Atopos Bureau брендинг агенттігінің негізін қалаушы Бекзат Сұлтанғали өз-өзін таппақ болып саяхатқа шығып, Копенгагендегі ең дәмді раменге тап болды.
Биыл қыста Atopos Bureau брендинг агенттігінің негізін қалаушы Бекзат Сұлтанғали жан тыныштығын қалап, ызғарлы Астанадан жақында ғана әлемдегі ең бақытты шаһар атанған Копенгагенге саяхаттаған болатын. Айтуынша, жан тыныштығына, терапияға және дәмді кофеге іздеп, қашып кеткен. Алайда оған hygge емес, дәмге бай азиялық гастросахна кездескен көрінеді. «Екі аптаның ішінде жапон, қытай, тай, вьетнам және корей асханаларына барып шықтым. Осы кезге дейінгі ең бір ғажап азиялық тағамдардан дәм таттым», – дейді ол. Бека Tatler оқырмандарына оған даниялық көрпеден артық жылу берген ресторандар рейтингін ұсынады.
Atelier September
Копенгаген үшін «тым танымал» саналатын бұл жер қаланың «пош» (байлар тұратын) Hellerup ауданында орналасқан. Мұнда вегетариан мәзірі де, кофе де, жеңіл таңғы ас та – бәрі дәмді.
Gasoline Grill
Өмірімдегі ең дәмді бургер. Жергілікті халық арасында аса танымал даниялық фастфуд. Копенгагеннің түкпір-түкпірінен табуға болады.
Sticks’n’Sushi
Копенгаген, Лондон және Берлиндегі жапон ресторандар желісі. Түскі ас ішпек болып барып ек, ролл, нори қосылған сорпа және түрлі тіскебасар алдық. Өте дәмді болды. Бірнеше алкогольді коктейль алып едік, ол да көңілімізден шықты.
Khunjuk Oriental
Копенгагеннің қақ ортасындағы туристер көп келетін Nyhavn ауданында, Данияның Корольдік көркемөнер мектебінің маңында орналасқан тай рестораны. Кешкі ас ішкенде көптеген жаңа тағамдардың дәмін татып көрдім. Жегенімнің бәрін атап шығу мүмкін емес, бірақ дәмді әрі шынайы дастархан болды. Айрықша әсер қалдырғаны – шарап картасы. Сондай-ақ ресторанның негізін қалаушымен тілдесіп қалдым, дәстүрлі тай рецептерін заманауи қыла білген Таиландтың тумасы екен.
Restaurant Sletten
Қала шуынан алыс, судың жағасында орналасқан шағын ауылдағы аса көркем ресторан. Көпшілік теңізге қарап отырып тамақтанатын үстелді алуға тырысады екен. Солай істеген дұрыс екен, көркем көрініске көзің тоймайды!.. Michelin гидіне енген ресторан. Шарап картасы да, заманауи асханасы да ғажап.
Tokyo Restaurant
Нағыз жапон тағамдарын әзірлейтін атмосферасы бөлек ресторан. Ішінде кәдімгі үстелдер де бар, бірақ біз дәстүрлі татамиға отырып, нағыз Жапония вайбына бөлендік. Тағамдары дәмді, қызметкерлері жылы шырайлы. Жалпы, Копенгаген ресторандарына тән дүние.
Slurp Ramen
Қаладағы ең дәмді раменімен аты шыққан жер. Мұнда бос орын болмайды. Supreme-нің жаңа дропына жиналғандай шұбырған халық кезегін күтіп қыста да тұра береді. Суық түскенде мұнда бәрі түскі ас ішуге келеді. Жақында кешке ашық болатын екінші ресторан ашылған екен. Сұраныс өте жоғары.
Apollo Kantine
Nyhavn ауданындағы Kunsthal Charlottenborg ғимаратында, яғни Корольдік көркемөнер мектебінің (мұнда көрме жиі өтеді) дәл қасында орналасқан ресторан. Дәстүрлі даниялық тағамдарды әзірлейді. Өзі тойымды болғанымен, біршама жеңіл. Мұнда әдетте академия студенттері мен көрмеге келген адамдар жүреді. Атмосферасы жылы әрі жайлы жер.
HIAN
Копенгагеннің қақ ортасында орналасқан вьетнам рестораны шынайы әрі салыстырмалы түрде қолжетімді. Ланч ішуге кіріп шықтық. Тағамдары дәмді, иісі мұрын жарады.
