Қазіргі талғампаз қонақты тек дәмді аспен таңғалдыру қиын. Нағыз мықты мейрамхана дастарқандағы тағамымен қатар, сол астың айналасындағы ғажайып атмосферасымен де есте қалады. Кештің басты сәні сізді қалай қарсы алғанына, бокалға не құйылғанына және ертеңіне достарыңызға қандай әсермен бөлісетініңізге тікелей байланысты. Биылғы Tatler Best-in-Class 2026 марапаты отандық гастрономияны осындай жаңа деңгейге көтерген шеберлерге арналады. Жеңімпаздар тізіміндегі Akami-дің жапондық ұстамдылығы, AUYL-дың көшпелілерге тән еркіндігі немесе қалалық жылыжайдың табиғи өнімдері – мұның бәрі бір-біріне ұқсамайтын бөлек идеялар. Олардың бағыты мен стилі әртүрлі болғанымен, бәрінің басты мақсаты ортақ: қарапайым кешкі асты ұмытылмас оқиғаға айналдыру.
Restaurant of the Year – Akami
Алматы төрінде нағыз Жапонияның салиқалы да ұстамды атмосферасын сезіндіретін мәзірді алғашқылардың бірі болып осы Akami ұсынды. Сырт көзге қарапайым көрінген дүниенің астарында үлкен талғампаздық жататынын бұл ұжым өте жақсы түсінеді. Сондықтан мұндағы ең басты құндылық – табиғи өнім. Мәселен, теңіз кірпісін тек өз маусымы келгенде ғана дастарқанға шығарады. Балық пен теңіз өнімдерінің ең таңдаулысын ғана іріктеп алады. Түрлі соустар мен аспаздық тәсілдер тағамның табиғи нәзіктігін барынша ашып көрсету үшін ғана қолданылады. Бұл философия мейрамхананың әр бұрышынан, әсіресе омакасе кезінде (ас мәзірін толығымен шеф-аспаздың талғамына сеніп тапсыру дәстүрі) айқын байқалады. Көзге ұрмайтын жайлы интерьер мен сыпайы сервис те осы мақсатты көздейді: қонақ тек ішіп отырған асынан ғана ләззат алуы тиіс. Жапон гастрономиясының түпкі мәнін осылайша терең ұғынып, өз биігінен көріне білгені үшін Akami бас жүлде – Restaurant of the Year марапатын иеленді.
Мекенжайы: Құрманғазы көшесі, 66
https://maps.app.goo.gl/MgnNwLRaPCp9fFPt8?g_st=ic
Best New Restaurant and Best Design – Palomar
Алматыда 2025 жылы ашылған Palomar мейрамханасы тез арада өзінің қайталанбас әлемін құрып үлгерді. Бұл жерге кіргенде бірден Испанияның оңтүстігіне тап болғандай күй кешесіз. Руслан Закировтың тапас тіскебасарлары мен ортаға қойылатын тағамдары, бай шарап картасы және жағымды музыка түн ауғанша тарқамайтын думанды кештің атмосферасын сыйлайды. Келушілерді тағаммен қоса еліктіретін тағы бір дүние бар, ол – Андрей Лоташтың дизайны. Испан усадьбаларынан, Гауди сәулеті мен дәстүрлі кептерханалардан (palomares) шабыт алған ол кеңістікті әдемі аркалармен, өрнекті төбемен және құс торларымен ерекше безендірген. Ал қаланың шуын қалың бұталармен жасырып тұрған жасыл террасасы мүлдем бөлек әңгіме. Palomar – биылғы жылдың ең сәтті жобасы. Мейрамхананың ас мәзірі қандай тамаша болса, әр бұрышын тамашалай бергің келетін кеңістігі де сондай ғажайып. Дәл осы ерекшелігі үшін ол бірден қос жүлдені – Best New Restaurant және Best Design марапаттарын қанжығасына байлады.
Мекенжайы: Абылай хан даңғылы, 92А
https://maps.app.goo.gl/ZZ5QDaS524UFY8CE6?g_st=ic
Best Innovation – AUYL
Инновация көбіне ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрге жаңаша қарау арқылы дүниеге келеді. Заманауи гастрономияда «неономадтық асхана» деген жаңа бағыт бар. Осы бағытты алғашқылардың бірі болып дәл осы AUYL жобасы іс жүзінде көрсетті. Руслан Закировтың мәзірі көшпелілер тұрмысындағы ең қарапайым өнімдерге – су, ұн және етке құрылған. Дайындау тәсілдері де таныс: ашық от, қазан, мангал және тандыр. Мұндағы қарапайым дәстүр жаңа аспаздық эксперименттердің қайнар көзіне айналады. Бұл көзқарас мейрамхананың ғимаратының әр бұрышымен үндесіп жатыр. Қолөнер бұйымдары, қазақстандық суретшілердің туындылары, жарық пен дыбыс үйлесімі, сондай-ақ ашық асүй кез келген кешкі асты нағыз перформансқа айналдырады. AUYL өткенді жаңғыртып, оған жаңа өмір сыйлай білгені үшін Best Innovation аталымында үздік деп танылды.
