Dining|Food

Қазақстандық төрт жоба 50 Best Discovery халықаралық гидіне енді

АвторыTatler Kazakhstan
16.07.2026
Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан
Қазақстандық бірнеше жоба беделді The World's 50 Best Discovery халықаралық гидіне енді. Бұл тізімді әлемге әйгілі The World's 50 Best Restaurants, The World's 50 Best Bars және The World's 50 Best Hotels рейтингтерінің авторлары жасайды

The World's 50 Best бренді гастрономия әлеміндегі ең беделді халықаралық жүйелердің бірі саналады. Мейрамхана бизнесінде бұл рейтинг атақты Michelin гидімен қатар тұрса, коктейль барлары мен сусын дайындау өнерінде The World's 50 Best Bars әлемдік басты бағдар рөлін атқарады. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік: бұл тізімге ілігу – аспаздар мен бармендер үшін кино әлеміндегі «Оскар» сыйлығын алғанмен тең. Ал Discovery номинациясына әлемдік индустрияның 1100-ден астам сарапшысы (шеф-аспаздар, миксолог-бармендер, рестораторлар, сыншылар мен гастрономиялық саяхатшылар) жоғары баға берген мейрамханалар, коктейль барлары мен қонақүйлер кіреді.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Биыл The World's 50 Best Discovery тізімін Алматының төрт бірдей жобасы толықтырды: «Сё-Сё» мейрамханасы, сондай-ақ «Домашний», Yellow Door және French 42 коктейль барлары. Осыдан біраз жыл бұрын бұлай болады деп елестетудің өзі қиын еді. Өйткені халықаралық гастрономиялық кеңістікте Қазақстанның аты өте сирек аталатын, ал әлемдік бар индустриясының мықты мамандары елімізге мүлдем ат ізін салмайтын.

Жағдайдың оң бағытқа өзгеруіне Арина Никольская жетекшілік ететін Shift Project жобасы үлкен үлес қосты. Осы платформаның арқасында бір жылдың ішінде ғана Қазақстанға 30-дан астам шетелдік маман – әлемнің ең үздік коктейль барларының иелері, танымал гастрономиялық жобалардың авторлары мен сарапшылары келіп қайтты.

Осындай жүйелі еңбектің ең жарқын мысалы ретінде «Домашний» барын атап өтуге болады. Басқалар сияқты әлемдік нарық бізді қашан байқайды деп қол қусырып отырмай, олар халықаралық байланысты өздері орнатып, жергілікті қауымдастықты дамытуға өз қаражатын жұмсады. Shift Bartender Community-мен бірлесіп, олар Almaty Bar Shift білім беру жобасын іске қосты да, Алматыға әлемнің жетекші бармендерін, сарапшыларын шақырды. Мұндағы барлық іс-шара ірі халықаралық желілердің көмегінсіз, тек команда мен серіктестердің өз күшімен ұйымдастырылып келеді.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан
Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Оған қоса, соңғы бір жылда Shift Project аясында «Сё-Сё» және «Домашний» командалары ауқымды білім беру бағдарламаларына, арнайы қонақ ретіндегі кештерге қатысып, Қазақстанды 15-тен астам елде таныстырды. Бір жылдың өзінде «Домашний» Ташкент, Бішкек, Париж, Милан, Флоренция, Салоники, Белград, Афина, Братислава және Еуропа мен Орталық Азияның басқа да қалаларында ондаған халықаралық коллаборация өткізді. Команданы арнайы шақырған алаңдар қатарында Париждегі The Cambridge Public House (The World's 50 Best Bars тізімінде 20-орын), Миландағы Moebius (7-орын), Флоренциядағы Gucci Giardino (99-орын), Салоникидегі Purovōku Project (50 Best Discovery), Братиславадағы Sky Bar (50 Best Discovery), Белградтағы Riddle Bar (Top 500 Bars), Пизадағы Jeffer (Top 500 Bars) және Florence Cocktail Week бар.

Ал «Сё-Сё» командасы үшін The World's 50 Best Discovery тізіміне ену – The World's 50 Best тарапынан берілген кезекті халықаралық үлкен баға. Осыған дейін Қазақстанның аты бұл жобаларда небәрі екі рет қана аталған еді, әрі ол екі жетістік те дәл осы команданың еншісінде. 2023 жылы жобаның негізін қалаушылардың бірі Георгий Кучеренко «Огонёк» барына арнап ең үздік сусын мәзірін жасағаны үшін халықаралық деңгейде танылса, 2025 жылы «Сё-Сё» мейрамханасының бейбітшілік тақырыбы мен сегіз үміт символына арналған алғашқы алкогольсіз коктейль картасы The World's 50 Best Bars нұсқасы бойынша әлемдегі ең жаңашыл сегіз сусын мәзірінің бірі деп танылды.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Бұл атқарылған жұмыстың барлығы жекелеген жобаларды дамытуды ғана көздеген жоқ. Оның басты мақсаты – қазақстандық заманауи гастрономия нарығына деген әлемдік тұрақты қызығушылықты ояту еді.

«Бұл Қазақстан үшін жекелеген жобалардың табысынан әлдеқайда үлкен дүние. Бірден бірнеше тәуелсіз команда халықаралық деңгейде мойындалып жатса, бұл әлемнің Қазақстанды толыққанды гастрономиялық орталық ретінде қабылдай бастағанын білдіреді. Мұндай нәтижеге тек ұзақмерзімді халықаралық байланыс орнатып, тұтас кәсіби қауымдастықты дамытуға арналған жүйелі еңбектің арқасында ғана жетуге болады», – дейді Shift Project жобасының негізін қалаушы Арина Никольская.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан
Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

«Домашний» коктейль барының негізін қалаушылар Самат Усманов пен Санжар Қадірбеков те өз ойларын ортаға салды: «Жұмысты жаңа бастағанда рейтингтерге кіруді мақсат еткен жоқпыз. Бірақ тоқтаусыз еңбектеніп, тәжірибе алмассақ, Алматыға ең мықты мамандарды шақырып, еліміздің атын шетелде өзіміз таныстырсақ, ерте ме, кеш пе әлем бізге назар аударатынына сендік. Біз үшін 50 Best Discovery тізіміне ену – тек өз командамыздың ғана емес, тұтас қазақстандық индустрияның еңбегінің жанғаны».

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан
Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Халықаралық деңгейдегі мұндай жоғары баға мекемелердің бастапқы бағыт-бағдарын өзгерткен жоқ. Мәселен, 2022 жылы есігін айқара ашқан «Домашний» бары үшін қазіргі трендтер мен стандарттар емес, адамдар мен олардың жеке тарихы әрқашан бірінші орында тұратын ерекше мекен болып қала бермек.