Lúa pastry Studio
Мұнда 14 ақпанға орай жайлылық пен нәзіктік сезілетін арнайы мәзір әзірленді. Оның ішінде құлпынай салынған балды шарлар, ваниль мен балғын жидектерден жасалған жеңіл «шу» тәттісі және шоколад пен шиенің классикалық үйлесімі бар. Бұл тәттілерді шағын ілтипат ретінде жеке-жеке сыйлауға немесе үш-төрт данасын талғаммен жинақтап, ішіне жүрекжарды лебіз жазылған ашықхат салынған «сезім қорапшасын» құрастыруға болады.
Мерекелік мәзірден бөлек, кондитерлік студия жақында ғана «Бриджертондар» хикаясының 4-маусым кейіпкерлерінің тағдыры мен мінез-құлқынан шабыт алған авторлық десерттер топтамасын таныстырды.
«Малевич»
«Малевич» шеберлері бұл мерекеге дайындық барысында нағыз суретшілерге тән эстетиканы басты назарда ұстаған. Олар барқыт велюрмен қапталған ерекше «жүрек» тәттісін ұсынады. Тәттінің ішіндегі балғын ананас, манго және маракуйя езбесінің жарқын дәмі бисквиттің нәзік кокос муссымен шебер үйлесім тапқан.
«Медовик»
Бұл жерде тәтті «валентинкалардың» тұтас топтамасы жинақталған. Мерекелік бенто-торттар, шоколадқа малынған классикалық құлпынай, тіпті таңқурай қосылған «исфахан» тәттісі мен макаронстар салынған әдемі бокстар кез келген мерекелік дастарқанның сәнін кіргізеді.
Flask
Flask кондитерлері бір көргеннен ғашық болатын десерт әзірледі. Үлпілдек кілегей мен мусстан жасалған тәттінің ішінде екі түрлі салма жасырылған: хош иісті таңқурай немесе күн шуақты манго. Десерттің сырты ақ немесе сүтті шоколадтың жұқа қабатымен қапталған. Бұл тәтті – хош иісті кофе үстіндегі екеуара емен-жарқын әңгіменің тамаша толықтырушысы болмақ.
Bal Bakery
Бұл наубайхана 14 ақпанға арнайы мәзір дайындамаса да, олардың жаңадан шыққан «Raffaello» торты нағыз романтиканың нышаны іспеттес. Нәзік кілегей мен кокос сарыны ұштасқан бұл торт – жанға жылу сыйлайтын ең үздік «валентинка» болуға әбден лайық.
