Dining|Food

Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

Автор Егор Ходаков
27.11.2025
Instagram @qazaqcoffee
IMAGE Instagram @qazaqcoffee
Амстердам, Польша, Чикаго және Лондонда орналасқан қазақ асханасынан дәм татуға болатын мейрамханалар жайлы оқи отырыңыз

Жыраққа кеткенде әр адам өз Отанының асханасын аңсайды. Әсіресе қазақ тағамдарына үйренген қазақстандықтар үшін ұлттық асханадан алыстау қиынға соғатыны рас. Себебі кез келген жерде қазы-қартасы мол беcбармақ, ыстық бауырсақ пен қаймақ қосылған шай табыла бермесі анық. Біз шетелде орналасқан, қазақтың дәстүрлі тағамдарын ұсынатын үздік мейрамханаларды жинап, мақала жаздық.

Brasserie Favorite

Мекенжайы: 15 Rue Chimay, 1333, Люксембург

Люксембургтің қақ ортасында жайғасқан шағын әрі жайлы брассери. Мұнда грузин және қазақ халқының дәстүрлі тағамдары сүйіспеншілікпен әзірленіп, қонақтар шынайы қазақ қонақжайлығымен, жылы шыраймен қарсы алынады. Мәзірде сиыр еті мен асқабақ қосылған самса, қолдан жайылған қамырдан жасалған мәнпар, сиыр етінен мәнті және, әрине, жылқы еті қосылған бешбармақ бар. Десерттердің арасынан қазақстандықтардың сүйіктісіне айналған «Наполеон» мен «Медовик» тәттілерін табасыз. Дәстүрлі қазақ сусындары ұсынылмағанымен, құйылмалы сыраның, сондай-ақ грузин лимонадының, шарап пен чачаның дәмін татуға болады.

Brasserie Favorite | brasseriefavorite.site
IMAGE Brasserie Favorite | brasseriefavorite.site
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

Almaty

Мекенжайы: 29 Dimitri Uznadze St, Тбилиси

Тбилисидегі алғашқы қазақ мейрамханасы. Оның мейірімді қожайыны мұнда нағыз үй атмосферасын жасай білген. Ұлттық киімдер, ыдыс-аяқтар, музыкалық аспаптар және басқа да декор элементтері ерекше көңіл-күй сыйлайды. Мұнда көже, жылқы етінен бешбармақ, ет пен асқабақ қосылған мәнті, нәрлі сорпа, қуырдақ және самсадан дәм татуға болады. Келушілер «Алматы» шайын ішуге, оған қоса бауырсақ пен шәк-шәк алуға кеңес береді. Айтпақшы, бұл жерден әйгілі «Қазақстан» шоколадын да сатып алуға болады.

Almaty Tbilisi
IMAGE Almaty Tbilisi
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

TOI Danang

Мекенжайы: 157 Bà Huyện Thanh Quan, P. Mỹ An, Ngũ Hành Sơn, Đà Nẵng 550000

Данангтағы қазақ тағамдары ұсынылатын жалғыз мейрамхана. Оны ақтөбелік жігіттер ашқан. TOI Danang үй тамағы секілді қарапайым әрі дәмді асқа басымдық береді. Мұнда сорпа, сиыр етінен мәнті, кәуап, қолдан созылған кеспеден дайындалған лағман және ашық отта пісірілген палау ұсынылады. Сонымен қатар TOI Danang-та жаңа піскен ыстық күлшелер, ал сусындардан айран мен үй компоты бар. Келушілер мейрамханаға ертерек келуге кеңес береді, себебі кешке қарай танымал тағамдар жиі таусылып қалады.

TOI Danang
IMAGE TOI Danang
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

Bazaar

Мекенжайы: Herentalsebaan 81, 2150 Borsbeek, Антверпен

Орталық Азияның тіл үйірер дәмін іздеген қонақтар Bazaar-ға Еуропаның түкпір-түкпірінен арнайы келеді. Қазақ тағамдарынан сорпа, қуырдақ, мәнті, сірне, бешбармақ, бауырсақ және сиыр еті мен қозықұйрық саңырауқұлағынан дайындалған «Алма-Ата» салаты бар. Сонымен қатар мұнда дәстүрлі тәсілмен тандыр нан пісіріледі. Интерьері де ерекше: тапшандар, шығыс стиліндегі аспашамдар, өзбек текстилі және ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтар көз тартады.

