Қызанақтың жаңа қырлары
Қызанақ баяғыдан бері тек салаттың қоспасы немесе тұздықтың негізі болудан қалған. Заманауи жоғары гастрономияда ол жай ғана қоспа емес, тұтас бір тағамның негізін құрайтын басты ингредиентке айналды.
Гонконгта, мәселен, мейрамханалар маусымдық өнімнің күрделі интерпретацияларын ұсынып жүр. Олар қызанақтарды желеге, салқын тұздықтарға және тіпті жазғы сергітетін тағамдардың негізіне айналдырады. Осындай айқын мысалдардың бірі – салқын сабайон. Оған жаңа піскен бақша қызанақтары мен насыбайгүл (базилик) қосылып ұсынылады. Бұл тағамда ашық қызанақ тұздығының бірнеше қабаты, насыбайгүл қосылған салқын сабайон, түрлі сұрыпты жаңа піскен қызанақтар, бальзам сірке суы мен зәйтүн майы мінсіз үйлеседі.
Ең қызығы, бұл тағам үшін аспаздың отбасылық бақшасында өсірілген қызанақтар пайдаланылған. Аспаз бір маусымның өзінде он түрлі сұрыпты қатар қолданып, дәм, текстура мен түс айырмашылықтарын қайталанбас гастрономиялық тәжірибеге айналдырған. Тағы бір мысал – қызанақ қосылған пармезан тарты. Мұнда жаңа піскен қызанақтар насыбайгүл соусымен, қызанақ мармеладымен, қара зәйтүн ұнтағымен, маринадталған қиярмен және лимон конфитімен тамаша үйлеседі. Осылайша, бұл жерде қызанақ қосалқы ингредиент емес, тағамның басты қаһарманы саналады.

Қызанақ дәмі аңқитын салқын кеспе
Тағы бір бағыт – барынша жаздық, сергітетін тағамдар. Мұнда қызанақ жеңіл салқын сорпаның негізіне айналады. Солардың бір мысалы – жұқа жапондық сомен кеспесі. Бұл тағам қызанақ сорпасында салқындатылып ұсынылады. Бұл үйлесім қарама-қайшылықтың арқасында тамаша жұмыс істейді: жұмсақ кеспе, салқын текстура және қызанақтың ашық қышқыл-тәтті балғындығы.
Мейрамханалық күрделірек нұсқалар да бар. Оларда қызанақ желесі, насыбайгүл қосылған салқын сабайон, бірнеше сұрыпты жаңа піскен қызанақтар, зәйтүн майы және бальзам сірке суы қолданылады. Нәтижесінде қызанақ жазғы асхананың дербес санатына – балғын, салқын әрі барынша маусымдық өнімге айналады.

Жуынатын қызанақ
Бірақ ең қызығы асүйден тыс жерде болып жатыр. Сұлулық пен өзін-өзі күту саласы күн санап түрленіп жатқан шақта, қызанақ тренді бірте-бірте парфюмерия, косметика және үйге арналған тауарлар әлеміне батыл еніп келеді. Әсіресе қызанақ жапырағының хош иісі бүгінде жоғары сұранысқа ие.
Әрине, мұнда кетчуп немесе қызанақ сорпасының иісі сөз болып отырған жоқ. Парфюмерлер өсімдіктің мүлдем басқа қырын жеткізуге тырысады. Ол – жасыл жапырақтары мен сабақтары, жаңа жұлынған өсімдіктің балғындығы, ылғалды топырақ пен жазғы бақтың ерекше атмосферасы. Сондықтан қызанақ ноталары қол сабында, шырақтарда және үйге арналған хош иістендіргіштерде жиі кездеседі.
Осылайша, қызанақ тек асүй үстелінде ғана емес, жуынатын бөлмеде де табылуы мүмкін. Мәселен, өзіне тән жасыл нотасы бар хош иісті сабын түрінде кездеседі. Бұл өте қызық трансформация. Бұрын бақшадағы қарапайым көкөніс ретінде қабылданған дүние енді асықпай өмір сүру (slow living) философиясы мен жазғы өмір салтының ажырамас бір бөлігіне айналып отыр.

