Германия астанасындағы техно-кештерден кейін қарныңыз ашатыны анық, сондықтан шаһардың ең дәмді тамақ ұсынатын жерлері туралы топтаманы қабыл алыңыз.
Tatler-Гид аясында біз сіздермен Берлин көшелерінде сейіл құрмақпыз. Бұл жолы диджей Балжан Бекенова мен оның жары, Lure Berlin продюсері Хуго Хаймпельдің сүйікті орындарын шолып шығамыз. Олар Берлиндегі ең дәмді шницель қайда екенін, қай жерден қытай десерттерін табуға болатынын және қолжетімді сушиді қайдан іздеу қажет екенін айтып берді. Ал ретрокөлікті ұнатқандар үшін көне трамвай депосында орналасқан винтаж көліктер орталығы жайлы құпияны ашамыз.
Gasthaus Alt Wien
Берлиндегі ең керемет шницель мен дәмді сыра осы австриялық мейрамханада. Атмосферасы жайлы орын дәстүрлі тағамдардың түр-түріне бай.


Classic Remise
Көне трамвай депосында орналасқан винтаж автокөліктер орталығына қош келдіңіз! Ескі фильмдердегі темір тұлпарларды ұнатсаңыз, осы жерге ат басын бұрыңыз!


Funky Fisch
Теңіз тағамдарына арналған мейрамхана. Мұнда тек жаңа әрі ерекше мәзір ұсынылады.


Ishin
Берлиндегі ең дәмді сушилерді осы жерден табасыз. Бағасы да, сапасы да көңілге қонымды.


Keyu Café
Қытай десерттерін ұсынатын кофехана. Мұнда бингсу, қытай печеньесі мен матча торттарынан ләззат алуға болады.


Larb Koi
Үйдегідей жайлы атмосферасы бар айрықша тай мейрамханасы.


Theke
Бұл жер – шағын һәм жайлы неміс асханасы, ал тағамдарының деңгейі мейрамханалардағыдай.


Trio
Заманауи әрі дәстүрлі неміс тағамдары үйлескен мейрамхана. Мұнда классикалық тағамдарға заманауи реңк берілген.


Kink
Пренцлауэр-Берг ауданындағы сырахана 50 Best Discovery тізіміне енген. Мұнда жоғары деңгейдегі ас мәзірі, еркін атмосфера және ерекше коктейльдер бар.


Gazzopizza
Дәмі тіл үйірер пиццасымен танымал бұл жердің тағы бір ерекшелігі бар. Ол – енеке сүтінен жасалған балмұздақ. Оған тағы зәйтүн майы мен теңіз тұзы қосылады. Дәмі сәл-пәл тұздалған карамельге ұқсайды.


Manufactum
Ретро стильді, бау-бақша мен үй жайлылығын жақсы көретіндерге арналған сүйкімді дүкен. Мұнда наннан бастап, бақша құралдары, шамдар мен велосипедтер де – бәрі табылады.


Ora
Кройцбергтің дәл ортасында орналасқан, XIX ғасырдағы дәріхана ғимаратында ашылған Берлиндегі ең әсерлі мейрамханалардың бірі. Мәзірдің негізі – жергілікті өнімдер.


