Алматы америкалық Eater басылымы жариялайтын Where to Eat 2026 гастрономиялық рейтингіне енді. Журнал сарапшылары бұл қаланы дәмді тамақ сүйер қауым міндетті түрде баруы тиіс мекендердің бірі деп таныды.
Рейтинг авторлары Алматының соңғы жылдары күллі аймақтың басты гастрономия орталығына айналғанын ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, қаланың қазіргі асханасы – ұлттық дәстүр мен тың тәсілдердің тамаша үйлесімі. Жергілікті дәмдерден қазақтың көшпенділер мұрасымен қатар, ұйғыр, орыс, өзбек, кәріс, түрік және үнді асханасының лебі еседі.
Орталық Азияның кіл мықты аспаздарын жинаған тұңғыш Almaty Food Fest фестивалі мен қаланың алғашқы ресми гастрономиялық гидінің жарық көруі де сарапшылар назарынан тыс қалмады. Бесбармақ, қазы, самса және бауырсақ сияқты дәстүрлі тағамдарды әйгілі Көк базардан оп-оңай табуға болады. Ал заманауи мейрамханалар бұл дәмдерді «неономад» (жаңа көшпенділер) стилінде түрлендіріп, мүлдем жаңа форматта ұсынып жүр.
Eater басылымы қаланың тағы бір ерекшелігі ретінде баппен шай ішу дәстүрін ерекше атап өткен. «Қай жерде тамақтансаңыз да, үстел үстінде міндетті түрде шай тұрады. Көбіне қара шай ұсынылады, кейде оған жергілікті жемістер немесе дәмдеуіштер қосылады. Бұл жақта адамдар бір шынаяқ шаймен бірнеше сағат бойы арқа-жарқа әңгімелесіп отыра береді».
Шетелдік қонақтарға жергілікті палаудың дәмін татып көруге кеңес беріледі. Алматыда оның ең дәмді түрлері дайындалады: ауызда еритін жұмсақ ет, балқыған тәтті сәбіз және тіпті қазы қосылған палауды кез келген жерден табуға болады. Қаладағы ұлттық тағамдарды заманауи форматта ұсынатын мейрамханалардың көптігі туристерге қазақ асханасымен танысуға таптырмас мүмкіндік береді.
