Dining|Food

Дәм мәдениеті, отбасылық құндылықтар мен Bellini сусыны: Akami мейрамханасының иесімен ашық сұхбат

АвторыАнара Кукиева
25.02.2026
Гулиза Урманчеева | Жеке мұрағаттан
IMAGE Гулиза Урманчеева | Жеке мұрағаттан
Гастроэнтузиаст әрі Akami және Oyster bar мейрамханаларының негізін қалаушы Гулиза Урманчеева жақсы қарым-қатынастың құпиясы, өзінің фирмалық тағамы және дәм әлеміндегі соңғы жаңалықтарымен бөліседі

Өзіңді «гастроэнтузиаст» деп атайсың, бұл ұғымның астарында не жатыр?

Менің түсінігімде, гастроэнтузиаст – бұл үнемі өзі үшін жаңа дәмдер мен ерекше үйлесімдер іздеп жүретін, әрқашан жаңа дүниелерді тануға құштар адам. Мұндай жандар көп саяхаттап, жергілікті мейрамханаларға соқпай қалса, саяхаты толыққанды болмайтын жандар. Мұндай мейрамханалар міндетті түрде Мишлен жұлдызы бар, атақты орын болуы шарт емес, ең бастысы – дәмнің ерекшелігі.

Дәм әлеміндегі соңғы ашқан жаңалығың қандай?

Мен ұзақ уақыт Испанияда тұрып, сонда білім алғандықтан, бұл елді бес саусағымдай білемін деп ойлайтынмын. Бірақ жақында Жирона қаласындағы үш Мишлен жұлдызы бар El Celler de Can Roca мейрамханасына барып, таңдай қақтым. Ол жерден орын алу үшін 11 ай бұрын алдын ала жазылу керек екен, бірақ бұл күткеніме әбден тұрарлық дүние болып шықты.

Өміріңде алған ең қымбат сыйлығың қайсы?

Ең керемет сыйлығым – ұлым. Мен әрқашан жас ана болғым келетін. Қазір ұлым екеуіміздің бірге ойнап-күліп, кино көріп, бір толқында болғанымыз маған ерекше ләззат сыйлайды. Өмірлік лотереядан ең үлкен ұтысты иеленіп, өзіме ең жақын дос тауып алғандай сезінемін.

Достарыңды қонаққа шақырғанда ұсынатын фирмалық тағамың бар ма?

Әрине, мектеп кезінен бергі «Графские развалины» торты. Бұл рецептті 14 жасымда әжемнің аспаздық кітабынан тауып алғанмын. Содан бері бұл торт біздің отбасылық мерекелеріміздің ажырамас бөлігіне, дәстүрлі тәттісіне айналды.

Akami мәзіріндегі өзің сүйіп жейтін тағам қайсы?

Гункан пашот жұмыртқасы мен трюфельдің үйлесімі – қазіргі таңда менің ең сүйікті дәмім. Ал ыстық тағамдардан кимчи томаттары қосылған мисо-балапанын ерекше ұнатамын. Сусындарға келер болсақ, жазғы маусымға арналған ақ шабдалы пюресі қосылған біздің арнайы ұсынысымыз – Bellini сусынын айтар едім.

Ата-ана мен бала арасындағы татулықтың басты кілті неде?

Достықта деп білемін. Егер балаңыз кез келген қиындықта сізге келіп, қолдау табатынын біліп өссе, сізге арқа сүйесе – бастысы осы емес пе?

Ал ер адам мен әйел адамның арасындағы үйлесімнің сыры неде?

Әр жұптың өз құпиясы бар. Менің түсінігімде, ер адам – жауапкершіліктің, сабыр мен тіректің бейнесі. Ал әйел адам – жылулық пен қолдаудың көзі. Оларды ортақ мақсаттар мен бір-біріне деген кәміл сенім біріктіріп тұрады.

Демалыс күндері сені қай жерден жолықтыруға болады?

Әрине, Akami-ден (күледі). Сондай-ақ, құлаққаппен Есентай өзенінің бойында жалғыз серуендегенді ұнатамын – бұл мен үшін нағыз медитация. Осындай кездерде ең бастысы – жұмыс чаттарына қайта-қайта қарай бермей, жұмыстың қамын бір сәт болсын ұмытып, барынша демалу.

Өмірден шынайы ләззат алудың құпиясы неде?

Жеңілдікте және дәл осы сәттің қадірін сезіне білуде. Біз үнемі бір жерге асығып, жүгіріп жүреміз де, күнделікті қарапайым қуаныштарды байқамай жүреміз. Алматыда мұны сезіну өте оңай. Тек бір сәт тоқтап, асқақ тауларға көз салу керек. Саяхатқа шыққанда қонақүйден аттап басып, көзіммен бірден тауды іздейтін әдетімді байқадым. Алматының мен үшін нағыз үйіме айналғанын дәл сол сәтте сезіндім.

Соңғы сұрақ – бойыңдағы өзіңе ұнамайтын «кемшілігің»?

Мен уақытқа өте ұқыпсызбын. Қанша ерте жиналсам да, ең соңғы сәтте бір маңызды нәрсені ұмыт қалдырғаным есіме түседі. Содан кейін сол затты іздеп, бүкіл үйді шыр айналып, сабылып жүргенім.