Мекенжайы: Керей-Жәнібек хандар көшесі, 586
https://maps.app.goo.gl/u9YqEqVTgCj7RryK6?g_st=ic
Best Service – Selfie
Жақсы қызмет бірден көзге түседі. Ал мінсіз сервистің қалай көрсетіліп жатқанын тіпті аңғармай қаласың. Астана гастрономиясының беткеұстарына айналған Selfie мейрамханасы осы алтын ережені беске біледі. Мұндағы даяшылар дәл қажет кезде қасыңнан табылады, үстел басындағы әрбір өзгерісті қалт жібермей қадағалап, қонақтың жеке кеңістігін сақтауды өте жақсы меңгерген. Барлығы өлшеммен жасалады: тек шынайы құрмет пен орнықты қызмет көрсетуге басымдық берілген. Бұған ашық асүйді, елорданың көз тартар панорамасын және заманауи авторлық мәзірді қосыңыз. Мейрамхананың жылдар бойы өз беделін биік ұстап келе жатқаны осыдан-ақ көрінеді. Мұндағы ұжым кештің мінсіз өтуіне тікелей жауап береді. Осындай орнықты қызметі үшін Selfie мейрамханасы Best Service марапатын иеленді.
Мекенжайы: Достық көшесі, 16, Астана
https://maps.app.goo.gl/7ziZEoPA14RigmWt9?g_st=ic
Rising Star – Инга Макогон
Rising Star (жас жұлдыз) марапаты болашағынан зор үміт күттіретін, әлеуеті мықты тұлғаларға беріледі. Дәл қазір олардың шығармашылығын бақылау кімге де болса өте қызық. Инга Макогон FIKA жобасының айналасында маусымдық өнімдерге, қарапайымдылыққа және өмірдің әр сәтінен асықпай ләззат алуды көздейтін скандинавиялық рухқа негізделген жеке философиясын қалыптастырып үлгерді. Оның гастрономияға деген құштарлығы бір ғана дәмхана шеңберінен әлдеқашан асып түскен. Биылғы жазда FIKA командасы Messa жобасымен бірігіп, қала ішіндегі жылыжайда орналасқан [baq] мейрамханасын ашты. Мұнда көкөністер мен жидектер бақшадан үстелге тікелей жеткізіледі. Инганың жобалары таза өнімді, жайлы ортаны және шынайылықты алдыңғы орынға қояды. Қалалық гастрономияға деген осындай таза көзқарасы үшін Инга Макогон «Rising Star» марапатын жеңіп алды.
Best Sommelier – Денис Капралов
Денис Капралов үшін шарап – өз алдына бөлек әлем, дербес эмоция. Ол Астанадағы Eva мейрамханасында жұмыс істейді. Мұнда елордадағы ең бай шарап карталарының бірі жинақталған, мәзірде сусынның 950-ге жуық түрі бар. Сусындар бұл жерде дәстүрлі географиялық аймақтар бойынша жіктелудің орнына, тікелей жүзім сорттарына қарай топтастырылған. Бұл қонақтарға өз таңдайларына жағатын жаңа дәмдерді тезірек ашуға көмектеседі. Денистің айтуынша, қазіргі адамдар әр бөтелкенің тарихын тереңірек біліп, жаңа дәм татып, оның дәл сол бокалға құйылу себебін түсінуге құштар. Сол себепті оның дегустациялары түрлі бокалдармен жасалатын эксперименттерге және күтпеген гастро-үйлесімдерге толы нағыз шоуға ұласады. Мұндағы басты мақсат – қонақтың шынайы қызығушылығын оятып, әр жұтымның қадірін түсіндіру. Осы шеберлігі үшін ол Best Sommelier жүлдесіне лайық деп танылды.
Best Pastry Chef – Нариман Әбдіғаппаров
Нариман Әбдіғаппаров Барселонадағы Espaisucre және Франциядағы École Ducasse сияқты беделді мектептерде білім алған, ал бүгінде The Ritz-Carlton, Almaty қонақүйінің десерттеріне тікелей жауапты. Оның бай халықаралық тәжірибесінің астарында «десерт ең алдымен қуаныш сыйлауы тиіс» деген қарапайым ғана қағида жатыр. Нариман өз стилін неоклассика деп атайды: ол ваниль, карамель немесе маусымдық жидектер сияқты бәрімізге таныс дәмдерді алып, олардан жаңа әсер тудырады. Кейде бұл үшін тосын тәсілдерге жүгінеді. Мысалы, кәдімгі құлпынайды жапондық робата-грильде қақтайды, кілегейді ыстайды, жалпы жоғары гастрономияның техникаларын кондитерлік өнерге батыл пайдаланады. Оның түсінігінше, кез келген эксперимент тек шынайы ләззат пен таңданыс әкелген кезде ғана өз мақсатына жетеді. Жоғары шеберлік пен шынайы ләззаттың арасындағы осы нәзік тепе-теңдікті дәл тапқаны үшін Нариман Әбдіғаппаров Best Pastry Chef марапатын иеленді.
