Джем қосылған ыстық пончик, Австралия
Супермаркеттің қатқан пончиктерін ұмытыңыз. Австралияның Виктория штатында бұл нағыз төзімділік сынағы дерсің. Ашытқы қосылған қамырды көз алдыңызда қуырып, ішіне джем толтырады да, қолыңызға оттай ыстық күйінде ұстатады. Алғашқы тістемнен-ақ ыстығына шыдамай, еріксіз көзіңізді жұмып қаларыңыз анық, бірақ нағыз ләззат дәл осы сәтте жатыр. Егер пончик аузыңызды күйдірмесе – демек, сіз Австралияда емессіз.

Пероги, Польша
Польша шынымен де барлық ұлы нәрсенің қарапайым екенін дәлелдейді. Бұл – ішіне кез келген салма салуға болатын кәдімгі қамыр. Ішіне картоп пен ірімшік салсаңыз, үйреншікті классикалық дәм шығады. Ал ашыған орамжапырақ пен ет қосу – бұл тағамды нағыз дәстүрлі, тіпті киелі дәмге айналдырады. Жидектер мен шоколад ше? Неге байқап көрмеске. Пероги – жанға жылу сыйлайтын, көңілді көтеріп, қарныңды тойдыратын нағыз жайлы тағам.

Писсаладьер, Франция
«Француз пиццасы» дейсіз бе? Писсаладьерді олай атап қорламаңыз. Оның құрамында қызанақ соусы да, еріген ірімшік те жоқ. Оның орнына – анчоус, қара зәйтүн және ауызда еритін бұқтырылған пияз қосылған қалың нан ұсынылады. Бұл тағамның тарихы XIV ғасырдағы Ниццадан бастау алады. Осы бір тілімнің дәмін татпайынша, нағыз Провансты көрдім деудің өзі артық.

Эмпанада
Эмпанаданың отаны қай ел (Испания ма, Аргентина ма, әлде Филиппин бе?) деп дауласудың еш қажеті жоқ. Одан да пішіні жарты айға ұқсайтын бұл ғажайыпты жай ғана жеп көргеніңіз абзал. Қытырлақ қамырдың ішіне ет, ірімшік немесе көкөністер молынан салынады. Бұл – өзге мәдениеттің бір бөлшегін қолына ұстап, саяхатын ары қарай жалғастырғысы келетіндер үшін мінсіз таңдау.

Пупуса, Сальвадор
Бұл тағамның өз алдына жеке мерекесі де бар. Ішіне ірімшік немесе үрмебұршақ салынған қалың жүгері нанының үстіне ащы ашытылған орамжапырақ қойылады. Оны осыдан екі мың жыл бұрын пипиль тайпасы ойлап тапқан екен. Пупуса – ежелгі дәуірдің дәмі сіңген, өте тойымды, қарапайым әрі аздап өткірлігі бар ерекше ас.

Корнуоллдық пасти бәліші, Ұлыбритания
Бұл бәліштің шығу тарихы тікелей кеншілермен байланысты. XIII ғасырда оларға лас қолмен ұстауға ыңғайлы әрі жұмыс құралдарын бүлдірмейтін тамақ қажет болған. Сиыр еті, картоп, тарна және пияз қосылған D-пішінді бұл бәліш осылай дүниеге келіпті. Қамырдың қалың жиегі «тұтқа» қызметін атқарғандықтан, оны жемей тастайтын болған. Бүгінде пасти – британдық қайсарлық пен қайталанбас дәмнің нағыз символы.

Polish Boy, АҚШ
Кәдімгі хот-дог бұның қасында жіп есе алмайды. Огайо штатындағы Кливлендте сізге ішіне шұжық пен фри картобы салынған, үстіне барбекю соусы құйылып, колслоу салаты молынан қосылған тоқаш ұсынады. Бұл – нағыз гастрономиялық панк-рок кеші дерсің. Мұндай тамақтан қан тамырларыңыз «жыласа» да, іштей риза болып, бұл шешіміңізге өкінбейтініңіз анық.

Кесадилья, Мексика
Қуырылған тортильяның ішіндегі еріген ірімшік. Қара үрмебұршақ, баяу бұқтырылған шошқа еті немесе жай ғана ащы соус – мұның бәрі осы нанның ішіне жасырылған. Кесадилья суыса да дәмін жоғалтпайды, дегенмен оны ыстық күйінде жегенге ештеңе жетпейді. Ірімшігі созылып, қытырлақ шеті үгітіліп тұрған сәтте жеп үлгеріңіз. Ғасырлар бойы сыналған бұл қағида ешқашан алдамайды.

Цзяоцзы (немесе гёдза), Қытай
Қытай тұшпарасы – бұл ұсақтап туралған ет, көк пияз және пекин орамжапырағы оралған жұп-жұқа қамыр. Суға піскен, буға бұқтырылған немесе қуырылған болсын, олар әрдайым қара сірке суы және күнжіт майымен бірге ұсынылады. Оны жеудің бір ғана жазылмаған заңы бар: тұшпараны тұздыққа маласыз да, тістеген сәтте дәмнің кереметтігінен көзіңізді жұмып, ерекше күйге бөленесіз.

Такояки, Жапония
Оттай ыстық арнайы қалыптарда пісірілетін сұйық қамырдан құйылатын домалақ бәліштер. Ішіне сегізаяқ, маринадталған зімбір және көк пияз салынады. Оны 1935 жылы Осакалық саудагер Томэкичи Эндо ойлап тапқан. Сырты қытырлақ болғанымен, ішіндегі ыстық салмасы аузыңызда жанартаудай атылып, ерекше дәм береді. Бұл тағамның бойына шулы, жарқын әрі үнемі тамаққа тәбеті тартып тұратын тұтас Осака қаласының мінезі сыйып кеткендей.