Жаздың иісі
Қызанақ хош иістерінің танымалдығы әсіресе шырақтар мен үйге арналған парфюмерия санатында анық байқалады. Мұнда да жемістің өз иісі емес, қызанақ сабағы басты рөл атқарады. Ол – жасыл, сәл қышқылтым, ылғалды әрі шөптесін иіс.
Мұндай хош иіс табиғи және «бақша» иістеріне деген жалпы тенденциямен тамаша үйлеседі. Шартты ваниль, даршын немесе тәтті жемістердің орнына брендтер нақты бір орын мен жыл мезгілін еске түсіретін хош иістерді ұсынады. Ол жылыжайды, бақшаны, жаңа суғарылған топырақ пен өсімдіктерді көз алдыңа әкеледі. Басқаша айтқанда, осы жазда қызанақты тек жеп қана қоймай, оның хош иісіне бүкіл бөлмені толтыруға болады.

Ал егер қызанақтан десерт жасап шықса ше?
Қызанақ трендінің ең әсерлі көрінісі, бәлкім, гиперреалистік десерттер шығар. Кондитерлер бұрыннан жеміс, көкөніс, ірімшік, тұрмыстық заттар және тіпті ет сияқты мүлдем қарапайым заттарға ұқсайтын торттармен тәжірибе жасап келеді. Сыртынан қарағанда мұндай десертті түпнұсқадан ажырату мүмкін емес – оның құпиясы тек кескеннен кейін ғана ашылады. Қызанақ мұндай техника үшін мінсіз таңдау.
Ашық қызыл қабығы, жасыл сабағы және өзіне тән пішіні нағыз қызанақтың фотосуреттей дәл көшірмесін жасауға мүмкіндік береді. Бірақ ішіндегі жұмсақ етінің орнына бисквит, крем, мусс немесе жеміс салмасы жасырылған. Дәл осы қарама-қайшылық мұндай десерттерді әлеуметтік желілерде аса танымал етеді. Ол – үйреншікті сыртқы көрініс пен күтпеген ішкі мазмұнның тамаша үйлесімі.

Қызанақ трендінің себебі неде?
Осы жаздағы қызанақтың танымалдығын бір ғана себеппен түсіндіру қиын. Бір жағынан, бұл барынша танымал маусымдық өнім. Қызанақ жазбен, саяжаймен, бақшамен, күнмен және жаңа піскен көкөністермен тікелей байланысты. Екінші жағынан, ол мүлдем түрлі бағытта жұмыс істей алатындай өте әмбебап.


Оны күрделі мейрамханалық тағамның басты ингредиенті етуге немесе сергітетін салқын сорпаға айналдыруға болады. Сонымен қатар, хош иісті нота ретінде пайдалануға немесе десертте оның пішінін айнытпай қайталауға әбден болады. Оған қоса, қызанақ қазіргі маусымдық өнімдерді қадірлеу үрдісіне өте сай келеді. Яғни, өнім өзінің дәмі шарықтау шегіне жеткен қысқа мерзімде ғана қатты бағаланады.


Нәтижесінде кәдімгі қызанақ күтпеген жерден бірнеше трендтің тоғысқан нүктесіне айналды. Ол – маусымдық асхана, жоғары гастрономия, салауатты өмір салты, парфюмерия, дизайн және әлеуметтік желілердегі визуалды мәдениеттің жиынтығы. Бұл – маусымның басты трендін кез келген үйден табуға болатын сирек жағдайлардың бірі сияқты. Тек енді «қызанақтан не пісіруге болады?» деген сұрақ емес, «қызанақпен тағы не істеуге болады?» деген әлдеқайда ауқымды сұрақ туындайды.
