Dining|Food

Милан-2026: Олимпиада кезіндегі гастрономиялық саяхат

АвторыВиктория Лебедева
06.02.2026
Marchesi 1824
IMAGE Marchesi 1824
Жанкүйерлер мен туристерге арналған Милан мейрамханалары мен асхана тарихы бойынша гастрономиялық жолсілтерді қарсы алыңыздар!

Италияда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының шымылдығы түрілді. Миланға айтулы доданы өз көзімен көруге келгендер үшін (биыл Қазақстан намысын 36 спортшы қорғауда) бұл – тек жанкүйер болу ғана емес, Солтүстік Италияның бай асханасымен танысудың таптырмас мүмкіндігі. 

Сонымен, Миланда қай жерге барып, қандай дәм татуға болады?

Trippa мейрамханасы

Миланның нағыз гастрономиялық қырын танығыңыз келсе, Trippa мейрамханасына міндетті түрде соғыңыз. Мұнда қарақұмықтан жасалған мальтальяти пастасы мен қабан етінен әзірленген рагудың дәмін татып көру керек. Жаңғақ дәмі сезілетін тығыз паста мен нәрлі ет рагусы – нағыз италиялық дәмнің эталоны саналады.

Instagram | Trippa Milano
IMAGE Instagram | Trippa Milano

Torredipisa Trattoria мейрамханасы

Түскі асқа бұл жерде сиыр етінен жасалған жаншылған етке тапсырыс беріңіз. Жұқа әрі нәзік ет үш түрлі нұсқада ұсынылады: қышамен, розмарин және сарымсақпен немесе ащы дәмді ұнататындар үшін сары май мен бұрышпен әзірленген түрі.

Instagram | Torredipisa Trattoria
IMAGE Instagram | Torredipisa Trattoria

Trattoria Masuelli мейрамханасы

Миланда бола тұра, қаланың нағыз мақтанышы – миланша ризоттоның дәмін татпай кету мүмкін емес. Бұл тағамның тарихы сонау XVI ғасырдан бастау алады және өте қызықты аңызбен байланысты (әрине, бұл жай ғана ойдан шығарылған әңгіме болуы да ғажап емес).

1574 жылы витраж шебері Валерио ли Фиандра (Valerio di Fiandra) өз тобымен бірге Дуомо соборының витраждарын жасап, олар үшін ерекше түстер іздейді. Ол кезде мұндай сұлулыққа сирек кездесетін дәмдеуіш – шафранның арқасында қол жеткізілген: оны негізгі бояуларға араластыру арқылы ғажайып реңктер алған екен. 1574 жылдың 8 қыркүйегінде Валерио қызын ұзатады. Той кезінде әріптестерінің бірі қалжыңдап, ризоттоға шафран қосып жіберуді ұсынады. Осылайша тағам қанық әрі ерекше алтын түске ие болып, оның дәмін татып көрген қонақтар шексіз таңданыста қалады.

Міне, осы дәстүрді ұстанған Trattoria Masuelli ресторанында карнароли күрішін баяу отта пісіріп, оған басты ингредиент – шафранды, сары май мен ескірген пармезан ірімшігін қоса отырып, кремді текстураға жеткізеді. Trattoria Masuelli өкілдерінің өздері айтқандай: «Бұл тағам ешқашан өзгермейді, өйткені оны өзгертудің ешқандай қажеттілігі болған емес».

Instagram | Trattoria Masuelli
IMAGE Instagram | Trattoria Masuelli

Ratana мейрамханасы

Ratana ресторанында пармезан мен трюфель қосылған тальятелленің дәмін татып көрген абзал. Бұл үйлесімді жаңалық деу қиын болғанымен, оның әрқашан мінсіз нәтиже беретіні анық. Барқыттай жұмсақ ірімшік дәмі трюфельдің хош иісін нәзік аша түссе, жаңа дайындалған паста тағамға қажетті текстура сыйлап, оны бір мезгілде әрі талғампаз, әрі жанға жайлы етеді.

