Францияда жексенбіден дүйсенбіге қараған түні ақылға қонымсыз оқиға орын алды. Le Parisien басылымының хабарлауынша, ұрылар түн жамылып әйгілі ұлу фермасына түсіп, ол жақтан 450 келі өнімді жымқырып кеткен.
Ферма иесі Жан-Матье Доверньнің айтуынша, қылмыскерлер нағыз кәсіби мамандарша әрекет еткен. Олар қоршауды қиып, есікті бұзып кірген және қозғалыс датчиктерін істен шығарған.
Ұрланған деликатестің жалпы құны 104 мың долларға бағалануда. Салыстырмалы түрде айтсақ, су жаңа Porsche 718 көлігінің бағасы 98 мың доллар тұрады. Алайда мәселе тек шығын көлемінде емес. Ұрлықтың мереке қарсаңында орын алуы жағдайды ушықтырып отыр, өйткені ұлулардың бір бөлігіне мейрамханалар алдын ала тапсырыс беріп қойған еді.
Довернь фермасы – жоғары деңгейлі мейрамханалардың, әсіресе Реймстегі мишлендік Domaine les Crayères-тің таптырмас серіктесі. Осы оқиғаға байланысты кейбір шеф-аспаздар Довернь фермасының өнімінсіз биылғы маусымда бұл тағамды мүлде дайындамайтынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда Францияда ұлу өсіретін 300-ге жуық ферма бар, ал жергілікті тұрғындар жыл сайын бұл деликатестің 14 мың тоннадан астамын тұтынады.
