Ауада мандарин иісі аңқып, гирляндалар жымыңдай бастады, ал жүректе бала кезімізден таныс ғажайыпты күту сезімі оянды. Жаңа жыл да қыр астында, осыған орай біз мерекелік мәзірін жаңартып үлгерген, сізді бейжай қалдырмайтын алматылық бес мейрамхана мен дәмхананы іріктеп алдық.
Café Alma
Мекенжайлары:
- MEGA Alma-Ata, Розыбакиев к-сі, 263
- Қабанбай батыр, 79
- Almaty Museum of Arts, Әл-Фараби д-лы, 28
Биыл Café Alma классиканы жаңаша түрлендіруді жөн көріпті. Шеф-аспаздар бала кезден таныс дәмдерге жаңа, нәзік реңк берді. Мәзірден ысталған қазы қосылған оливье, ысталған лосось кремі бар нәзік «мимоза» және уылдырықпен жомарт әрленген эклерді таба аласыздар. Ал десертке үлпілдек «Аққала» және ақ шоколад құйылған қытырлақ қатпарлы «Шырша» ұсынылады. Бұл дәм сізді балалық шақтың ең бақытты қысқы күндеріне қайтарары сөзсіз.
Bella Ciao
Мекенжайы: Сейфуллин д-лы, 416к2
Көз алдыңызға елестетіңізші: терезе сыртында жапалақтап қар жауып тұр, ал піскен ірімшік пен жаңа піскен фокачча иісі аңқыған залда ерекше жылы атмосфера орнаған. Сәнді дастарқан басында сіз мүкжидек тұздығындағы үйрек сан етінен, қышқылтым мүкжидек тосабымен үйлесім тапқан күркетауық бауырынан жасалған нәзік паштеттен және үйрек еті қосылған жылы салаттан дәм татасыз. Ал соңында жайлылықтың шыңы ретінде үстелге шоколад субұрқағы қойылады.

Cafeteria
Мекенжайлары:
- Esentai
- Dostyk Plaza
- Байсейітова к-сі, 32
- Mega Silk Way
Жаңа жыл – бұл туған шаңыраққа, жылы естеліктерге оралу. Cafeteria осы сезімді аспаздық өнерге айналдырады. Дастарқанға жыланбалық және үлпілдек пармезан муссы қосылған «мимоза», бұқа құйрығынан қайнатылған құнарлы сілікпе, езбесі бар жаңажылдық балапан және ауызда еритін бұқтырылған сиыр ұрты тартылады. Ал қызыл уылдырық пен хош иісті ысталған май жағылған бутерброд – осы маусымның таптырмас таңдауы.
Lua Pastry Studio
Мекенжайы: Қонаев к-сі, 135
Жаңа жылың басты сыйлығы көңіл-күй десек, қателеспейміз. Lua Pastry Studio мейрамханасы сүйікті фильмдерден шабыттанған десерттер арқылы ғажайып көңіл-күй сыйлайды. Әрбір тәтті – балалық шаққа сапар шегу билеті іспетті: «Мұзды өлкедегі» ақкөңіл Олаф, Гарри Поттер әлеміндегі сиқырлы шырша, Мадагаскардың тентек пингвиндері және Шрек батпағындағы күлкілі Тәттікүлше бейнелері көз қуантады. Мұнда тәтті ертегінің дәмін татып қана қоймай, дайын мерекелік қорапша ретінде өзіңізбен бірге алып кете аласыз.
Six Coffee + Wine
Мекенжайлары:
- Абай д-лы, 17
- Бөгенбай батыр к-сі, 117
Жаңа жылдың шынайы рухы – жылулық сыйлау ниетінде жатыр. Six Coffee and Wine осы идеяға жан бітіріп, Pet-Friendly Coffee қайырымдылық акциясын іске қосты. Классикалық латте немесе капучиноға тапсырыс бере отырып, сіз тек өзіңіз жылынып қана қоймай, панажайларда ғажайыпты күтіп отырған жануарларға көмектесесіз. Әр шыныаяқтан және табан ізі пішініндегі арнайы печеньеден түскен қаражаттың бір бөлігі Алматыдағы @happy_pet_almaty және Астанадағы @serdca_astany қорларының қамқорлығындағы жануарларға аударылады. Мереке басталуын кейінге қалдырмай, осы үстелдердің бірінде, сиқырлы кофе немесе бала арманындағы десертпен бірге көңілді уақыт өткізіңіз.
