Жақсы барға жұрт ерекше эмоция мен ғажайып көңіл күй іздеп барады. Кез келген орынға қайта оралу үшін коктейльдің дәмінен гөрі, жанды баурайтын атмосфера керек. Сондықтан биыл Алматының ең таңдаулы барлары қонақтарға мүлдем бөлек, қайталанбас әлем сыйлауға көшті. Бірі есіктен аттаған сәтте алдыңыздан 1960 жылдардағы ескі Миланның бейнесін ашса, екіншісі коктейль дайындауды нағыз зертханалық қойылымға айналдырады. Ал енді бірі сусынның құрамын құпия сақтап, оны тек сүйікті фильміңіздің атауына қарап таңдауды ұсынады. Осындай тың идеяларымен тұтас бар мәдениетін алға сүйреп жүрген биылғы жылдың басты жобаларын Tatler Best-in-Class 2026 марапаты аясында іріктеп алдық.
Bar of the Year and Best Design – Gruppo 63
Gruppo 63 барына келу үшін арнайы шараны немесе мерекені күтудің қажеті шамалы. Бұл орын қонақтарды өзінің тұрақты әрі жайлы атмосферасымен баурап алады. Дәл осы бірқалыпты, таныс ырғақ адамдарды мұнда қайта-қайта оралуға итермелейді. Кеңістіктің өзі 1960-1970 жылдардағы ескі Миланның сән-салтанатын еске түсіреді. Айналаңыз толығымен Федерико Феллинидің «8½» фильміндегі эстетикаға тұнып тұр: күңгірт жарық, әуезді музыка және дастархан басындағы ұзақ әңгімелер. Мұндағы ең басты кейіпкер – әрқашан қонақтың өзі. Сол қонақтардың көңіл күйіне қарай декорациялар күн сайын жаңаша түрленіп отырады. Осындай қайталанбас әлемі мен мықты дизайны үшін Gruppo 63 бірден қос жүлдені – Bar of the Year және Best Design марапаттарын қанжығасына байлады.
Мекенжайы: Назарбаев даңғылы, 220/3
https://maps.app.goo.gl/URd3WSbH9jYhfjB5A?g_st=ic
Best New Bar – Atelier
Жаңа бардың ел ішінде танылып, тұрақты қонақтарын табуына әдетте біраз уақыт керек. Ал Atelier бұл биікті бірден бағындырды. Өзі шағын ғана, бірақ өмірі қайнап жатқан бұл орын бүгінде Алматыдағы бар мәдениетінің жүрегіне айналды. Адамдарды мұнда тек коктейльдің дәмі емес, «бүгін осы жерде бір жаңалық болады» деген ерекше сезім жетелеп әкеледі. Шетелден арнайы келетін бартендерлер, жиі өтетін түрлі кештер мен коллаборациялар кеңістікті үнемі жандандырып тұрады. Осындай толассыз оқиғаларға қарамастан, Atelier өзінің алғашқы болмысын сақтап, әр жолы жаңа қырынан ашыла түседі. Өз жұмысын осылайша сенімді бастап, отандық бар саласында айқын қолтаңбасын қалыптастырған бұл жоба Best New Bar марапатын иеленді.
Мекенжайы: Уәлиханов көшесі, 47
Best Innovation – Adept Cocktail Bar
Заманауи бардағы ең қызық әрі күрделі эксперименттер көбіне қонақтың назарынан тыс қалады. Adept Cocktail Bar ұсынатын бір ғана бокал сусынның артында ұзақ дайындау процесі жатыр. Шеберлер мұнда дистилляция, экстракция жасап, дәм мен хош иісті нағыз зертханалық дәлдікпен басқарады. Олар дәмді ашудың мүлдем жаңа тәсілдерін тауып, технологияларды шеберлікпен қолданады. Алайда Adept ұжымы бар назарды күрделі процестің өзінен гөрі, бокалдағы мінсіз нәтижеге аударады. Келушіге сусынның неше күн дайындалғанын білуден гөрі, оның ғажайып дәмі маңыздырақ. Миксологияға деген терең зерттеушілік көзқарасы үшін Adept Cocktail Bar биыл Best Innovation марапатын жеңіп алды.
Мекенжайы: Самал-3, 25
https://maps.app.goo.gl/Q28N8MHFa9DftxR4A?g_st=ic
Best Service – Lilou Bar
Lilou – үнемі түрленіп отыратын, әр келген сайын жаңа әсер сыйлайтын орын. Кей күндері мұнда диско әуені қосылады. Мұндай сәтте өзіңізді кештің жұлдызы сезініп, еріксіз билей жөнелесіз. Келесі жолы винил ойнайды, сол сәтте көңіл күй сабасына түсіп, жайлы әңгімеге көшесіз. Ал жазда бүкіл өмір кең террасаға ауысып, уақыттың қалай өткені де байқалмайды. Көңіл күйді жиі өзгерткенімен, Lilou өз болмысына әрдайым адал. Осылайша музыка, коктейльдер және жиналған қауым бірлесе отырып, орынның қайталанбас аурасын қалыптастырады. Осындай атмосфераның арқасында бардың тұрақты қонақтары да тез көбейіп келеді. Ал сырт көзге өте еркін көрінетін осы жайлылықтың артында мінсіз қызмет жатыр. Мұндағы сервис әрқашан мұқият, сенімді әрі шынайы құрметке құрылған. Дәл осы ерекшелігі үшін Lilou Bar биыл Best Service жүлдесіне лайық деп танылды.
Мекенжайы: Керей-Жәнібек хандар көшесі, 32, Астана
https://maps.app.goo.gl/GhvV95ixpJZ7AEMD6?g_st=ic
Rising Star – Дарья Бежина (Сё-Сё)
Дарья Бежина өте күрделі дүниелерді барынша жеңіл әрі ойын түрінде жеткізудің хас шебері. Ол Георгий Кучеренкомен бірге Көкбазар маңынан атауы жасырын, шағын «Сё-Сё» азиялық дәмханасын ашты. Кезінде бұл орынның алкогольсіз сусындар топтамасы әлемге әйгілі The World’s 50 Best Bars рейтингі бойынша ең тапқыр 8 мәзірдің қатарынан табылған болатын. Команданың келесі жобасы – «Кинотерапия» да жұрт арасында үлкен резонанс тудырды. Мұнда барлығы 11 коктейль бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір фильмге арналған. Авторлардың пікірінше, бұл туындылар қажет кезде адамның жан дүниесіне ерекше әсер етеді. Сусынның құрамы мен дәмі толығымен құпия сақталады. Қонақтар тапсырысты тек фильмнің атауына және сол сәттегі көңіл күйіне қарап жасайды. Осылайша Дарья бар картасын жай ғана сусындар тізімінен алып шығып, оны қонақпен өмірдегі маңызды дүниелер туралы тілдесудің ерекше құралына айналдырды. Өз ісіне деген еркіндігі, шексіз қызығушылығы және заманауи бар мәдениетіне деген авторлық көзқарасы үшін Дарья Бежина Tatler Best-in-Class 2026 – Rising Star марапатын жеңіп алды.
