Freedom SuperApp ішінен азық-түлікке тапсырыс беріп отырып, сіздің тартар дайындап жатқан видеоңызға көзіміз шалды. Өзіңіз де тамақ пісіреді екенсіз ғой.
Оның несі қиын? Тартар – өте қарапайым тағам. Сапалы шикі етті немесе балықты турау менің қолымнан әбден келеді. Ал оған дұрыс тұздық дайындау үшін аздап бас қатыру керек (күледі).
Жалпы, отбасыңызда тамақтануға қатысты арнайы дәстүрлер бар ма?
Біздің отбасымызда бір дәстүр бар: тамақты әйелім өзі пісіреді. Ол ас әзірлеуді қатты жақсы көреді әрі қолынан бал тамады. Күн сайын дерлік мені де, балаларды да өзі тамақтандырады. Отбасымыз үлкен болғандықтан, әркімнің талғамы әртүрлі. Біреуі жұмыртқаны, екіншісі етті, енді бірі тауықты немесе салатты қалайды. Сондықтан кейде бір дастарқан басында әрқайсымыздың алдымызда түрлі тағам тұруы мүмкін.
Таңертең ерте кездесулер болмаса, таңғы асты міндетті түрде отбасыммен бірге ішуге тырысамын. Ал уақыт мүлдем тығыз болса, жол-жөнекей көлікте жей саламын. Мен үшін тамақтан маңыздырақ бір ғана нәрсе бар шығар – ол ұйқы. Қанша ұйықтауым керек болса, сонша уақытымды ұйқыға бөлуге тырысамын. Әрине, бұл үнемі жүзеге аса бермейді. Дегенмен таңертең жарты сағат ерте тұрғанша, соңына дейін ұйықтап, тамақты көлікте ішкенді құп көремін.
Кешкі асты да үйде ішуді әдетке айналдырғанмын. Кейде іскерлік кешкі астар болады немесе жұмыстан тым кеш ораламын. Бірақ маған әйелімнің пісірген тамақтары бәрінен де қатты ұнайды. Оның қолынан шыққан ас көптеген мейрамханаларға қарағанда әлдеқайда дәмді шығады. Мейрамханалардың өзінде тамақты керемет дайындайтынын ескерсек, бұл өте жоғары баға. Үйде осындай дәмді тамақ тұрғанда, аз жеуге тырыссам да, оңайға соқпайды. Менің басты мәселем де осы шығар. Бұған қарсы тұру маған оңай тимейді.

Ал сізді бірден балалық шаққа апаратын «уақыт машинасы» іспетті тағам бар ма?
Бірінші кезекте көкөніс салаты дер едім. Бала күнімде жаздыгүні Астрахань облысындағы әжемнің ауылында жиі болатынмын. Саяжайдан қызанақ, қияр, пияз сияқты көкөністерді өзіміз жинап, турап, салат жасайтынбыз. Бұл менің ең сүйікті асым еді. Ол әдет әлі де сақталған. Кез келген тамақты салатсыз жей алмаймын. Қазір балалық шағымызда мүлдем болмаған өнімдердің түр-түрі шықты. Мысалы, авокадоны қатты жақсы көремін. Оны салатқа қосамын, гуакамоле жасаймын. Бірақ баяғы әдет сол қалпы қалды.
Одан бөлек, бала кезден сүйіп жейтін тағы бір тағамым – ашытылған қырыққабат қосылған картоп. Картопты асу да, қуыру да қолымнан келеді. Әрине, «картоп асу» деген тым үлкен жетістік сияқты естіледі (күледі). Бірақ оны дәмді етіп қуыруды бес жасымнан бері жақсы меңгергенмін. Қуырылған картоп, көкөніс салаты және ашытылған қырыққабат мені бірден балалық шағыма қайтарады.
Отбасыңыз үлкен. Осыншама әртүрлі талғамды бір дастарқан басына қалай біріктіресіздер?
Біздің үйдегілердің мінезі де, гастрономиялық талғамы да әртүрлі. Кейбірі жұмыртқаны кез келген түрде сүйіп жейді. Мен, мысалы, жұмыртқаны аса ұната бермеймін. Жеген күннің өзінде омлетті таңдаймын. Себебі оның құрамы жақсы араласып кетеді де, жұмыртқаға мүлдем ұқсамайды — маған дәл осы ұнайды (күледі). Біреуі тауық етін, енді біреуі қызыл етті қалайды. Алайда тәттіні бәріміз дерлік жақсы көреміз.
Ал өзіңіз тартар мен қуырылған картоптан басқа не пісіре аласыз?
Маған бәрінен де тәтті нан пісіру ұнайды. Оны пісіруге шынымен ебім бар. Қамырмен жұмыс істеп, оны жайғанда, нағыз медитация жасап жатқандай сезінемін. Қаласам, ең күрделі тортты да пісіре аламын.

