареясына тоқталсақ. Оның сыйымдылығы 113 кВт·сағ құрайды. 800 вольтты жүйенің арқасында арнайы станцияларда көлікті 400 кВт-қа дейінгі қуатпен өте жылдам толтыруға болады. Яғни, батареяны 10 пайыздан 80 пайызға дейін көтеруге 16 минуттан аз уақыт кетеді. Ал небәрі 10 минуттық қуаттау сізге 325 шақырым жол жүруге жететін энергия береді. Сонымен қатар, тежегішті басқанда энергияны кері қайтаратын рекуперация жүйесі мұнда өте мықты жасалған. Оның тиімділігі сонша, нағыз Formula E жарыс көліктерімен терезе теңестіре алады.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Толық қуатталған көлік нұсқасына қарай 623 шақырымнан (Turbo) бастап 653 шақырымға (S нұсқасы) дейін емін-еркін жетеді. Ал купе пішінді Cayenne Coupé желге қарсы кедергісі аз болғандықтан, бұдан да үнемдірек – оның максималды жүріс қоры 669 шақырымды құрайды.

Жаңа көліктің іші де айтарлықтай кеңейген. Су жаңа құрылымның арқасында оның ұзындығы бензинді нұсқаға қарағанда 55 миллиметрге, ал дөңгелектерінің арақашықтығы 13 сантиметрге ұзарған. Бұл әсіресе артта отыратын жолаушыларға кеңістік сыйлайды. Жүк салатын орынның көлемі 781-ден 1588 литрге дейін өзгереді. Бұған қоса, капоттың астында 90 литрлік қосымша кеңістік тағы бар.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Жүріс бөлігіне келсек, қарапайым жиынтықтың өзінде соққыны жұмсартатын басқарылатын ауа жастықтары (адаптивті пневмоаспа) бар. Ал қымбат нұсқаларға Porsche Active Ride деп аталатын арнайы аспа орнатылады. Ол бұрылыста немесе шұңқырда көліктің қисаюын немесе теңселуін толықтай дерлік жояды. Қосымша ақы төлесеңіз, артқы дөңгелектері 5 градусқа дейін бұрылатын басқару жүйесін де орнатқызуға болады.

Салонға кірген бойда көзіңізге бірден үлкен экрандар түседі – бұл Porsche тарихындағы ең ауқымды дисплейлер. Ортадағы сәл иілген негізгі OLED-экран біртіндеп орталық басқару тақтасына ұласып кетеді. Рөлдің артында 14,25 дюймдік аспаптар панелі орналасса, алдыңғы жолаушының алдына да 14,9 дюймдік жеке экран қою мүмкіндігі қарастырылған.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Сыртқы пішіні өзіміз білетін танымал стилін сақтап қалғанымен, оның желге қарсы кедергісі әлдеқайда жақсарды. Көлік жіңішке әрі өте жарық матрицалық шамдармен, жақтаусыз есіктермен және ауа ағынын реттейтін ақылды бөлшектермен (жапқыштар мен спойлер) жабдықталған.

Алғашқы Cayenne Coupé Electric автосалондарға осы 2026 жылдың қыркүйегінде жетеді. Алайда, 12-16 тамыз аралығында өтетін Porsche Track Experience Kazakhstan шарасына қатысушылар бұл су жаңа көлікті Sokol автодромында кәсіби нұсқаушылармен бірге сынап көре алады.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Электрокарға тапсырыс беру үшін Алматы мен Астанадағы ресми Porsche орталықтарына бару қажет. Көп ұзамай сол жерде көлікті айдап көру (тест-драйв) қызметі де іске қосылады.