Dining|Food

Биылғы жаздың басты десерті – аффогато дегеніміз не және оны Алматыда қайдан табуға болады?

АвторыВиктория Лебедева-Данилина
18.05.2026
Аффогато | Getty Images
IMAGE Аффогато | Getty Images
Байқасаңыз, кофесүйер қауым екіге бөлінеді. Біреулер кофеге тәтті қосуды мүлдем құп көрмейді, олар үшін бұл – сусынның табиғи болмысына балта шабумен тең. Ал екіншілері аффогатоның дәмін бір-ақ рет татып көреді де, бұрынғы қағидасынан біржола айнып шыға келеді

Бұл ғажайыпты дүниеге әкелген итальяндықтар тамақ мәселесінде жалған талғампаздықтан мүлдем ада. Олар өздерінің басты мақтанышы саналатын қос өнімді – қайнап тұрған эспрессо мен мұздай джелатоны біріктіре отырып, одан жай ғана орташа дәм емес, нағыз гастрономиялық жарылыс туатынын дөп басқан.

Аффогато дегеніміз не өзі?

Итальян тілінен сөзбе-сөз аударғанда «суға батқан» деген мағына беретін аффогато – біз үйреніп қалған кәдімгі коктейль немесе десерт емес. Бұл – қас-қағым сәттегі ләззат қана. Оны дайындау үшін ыстыққа бірден еріп кетпейтіндей өте қою, сапалы ваниль балмұздағын аласыз да, үстіне жаңа қайнаған, буы бұрқырап тұрған эспрессоны құясыз. Нағыз сиқыр дәл осы сәтте басталады.

Ыстық кофенің әсерінен балмұздақтың беткі қабаты лезде қатып, жұп-жұқа қабыршаққа айналады. Ал астыңғы жағы баяу еріп, мұздай кофе соусына ұласады. Қасықты батырған кезде сіз бірден үш түрлі күйді сезінесіз: алдымен қатты балмұздақ, сосын кофенің жылы қышқылтым дәмі, ал соңында мұздай тәттілік. Мұның бәрі бар-жоғы бір-ақ секундтың ішінде өтіп жатады.

Мұнда ешқандай біркелкілік немесе тепе-теңдік жоқ. Сапалы латте ішкендегідей ауызда баяу тарайтын жұмсақ дәмді күтпей-ақ қойсаңыз болады. Өйткені бұл жерде нағыз қақтығыс жүріп жатады: ыстық пен суық, қышқыл мен тәтті, сұйық пен қатты өзара арбасады. Миыңыз бұл тосын құбылысқа бейімделіп үлгермей, тек дофаминнің жойқын соққысын ғана қабылдайды.

Аффогато | Getty Images
IMAGE Аффогато | Getty Images

Бұл неліктен жай ғана «балмұздақ қосқан кофе» емес?

Егер сіз таңертең ішетін кәдімгі американоға бір қасық пломбир сала салсаңыз, одан тек гляссе ғана шығады. Ал аффогатоның өз қағидасы бар: кофе барынша ыстық әрі қою, ал балмұздақ оған бірден беріле салмайтындай өте тығыз болуы шарт. Ең бастысы – оны мүлдем араластыруға болмайды. Десерт суға айналып кетпес бұрын қасықпен жеп үлгеру қажет.

Негізінен, итальяндықтар аффогатоны сусын деп санамайды. Бұл – тек өзіңізбен-өзіңіз оңаша қалып, асықпай ләззат алатын десерт. Сондықтан ол жаныңыздағы у-шу компанияны да, ұзаққа созылған әңгімені де көтермейді. Үш минут, бес қасық – осымен бітті. Ләззатты сәт лезде аяқталып, қолыңызда бос шыныаяқ пен «қап, бәрін басынан бастауға болмайтыны-ай» деген тәтті қимастық қана қалады.

Тәттіні сүймейтіндердің өзі бұған неге құмар?

Өйткені біз күнделікті өмірде бәрінің жайма-шуақ үйлесімді болғанына әбден үйреніп қалғанбыз. Үнемі «біркелкі дәм», «мінсіз тепе-теңдік» іздейміз. Ал аффогато сізге ондай жайлылықты ұсынбайды. Керісінше, ол креманканың ішіндегі нағыз дәмдер сайысын көрсетеді. Ақырында, қасаң этикетті жиып қойып, десертке батыл қасық салған кез келген адам бұл дәмнің тұтқынына айналады.

Алматыда ең дәмді аффогатоны қайдан табуға болады?

Paco Almaty

Ерекше «аспалы» декорымен көпшіліктің көзайымына айналған сол баяғы танымал кофехана.

Umami

Жұрттың көбі бұл жерде тек ғажайып балмұздақтар мен сорбеттер ғана емес, дәмін міндетті түрде татуға тұратын керемет аффогато бар екенін біле бермейді.

CoffeeVarka

Мәзірден оны бірден тауып алу құпия тапсырмамен тең болуы мүмкін. Бірақ баристадан нені сұрау керектігін білсеңіз, нағыз аффогатодан ләззат алуға ештеңе кедергі болмайды.

Vanilla Coffee shop

Vanilla кофеханасы бұл десертке өзгеше қырынан келіп, қазір көптің жүрегін жаулап жатқан ерекше «спэшл» – матча-аффогатоны ұсынып отыр.

BonBon

Жайлы атмосфера, Алматының ғажайып кеші және бір шыныаяқ аффогато – алдағы демалыс күндеріне арналған мінсіз жоспар осы.