Алматыдағы жаңа барлар мен мейрамханалар туралы баяндаймыз
Алматыда жаңа орындардың жиі ашылып жатқаны сонша, жақында алматылықтар «кешке қайда барамыз?» деген сұрақты мүлдем ұмытатын сияқты. Шілде айының өзінде Хоккайдодан келген балғын устрица ұсынатын орын пайда болды. Тағы біреуінде суға шампан бөтелкелері мен лимондар салынған фонтанның жанында әдемі суретке түсуге болады. Испан шараптары мен достық атмосферасы бар баспалдақтағы бар да ашылды. Тіпті Дінмұхамед Қонаевтың өзіне қонаққа кіріп, бауырсақ жеп кететін кафе де бар. Ендеше, Алматының жаңа барлары мен мейрамханаларына не үшін бару керектігін біздің материалдан оқыңыз.
Sashimi Club
Егер шынымен балғын балық жегіңіз келсе, KingFisher ұсынған жаңа гастрономиялық жоба – Sashimi Club-қа баруға кеңес береміз. Мұнда әр сенбі сайын залдың ортасында жаңа ауланған тунецті бөлшектейді. Албыртты Шотландиядан ұшақпен, ал устрицаларды Хоккайдодан әкеледі. Мәзірде сашими, трюфельді рамен, талғамы жоғары қонақтарға арналған ерекше роллдар және, әрине, онсыз өмір сүре алмайтындар үшін «Филадельфия» бар.
Sashimi Club Forum СОО-да орналасқан. Бұл жерде басты назар дизайнерлік интерьерге емес, тағамның сапасына аударылған. Жиырма жыл бойы жапон асханасымен және оның шеберлерімен жұмыс істеген шеф Иван Мамай балықтың сапасына, умами дәмінің тепе-теңдігіне және мінсіз соя соусына ерекше мән береді. Оның еңбегінің ең үлкен бағасы – шефке жеке алғыс айтып, Жапониядан тыс жерде мұндай дәмді тағамды көптен бері жемегенін айтқан жапон азаматтары болды.
Жақын арада Иван омакасе-сеттерді іске қосуға уәде беріп отыр. Бұл сеттер сол күні әкелінген ең балғын, ең жақсы өнімдерден дайындалады. Ең бастысы, сіздің тәрелкеңізге не келетінін аспаздың өзі шешеді. Сондықтан тосынсыйға дайын болыңыз.



Tapasseria шарап бары
Алматыда жаңа бар ашылды деп ешкімді таңғалдыра алмайсың. Олар қандай жылдамдықпен ашылса, сондай жылдамдықпен жабылып жатады. Ал Tapasseria шарап бары бұл үрдісті сәл бұзатын сияқты. Бұл – «баспалдақта ішетін бар». Ол шулы кештерден жалығып, енді кешті бір бокал шараппен және қарапайым тіскебасарлармен өткізгісі келетін бұрынғы хипстерлерге арналған.
Мұнда сізге испан кавасын, табиғи шарап, херес, тіпті краннан құйылатын қолдан жасалған сангрия ұсынады. Мұнда артық пафос пен менмен сомельелердің орнына, керісінше, қонақтарды жылы, достық атмосфера мен дәмді тапастар күтеді. Бұл орын жылқы етінен жасалған тартарымен және қарбыз гаспачосымен танылып үлгерді. Сондай-ақ, мұнда ащы асшаян қосылған эмпанадас пен арнайы маринадталған зәйтүннен дәм татуға болады.


Cafe Alma
Аты аңызға айналған Coffeedelia-ның орнында Cafe Alma-ның екінші нүктесі ашылды. Оның MEGA Alma-Ata СОО-дағы бірінші кафесі кеңестік бистро атмосферасының арқасында тез танымал болған еді. Ал жаңа орын Дінмұхамед Қонаевтың пәтер-мұражайынан шабыт алған. Кафенің негізін қалаушылар тіпті бірінші хатшының үйінде тұрған чех стенкасының дәл көшірмесін жасатып қойған. Интерьер толығымен винтажды заттардан жиналған: ескі базарлардан табылған ыдыс-аяқтар, әжелеріміздің гүл салғыштары, кеңестік сүт бөтелкелері және балық пішініндегі әйгілі Рига жиынтығы.
Мәзірі бірінші нүктедегідей. Ең танымал тағамы – шортан уылдырығы мен балқаймақ қосылған картоп бауырсақ. abr желісінің негізін қалаушы Асқар Байтасовтың жеке таңдауы – құлпынай қосылған даниш. Айта кетейік, кешке қарай пісірілген нан өнімдерін жеңілдікпен алып кетуге болады. Жоба серіктесі Наргиз Снадина жұсайдан жасалған суық сорпа мен балапан еті қосылған үлкен алматылық донерді жеп көруге кеңес береді. Ал біз сториске салу үшін таңқурай қосылған «инстаграмдық» вафли стақанын алуды ұсынамыз.





«Особняк» мейрамханасы
Жаңа орындар тізіміндегі нағыз жасырын қазына – «Особняк» мейрамханасы. Ол қаланың қақ ортасында орналасқанымен, бұл жерге кездейсоқ тап бола алмайсыз. Мейрамхана орналасқан жер үй биік тас дуалдың артында жасырынған. Дегенмен, оның террасасы әлеуметтік желілерде «әдемі өмірдің» декорациясы ретінде жиі көрініп қалып жүр.
Қазір қонақтарды тек жасыл желекке оранған ашық террасада қабылдайды. Ортада фонтан орналасқан – ішінде салқындатылған шампан бөтелкелері мен лимондар жүзіп жүр. «Особняктың» өз аңызы бар. Айтуларынша, кезінде бұл үйде гастрономиялық құпияларды жинап, тамақты ерекше мейіріммен дайындайтын отбасы өмір сүрген. Енді сол құпиялар мейрамхананың авторлық мәзірінде жинақталған. Негізгі басымдық француз және итальян асханаларына берілген: бургундиялық ұлулар, теңіз өнімдері қосылған буйабес, уылдырық қосылған тіскебасарлар, камчатка шаяны және, әрине, Жилардо мен Фин де Клер устрицалары. Мұнда устрицаны тез әрі жеңіл жеу керек дейді. Жақсы ортада ақшаның немесе уақыттың қалай өткенін байқамай қалатының сияқты.