Үйіңізге өте мәртебелі қонақ келді делік. Кешкі асты әйеліңіз емес, сіз дайындауыңыз керек. Дастарқанға не қояр едіңіз?
Жапондық вагю етін қуана-қуана қуырып берер едім. Біз қазір оны арнайы алдырып, жұқалап турап, мұздатқышқа салып қоямыз. Кейін пісіргенде ешбір қиындық жоқ: табаға саласың, болды. Оған қоса картоп қуырып, жанына ашытылған қырыққабат қоюға болады. Неге олай етпеске?
Тамақ мәселесінде консерваторсыз ба, әлде үнемі жаңа дәм татып көруге құмарсыз ба?
Екеуінің ортасы шығар. Мен үнемі жаңа гастрономиялық әсер іздеп жүрмеймін. Бірақ жиі саяхаттайтындықтан, амалсыздан түрлі дәм татып көруге тура келеді. Кеше ғана Бакуде болдық – тамақтары тіл үйіреді. Грузияның да асханасы өте дәмді. Географиялық жағынан жақын болғанымен, олардың тағамдары мүлдем бөлек. Сонымен қатар бір ғана асханамен шектелмеймін. Еуропа, Италия асханасы жаныма жақын, француз тағамдарын да сүйемін. Бешбармақ, сорпа және мәнтіні де үлкен тәбетпен жеймін.
АҚШ асханасы жеке тақырып. Олар стейктерді ғажап дайындайды. Айтпақшы, жапон асханасына қарағанда, америкалық тағамдарға бейімделу маған әлдеқайда қиынға соқты. Ал үйде кейде белгілі бір асқа қызығып қаламыз. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Жапония туралы дерлік ештеңе білмедім. Кейін ол жаққа жиі барып тұрдық, елі қатты ұнады. Нәтижесінде үйімізде жапон тағамдары көбейіп кетті.
Дәл осы Жапония туралы сұрағым келіп отыр еді. Freedom SuperApp ішіндегі «Тимурдың таңдауы» бөлімінде жапон өнімдерінің көптігі таңғалдырады.
Жапонияға деген қызығушылығымыз шынымен артып тұр. Ол жаққа алғаш рет осыдан бір-екі жыл бұрын бардық. Содан бері талай рет барып қайттық. Қазір тіпті онда Freedom компаниясының еншілес ұйымын аштық. Оған қоса, Freedom SuperApp ішіндегі «Азық-түлік» сервисі үшін тікелей импортты жолға қойдық. Әйелім екеуміз базарларды, супермаркеттерді аралап, жеткізушілермен кездестік. Қандай өнімді әкелген дұрыс, біздің нарыққа не жетіспейді, неге сұраныс жоғары болуы мүмкін және өзімізге не ұнайтынын мұқият зерттедік. Бұл біз үшін өте қызық эксперимент болды. Азық-түлікті өзіміз тікелей әрі арзан бағамен әкелуді үйренгіміз келді. Нәтижесінде көптеген тауарлар бізде Жапониядағы бағамен бірдей сатылып жатыр. Тасымалдау шығындарын есептегеннің өзінде, Токио дүкендеріндегі бағадан аса үлкен айырмашылық жоқ. Ал бұрын бұл тауарлардың кейбірі бізде тым қымбат сатылатын.
Соңғы кезде өнім ретінде сізді қатты таңғалдырған не болды?
Кипрде бір мейрамханаға бардық. Онда халуми және жаңа піскен жұмсақ анари ірімшігінің қалай жасалатынын өз көзіңмен көруге болады. Кәдімгі сүттің ірімшікке қалай айналатынын көріп, қатты таңғалдым. Жалпы, халуми ірімшігін жақсы көремін. Біз Кипрге жиі барамыз, өйткені онда біздің еуропалық бас кеңсеміз орналасқан. Ол жақта авокадо да керемет өседі. Таңғы асқа гуакамоле жасап, халуми қуырып жеген қатты ұнайды. Ал мына жағдайда сүттен бастап дайын ірімшікке дейінгі бүкіл процесті өз көзіммен көрдім. Өнімнің қалай жасалатынын көргенде, оның дәмі де мүлдем басқаша сезіледі екен.

Тамақ сіз үшін жай ғана қажеттілік пе, әлде нағыз ләззат көзі ме? Өзіңізді гурманмын деп айта аласыз ба?
Жоқ, өзімді гурман қатарына қоса алмаймын. Мен жай ғана тамақ жегенді жақсы көремін. Кейде тәбетім азырақ болса екен деймін, бірақ әзірге бұған қол жеткізе алмай жүрмін (күледі). Мысалы, мен алкогольден өте жеңіл бас тарттым. Ал кезінде шарап жинап, бұл салаға қатты қызыққанмын. Жыл басынан бері кофе ішуді де доғардым. Оған дейін түске дейінгі уақыттың өзінде алты шыныаяқ кофе ішетін едім. Оны тоқтатқан соң, өзімді әлдеқайда жақсы сезіне бастадым, тіпті бойымдағы мазасыздық та азайды.
