Қазақтың ұлттық дәмдерін әлемге танытуды жалғастырған Sandyq Group компаниясы Шанхайда жаңа Camelccino by Sandyq кофеханасын ашып, мәзірдің басты жұлдызы ретінде түйе сүтінен дайындалған капучиноны ұсынып отыр.

Ағылшынның camel (түйе) және cappuccino сөздерінің бірігуінен туындаған бұл сусынның негізінде кәдімгі кофе жатқанымен, мұнда сиыр сүтінің орнына қазақтың гастрономиялық мәдениетінде ертеден ерекше орын алатын түйе сүті қолданылады. Осылайша дәстүрлі өнімді заманауи кофехана форматына бейімдеген бұл жоба қытайлық аудиторияның ерекше қызығушылығын оятуда.


Хуанпу ауданындағы Дунмэнь көшесі, 168 мекенжайында орналасқан бұл орын компанияның аспанасты еліндегі екінші гастрономиялық жобасы болып саналады. Осыған дейін олар Пекинде қонақтарды ұлттық асханамен таныстыратын Sandyq мейрамханасын ашқан болатын.


Ендігі кезекте қытайлық аудитория қазақ гастрономиясымен екі түрлі форматта таныса алады. Яғни жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары Пекинде толыққанды кешкі ас ішіп қана қоймай, Шанхайда түйе сүтінен жасалған ерекше кофеден дәм татып, қазақ асханасының өзге де тағамдарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