Langosteria мейрамханасы

Теңіз өнімдерін іздеген жан Langosteria-ға соқпай кетпеуі тиіс. Мұнда маусымдық балықтар мен сан алуан теңіз деликатестеріне басты назар аударылады. Ауланған балық түрлеріне қарай жиі жаңарып тұратын мәзір келушілерге әр кез жаңа дәм ұсынады. Табиғи таза дәм мен көз тартар әсем көріністің үйлесімі кешкі ас үшін нағыз керекті дүние болып табылады. Әсіресе, эстетика мен дәм тең ұштасқан тунец карпаччосына тапсырыс беріп көріңіз.

Instagram | Langosteria
IMAGE Instagram | Langosteria

Osteria Del Binari мейрамханасы

Бұл – 1972 жылы Чезаре Денти негізін қалаған, нағыз италиялық рух аңқып тұрған мекен. Мұнда Милан асханасының ерекшеліктерімен танысуды жалғастыруға немесе Ломбардия мен Пьемонт классикасынан дәм татуға болады. Мәзірден миланша дайындалған бұзау етінен жасалған котлетаны міндетті түрде таңдап көріңіз. Ал егер Osteria Del Binari-ге жаз мезгілінде жолыңыз түссе, мейрамхана ішіндегі көзден таса жатқан бақтан үстел брондауды ұмытпаңыз.

Егер паста мен теңіз өнімдерінен жалығып, ерекше бір дәмді қаласаңыз, аспаздар сізге ибериялық шошқа етін әзірлеп бере алады. Төмен температурада өте ұзақ пісетін бұл ет ауызда еритін нәзік күйінде ұсынылады. Қытырлақ бекон ерекше контраст сыйласа, картоп езбесі мен маусымдық көкөністер тағамды толыққанды етіп аяқтайды.

Миланша дайындалған бұзау етінен жасалған котлет | Osteria Del Binari / Instagram
IMAGE Миланша дайындалған бұзау етінен жасалған котлет | Osteria Del Binari / Instagram

Marghe пиццериясы

Гастрономиялық саяхатыңыздың басты мақсаты пицца болса, онда тура Marghe-ге бет алыңыз. Мұнда классикалық түрлерден бастап, басқа еш жерде кездесуі некен-саяқ ең қызықты үйлесімдерге дейін пиццаның сан алуан түрі ұсынылған.

Instagram | Marghe
IMAGE Instagram | Marghe

Кофе және десерт

Marchesi 1824 кондитерлік дүкені

Marchesi 1824 – Миланның тарихи орталығында орналасқан, атауынан көрініп тұрғандай, сонау 1824-жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аңызға айналған наубайхана. Маркези әулеті негізін қалаған бұл мекен алғашқыда өзінің тәтті нандарымен және панеттонесімен танымал болды. Бүгінде мұнда тек нан өнімдері ғана емес, Миланның таңғы ас мәдениетін бейнелейтін классикалық тәттілердің барлық түрі бар. Хош иісті кофемен бірге ұсынылатын тоқаштар мен десерттердің бай таңдауы күнді асықпай бастауға немесе қала орталығындағы серуен кезінде дәмді үзіліс жасауға таптырмас мүмкіндік береді.

Instagram | Marchesi 1824
IMAGE Instagram | Marchesi 1824

Қайда барып шарап ішуге болады?

Bar di Passo

Bar di Passo – Миланның тағы бір тарихи куәгері. Іргетасы 1915-жылы қаланған бұл бар өткен жылы өзінің 110-жылдық мерейтойын атап өтті. Оның негізін қалаушы Давиде Кампари – атақты ащы кампари ликерін ойлап тапқан Гаспар Кампаридің ұлы. Давиде сол заманның жарық жұлдызы, опера әншісі әрі «ғажайып дәуірдің» сұлулық символына айналған Лина Кавальериге үйленгені де тарихтан белгілі.

Дәл осы бардан қала мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналған «Кампари Сельц» аперитивінің даңқты жолы басталған еді.