Ал аз жеуге мен әлдеқайда қиын үйрендім. Мен басқа әдеттерден тамақтан гөрі оңайырақ бас тарттым. Мұның себебі, тамақ – біздің отбасылық мәдениетіміздің маңызды бөлшегі. Біз үнемі бірге тамақтанамыз. Әйелім дәмді ас пісіріп, мені қуантуға тырысады. Оған қоса, бұл біздің бос уақытымызды бірге өткізудің бір амалы. Сондықтан жай ғана қарын тойдыру үшін тамақтану маған тән емес. Көбіне тамақ өте дәмді болғандықтан жей беремін.
Ендеше, «Азық-түлік» сервисіндегі «Тимурдың таңдауы» бөліміне ауысайық. Тоңазытқышыңызда не бар екенін жұртқа көрсету идеясы қалай туындады?
Бұл іспен әйелім екеуміз айналыстық. Шын мәнінде, идея сонікі болатын. Менің не жейтінімді және не жемейтінімді ол өте жақсы біледі. Ал өзіме қалса, бұл нәрсе біреуге қызық болады деп ешқашан ойламас едім (күледі). Бұл бөлімге шынымен де өзіміз сатып алатын, өзімізге ұнайтын және күнделікті тұтынатын өнімдер ғана кірді. Яғни, Freedom SuperApp ішінен өзіміз тапсырыс беретін тауарлар. Сондықтан бұл қандай да бір ең үздік өнімдердің рейтингі емес. Бұл біздің үйден үнемі табуға болатын нақты азық-түліктердің тізімі ғана.
Бұл тізімде кәдімгі сүт өнімдері мен жапон тұздықтары, желе немесе снектер сияқты экзотикалық тауарлар қатар тұр. «Енді осыны әкелейік» деген ұсынысты кім айтады?
Жапонияға қатысты айтар болсақ, бұл көбінесе әйелімнің ықпалы. Ол тамақ пен азық-түлікті менен әлдеқайда жақсы түсінеді. Ас әзірлегенді, түрлі дәм татып, эксперимент жасағанды жақсы көреді. Біз бірге жапон базарлары мен супермаркеттерін араладық. Жеткізушілермен кездестік. Өзімізге не жетіспейтінін, не ұнайтынын және біздің нарыққа не қызық болуы мүмкін екенін бағамдадық.
Бірақ біздің жеке бастамамыз бен команданың жұмысын қатар қоюға болмайды. Сервисте жеткізушілермен жұмыс істейтін арнайы категориялық менеджерлер бар. Олар тікелей және жанама импортты жүргізеді. Олардың қолында нақты аналитика, нарықты түсіну және түрлі санаттар бойынша тұтынушылық сұраныс туралы ақпарат бар. Біздің басты мақсатымыз – ерекше тауарларға назар аударып, нарықта әлі жоқ дүниені жүзеге асыру. Біз Жапониядан немесе Еуропадан қызықты бірдеңе көріп, оның біздің елде де пайда болуына түрткі бола аламыз. Меніңше, мен көбіне адамдарды шабыттандырып, бағыт-бағдар беріп, істің тетігін көрсетумен айналысамын. Ал одан әрі іліп әкетіп, дамытуды команда өз мойнына алады. Өйткені біз бұл сервисті тек өзімізге емес, барлық қазақстандықтарға арнап жасап жатырмыз. Тек өзіміз үшін болса, кез келген өнімді оңай алдырта беретін едік қой.

Қайсысы қиынырақ: табысты компания құру ма, әлде балаларыңыз болашақта өз ұрпағына жалғастыратын отбасылық дәстүр қалыптастыру ма?
Шынымды айтсам, отбасылық дәстүр қалыптастыру деген арнайы мақсат қойып көрмеппін. Неге екенін білмеймін, бірақ мұны аса маңызды деп санамаймын. Адамның бойында бәрібір белгілі бір мәдениет болады. Ал балаларың сол мәдениетті өз бойына міндетті түрде сіңіріп өседі. Маған «Балаларыңызды тәрбиелеуге тырыспаңыз – олар бәрібір өзіңізге ұқсайтын болады, одан да өзіңізді тәрбиелеңіз» деген сөз қатты ұнайды. Осы тұрғыдан алғанда, мен жай ғана өз болмысымды сақтауға, оларға көбірек уақыт бөлуге тырысамын. Оларға өзімді жақынырақ тануына мүмкіндік беремін. Жалпы, балаларыма көбірек көңіл бөліп, оларға құрметпен қарауды үйрену үстіндемін. Өйткені олардың да маған дәл солай құрметпен қарағанын қалаймын.