Bazaar | Instagram @restaurant_bazaar
IMAGE Bazaar | Instagram @restaurant_bazaar
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

Bistrò Alma’Ta

Мекенжайы: Via XX Settembre, 34/A, 33080 Roveredo in Piano PN

Италиядағы алғашқы шағын қазақ мейрамханасы. Оның негізін кезінде ТМД басшыларына итальян шараптарының дегустациясын ұйымдастырған сомелье Эльмира Бердиярова қалаған. Мейрамхана форматы шарап бары мен мейрамхана тұжырымдамасын біріктіреді. Мәзірде «Оливье», мәнті, палау, тұшпара, чебурек, бауырсақ және басқа да тағамдар бар. Тағамдар итальяндықтардың талғамына бейімделіп, сәл өзгертілген рецептурамен және ерекше сәндеумен ұсынылады. Сондай-ақ Bistrò Alma’Ta мейрамханасында жүйелі түрде дегустациялық кештер мен тақырыптық (мысалы, Наурыз мерекесіне арналған) кешкі астар өтіп тұрады.

Bistrò Alma’Ta | Bistrò Alma’Ta
IMAGE Bistrò Alma’Ta | Bistrò Alma’Ta
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

Jurta

Мекенжайы: ul. Piramowicza 10, Łódź, Польша 90-254

Jurta – отбасылық шағын мейрамхана, Польшаның Лодзь қаласында орналасқан. Оны 2018 жылы Алматының тумасы Андрей Водопьянов ашқан. Шетелде жүріп, қазақ тағамдарына деген сағынышы осындай кәсіп бастауға итермелепті. Мейрамхананы ашу үшін екі жылдай уақыт қажет болған. Интерьердің көп бөлігі қолдан жасалған, ал ұлттық стильдегі жастықтардың маталары арнайы Қазақстаннан әкелінген. Jurta иелері жобаға жанын салып, жүрек жылуын сіңіргенін бірден байқайсыз. Ас үйдің бас аспазы – Андрейдің әкесі. Ол 1980 жылдары қазақ офицерлеріне тағам әзірлеген тәжірибелі маман. Jurta мейрамханасында сорпа, жылқы етінен жасалған беcбармақ, мәнті, бауырсақ және шығыс тәттілері секілді тағамдар ұсынылады.

Jurta | Instagram @jurta_restauracja
IMAGE Jurta | Instagram @jurta_restauracja
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

Qazaq Coffee

Мекенжайы: Zeilstraat 45-H, 1075SC, Амстердам

Алматылық Талғат Аубакиров 2022 жылы Амстердамға көшіп, 2023 жылдың маусым айында Qazaq Coffee спешиалти кофеханасын ашты. Бұл жер Амстердам үшін ерекше әрі сирек кездесетін тұжырымдамаға ие. Мұнда қазақ асханасы, қонақжайлығы мен дәстүрі үйлесім тапқан. Кофеханада қазақша шай, кардамон, қалампыр, зімбір және даршын қосылған тәтті шай, қоюландырылған сүт қосылған «жаңғақ» печеньесі мен вафель түтікшелері ұсынылады. Сондай-ақ мұнда QC House Blend арнайы кофесі сатылады, оны әзірлеуге Талғаттың достары көмектескен.

