Dining|Food

Дофамин десерттері: бұл өзі не және оларды Алматыдан қайдан табуға болады?

АвторыВиктория Лебедева-Данилина
15.05.2026
«Мария-Антуанетта» фильмінен көрініс | IMDb
IMAGE «Мария-Антуанетта» фильмінен көрініс | IMDb
2026 жылы біз өзімізді алдауды қойдық. Ендігі жерде тәттіні «қант түсіп кетті» немесе «күйзелісті басайыншы» деген ескі сылтаулармен жемейміз. Шын мәнінде, бізге лезде келетін, шынайы әрі нақты қуаныш сезімі ғана керек. Мұндай ашық қалауды гедонизм немесе жаман әдет деп сөгудің қажеті шамалы. Дәл осы сұранысты өтеу үшін гастрономия әлемінде мүлдем жаңа бағыт дүниеге келді. Ол – дофамин десерті деп аталады. Оның жалғыз ғана мақсаты бар: алғашқы үш секундта-ақ бойыңды балаша қуантып, еріксіз «мәссаған!» дегізу

Қазіргі құбылмалы әлемде жоспар құрудан шаршау синдромы шарықтау шегіне жетті. Адамдар пәтер алу немесе жарты жылдан кейінгі демалысты күту сияқты ұзақ күттіретін армандардан гөрі, дәл қазіргі сәттің қадірін білуге көшті. Осылайша өмірімізге микродофамин экономикасы енді: небәрі он минуттың ішінде бес доллар жұмсап, бақыттың шағын үлесін алу. Бұл психологиялық өзгеріс мейрамханалар мен кондитерлердің де назарынан тыс қалмады. Қазір мінсіз геометриялық пішіндегі, сыпайы «үйлесімді» десерттердің орнын сырттай сәл бейберекеттеу көрінсе де, көздің жауын алып, тәбетті ерекше қоздыратын тәттілер басып жатыр. Өйткені құрғақ эстетика өз орнын шынайы физиологиялық ләззатқа босатып берді.

Дофамин десертіне не жатады, не жатпайды?

Бұл санатқа тым сыпайы макаронды немесе таңғы асқа ғана жарайтын іш пыстыратын чизкейкті қоса алмаймыз. Ал нағыз дофамин сыйлайтын дүниелердің жөні мүлдем бөлек.

Біріншіден – текстура. Арғы үстелге дейін естілетін шытырлаған дыбыс, қасық майысатындай қоюлық немесе тілге тигенде лезде еритін мұздай «қар» ұнтағы. Миыңызға оның құрамында қандай өнімдер бар екені бәрібір, оған тек сезім мүшелерін оятатын тактильді жарылыс қажет.

Екіншіден – күтпеген дәмдер қақтығысы. Сырты тастай қатты шоколад сауыт болғанымен, ішінен тұзды карамель қосылған мұздай йогурт төгілуі мүмкін. Немесе суық мусстың ішінен ыстық соус ағып шығатындай қарама-қайшылық керек. Миыңыз «О, мынау бір ерекше нәрсе ғой!» деп сигнал беруі үшін десерт рецепторларды сәл шокқа түсіруге тиіс.

Үшіншіден – лездік әрекет. Дофамин десертін ертеңге сақтап қоямын деу – бос әуре. Оны алған бойда жеп үлгеру керек, әйтпесе жиырма минут ішінде еріп, бар сиқырынан айырылады. Яғни, бұл – дүкен сөресінде тұратын кәдімгі тортқа мүлдем кереғар дүние.

Және ең бастысы – табиғатта сирек кездесетін жасанды түстер. Жай ғана қызғылт емес, көзге ұратын неонды фуксия; жасыл емес, қанық хлорофилл түсі. 2026 жылы табиғи реңктер адамды тыныштандырғанымен, қажетті дофамин мөлшерін бере алмайды. Бізге көзді арбайтын «тыйым салынған жеміс» иллюзиясы керек.

Алматыда дофамин десерттерін қайдан табуға болады?

Алматының кофеханалары мен кондитерліктері күрделі рецепттер мен ерекше ұсыну тәсілдері бойынша өзара үнемі жарысып жататыны жасырын емес. Олардың кейбірі «балалық шақ» ностальгиясына, енді бірі үй бәліштеріне, жергілікті өнімдерге немесе өлмес классикаға басымдық береді. Соған қарамастан, еліміздің ең ірі мегаполисінен нағыз дофамин десерттерін табу аса қиынға соқпайды.

Lua Pastry

Бұл кондитерлік көздің жауын алатын әдемі тәттілердің нағыз ордасына айналған. Мұндағы ұжым танымал фильмдер мен сериалдардың шығуына орай үнемі ерекше концептуалды десерттер әзірлейтіндіктен, аптаның кез келген күнінде келіп, өз дофаминіңізді ала аласыз.

«Малевич»

Көпшілік сүйіп жейтін мусс пирожныйлары, торттар, эклерлер мен шоколад – осының бәрі мұнда өте жарқын, батыл форматта ұсынылады. Иә, сырттай қарағанда геометриялық дәлдік басым сияқты, бірақ дәмін татқанда нағыз дофамин жарылысын сезінесіз.

Renée

Бұл жерге кірген бетте витринадағы десерттерді көріп, жүрегіңіздің соғуы жиілейтіні анық. Олар бақыттан басыңыз айналуы үшін ғана арнайы жұмыс істейтіндей. Ашылғанына бір жыл толуына орай жасаған тортын айтсаңызшы! Түрін көрсеңіз, көз тоймайды!

«Аққу»

Жергілікті тұрғындардың сүйікті таңғы ас орны дофаминге сәл басқаша тұрғыдан келеді. Олар тәтті естеліктерді оятатын «балалық шақ» десерттерін ұсынады. Аузыңызда қайнатпа кремі бар вафли түтікшесі үгітіліп жатқанда, жазғы демалыстың қайғысыз күндерін еске алудан асқан ләззат бар ма?

Бұдан кейін не болмақ?

Бұл трендтің де басқалар сияқты жарамдылық мерзімі бар екені айдан анық. Себебі ағза кез келген дозаға үйреніп кетеді. Қазірдің өзінде аспаздардың бір-бірімен десерттің «әсер ету күші» бойынша жарысып жатқанын байқауға болады. Олар тәттінің температурасын көтереді, карамельге тұзды молынан қосады, тіпті жақ қарыстыратындай етіп тәттіге қышқыл араластырады. Бір жылдан соң мұндай десерттер түзу сызықтардан жалыққан Альфа ұрпағы үшін үйреншікті дүниеге айналады. Ал нағыз талғамы биік гурмандар бұрыштың, күйдіретін зімбірдің немесе спирт қышқылдарының әсерінен жеңіл ауырсыну сыйлайтын «ноцицептивті» десерттерге көшуі әбден мүмкін.

Бірақ трендтің негізгі мәні өте қарапайым: бұдан былай ешкім көңіл жықпастық үшін ғана іш пыстыратын десерт жемейді. Не нағыз ләззат аласыз, не қантсыз түскі аспен шектелесіз. Үшінші жол жоқ.