Бірінші модель – Type 964 шассиінің негізінде жасалған Classic Coupe. Көліктің көміртекті пластиктен (карбоннан) құйылған жеңіл шанағы шафран және кобальт-көк реңктеріне боялған. Автокөлікке алты сатылы механикалық беріліс қорабымен жұмыс істейтін, ауамен суытылатын алты цилиндрлі оппозитті қозғалтқыш орнатылған. Төбесіндегі арнайы әзірленген жүксалғыш Louis Vuitton шеберлерінің қолынан шыққан эксклюзивті шаңғы мен серфингке арналған ағаш тақтайды тасымалдауға арналыпты. Салон іші жоғары сапалы табиғи былғарымен қапталса, аспаптар тақтасынан Louis Vuitton-ның Швейцариядағы шеберханасында құрастырылған алмалы-салмалы механикалық сағатты байқауға болады.

Екінші модель – Louis Vuitton әйелдер топтамасының креативті директоры Николя Жескьердің қатысуымен әзірленген Classic Turbo Cabriolet. Бұл көлікте автомобильдің спорттық қуаты мен теңіз эстетикасы мінсіз үйлесім тапқан. Шанағы алтын түстес бөлшектері бар аппақ Calcaire Lutétien реңкіне боялған. Екі турбоүрлемі бар алты цилиндрлі оппозитті қозғалтқышпен жабдықталған кабриолет whale tail («кит құйрығы») стиліндегі артқы антиқанатқа ие болды. Ал артқа қарай ашылатын жүксалғыш бөлігі лакталған ағашпен көмкерілген.

Жаңа көліктермен қатар Louis Vuitton саяхатқа арналған арнайы аксессуарлар топтамасын да ұсынды. Олардың қатарында дәл осы Porsche модельдеріне арналып тігілген былғары күртешелер, жарыс костюмдері, қорғаныс шлемдері, Tambour Automatic сағаты мен жол сөмкелерінің жиынтығы бар.