Qazaq Coffee | Instagram @qazaqcoffee
IMAGE Qazaq Coffee | Instagram @qazaqcoffee
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

NOWRUZ

Мекенжайы: 41 York Street, Twickenham TW1 3LP, Лондон

NOWRUZ – әйелдер басқаратын кәсіп. Бұл мейрамхана 2024 жылдың маусым айында ашылған. Оның тұжырымдамасы Орталық Азиядағы дәстүрлі шайханалар мен Наурыз мейрамының рухынан шабыт алған. Қожайыны бала кезінен Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінде саяхаттап, сол аймақтардың тағамдарына ерекше қызығушылық танытқан. NOWRUZ мейрамханасында қазақ, өзбек, тәжік және ауған тағамдары ұсынылады. Мұнда мәнті, өзбек палауы, лағман, кәуап, самса, чебурек секілді тағамдарды табасыз. Сонымен қатар мәзірге бас аспаз әзірлеген арнайы десерттер кіреді әрі олар апта сайын жаңартылып отырады.

NOWRUZ | Instagram @nowruz.london
IMAGE NOWRUZ | Instagram @nowruz.london
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

Tary

Tary – қазақтың ұлттық колоритін сақтаған кофеханалар желісі. Олар Қазақстаннан бөлек, Чикаго, Мәскеу және Ташкентте жұмыс істейді. Қазақтың көне тағам дәстүрлерін жаңғырту және жаңа дәмдер әзірлеу – желінің басты мақсаты. Мысалы, мұнда тарыдан жасалған балмұздақ ұсынылады. Tary мәзірін этнограф-ғалым Әйгерім Мұсағазинова көне халықтық рецептер негізінде әзірлеген.

Бұл кофеханадан таңғы асқа «майсөк» пен мусс жеуге болады, ал жеңіл тамақ ретінде «ми палау», яғни мидан дайындалған палау ұсынылады. Бірінші тағам ретінде ақ сорпа (жылқы етінен дайындалған көже), негізгі мәзірден балғын қуырдақ алуға болады. Десертке ірімшік қосылған кәмпиттер мен вафли түтікшелері ұсынылады. Ал сусындардың ішінде қымыз, саумал, тары қосылған капучино және түрлі жеміс және дәмдеуіштермен дайындалған шайлар бар.

Tary | Instagram @tar.coffee
IMAGE Tary | Instagram @tar.coffee
Шетелдегі қазақ тағамдарының мейрамханалары

Sandyq

Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының мәдени орталығының қабырғасында «Sandyq» атты бірегей мейрамхана-мұражай өз есігін ашты. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жеке брендтің Мәдениет министрлігімен алғашқы ресми ынтымақтастығы. Осы бірегей жобаның арқасында мәдени орталық енді жаңа мазмұнға ие болды: мұнда баға жетпес жәдігерлермен қатар, ұлтымыздың «тірі жәдігерлерін» – дәстүрлі тағамдарын, сазды әуендерін және көз тартар ұлттық киімдерін де тамашалауға болады.

«Біздің сенімімізше, қазақтың бай асханасы, дархан даланың қонақжайлылығы және мәдени мұрамыз – еліміздің басты брендіне айнала алады. Бұл – Қазақстанға деген құрмет пен қызығушылықты оятатын біздің «жұмсақ күшіміз"», – деп жоба негізін қалаушылар өз ойларымен бөлісті.

Бұл – үлкен істің алғашқы қадамы ғана. Жоба авторлары мұнымен тоқтап қалмай, енді Шанхай мен Сингапурды да бағындыруды жоспарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағаты
Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағаты

Yurt

Осы желтоқсанда Гонконг төрінде Орталық Азия асханасының алғашқы заманауи мейрамханасы өз есігін айқара ашпақ. Жобаның басында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан жиналған команда тұр. Мейрамхана толығымен «халал» бағытын ұстанады.

Yurt өз қонақтарына дегустациялық мәзір мен негізгі тағамдарды қатар ұсына отырып, Орталық Азия дәмін толық сезінуге мүмкіндік береді. Мейрамхананың басты тағамы – әрине, бешбармак.

Foodie басылымында жарияланған команданың мәлімдемесінде: «Бұл ұстаным – мейрамхана болмысының іргетасы. Ол мәдени шынайылықты сақтай отырып, Орталық Азияның шай ішу дәстүріндегі шөптер мен шайдың нәзік дәмдерін мінсіз үйлестіруге мүмкіндік береді», – делінген.