Грек асханасының басты ерекшелігі – тағамды аса күрделендірмей, балғын өнімдердің табиғи дәмін барынша сақтап қалуында. Аспаздар түрлі ауыр тұздықтар мен қаптаған дәмдеуіштерді араластыра бермейді, олар үшін азық-түліктің сапасы мен таза дәмі маңызды. Хош иісті зәйтүн майы, пісіп тұрған маусымдық көкөністер мен түрлі шөптер, ірімшіктің неше атасы, жаңа ауланған балық пен теңіз өнімдері, шоққа қақталған ет, пештен жаңа шыққан ыстық шелпектер және үлкен отырыстарға арналған жеңіл тіскебасарлар... Осының бәрі Жерорта теңізі жағалауындағыдай тамаша атмосфера сыйлайды. Ал дәмді ас жақындарыңмен бір дастарқан басына жиналуға керемет себеп болары сөзсіз.
Алматыда дәстүрлі грек тағамдарын да, Эллада асханасының заманауи үлгілерін де ұсынатын мейрамханалар жетерлік.
Spiros
Бұл мейрамханада таңғы асты екі адамға арналған үлкен грек сетінен немесе жас інжір тосабы қосылған жұп-жұмсақ сырниктерден бастаған керемет. Түрлі мезе жағылған ыстық шелпек те тәбетті ашады. Ал таңды ерекше атап өткіңіз келсе, жеміс қосылған жарқыраған шарап коктейльдері көңіл күйіңізді көтеріп, мерекелік атмосфера сыйлайды. Негізгі мәзірге келсек, жұрт жақсы көретін грек классикасы мұнда заманауи авторлық үлгіде ұсынылған: гирос, сувлаки, мезе, мусака және кефтедес деп аталатын дәмдеуіштерге бай ет шарлары бар. Әсіресе, балық пен теңіз өнімдеріне ерекше көңіл бөлінеді. Әр бейсенбі сайын мейрамханаға жаңа ауланған өнімдер тікелей жеткізіліп, бірден мұз үстіне жайғасады.
Aiza Bistro
Қала орталығында орналасқан бұл бистро заманауи грек тағамдарын дайындайды. Ас мәзірінен үлкен таңғы астарды, қолдан жайылған паста мен теңіз өнімдерін, сондай-ақ классикалық грек тіскебасарларын табасыз. Демалыс күндері мейрамхана іші думанға бөленеді: мұнда дәстүрлі тәрелке шағу рәсімімен өтетін нағыз грек кештері ұйымдастырылады. Аңызға сүйенсек, бұл дәстүр ежелгі грек мифологиясындағы шарап пен мереке құдайы Диониспен тығыз байланысты. Ертеде адамдар өмір қуанышын, молшылық пен бақытты сәттерді атап өту үшін би билеп жүріп тәрелкелерді сындыратын болған екен. Ал бұдан да сән-салтанаты жарасқан орын іздесеңіз, Aiza Esentai мейрамханасына бас сұғыңыз. Кең жазғы террасасы, әдемі субұрқағы және жайлы ішкі залы бар бұл премиум орынның да жөні бөлек.
Kosmos
Эгей теңізі жағалауының асханасын паш ететін бұл орын – Александр Орловтың жаңа жобасы. Мейрамхананың төменгі қабатына түскенде, өзіңізді бірден Родос аралында жүргендей сезінесіз. Аппақ қабырғалар, жарық сәулет және әйгілі Линдос қалашығынан шабыт алған бөлшектер ерекше көз тартады. Аспаздар теңіз өнімдерін, грильге қақталған балықты, сегізаяқ пен асшаяндарды, түрлі стейктерді ұсынады. Оған қоса, мейрамхананың өзінде дайындалатын Mountain Brie ірімшіктері бар. Келушілердің ең сүйікті тағамдарының қатарында жасымық езбесімен ұсынылатын пеште піскен сегізаяқ пен Веллингтон стиліндегі лобстер қосылған фирмалық бәлішті атап өтуге болады. Көне грек мифтерінің желісімен жасалған авторлық коктейльдер картасы да ерекше назар аударуға тұрарлық.
