Rifugio del Monte
Қаланың қарбаласынан бойды алыс салып, таудың таза ауасымен тыныстағыңыз келсе, Шымбұлаққа жол тартыңыз. «Таудағы пана» деп аударылатын Rifugio del Monte өз атауын толық ақтап тұр. Панорамалық терезелерден менмұндалайтын қарлы шыңдар мен жайлы интерьер кез келген кездесудің ажарын аша түседі. Шеф-аспаз Никита Еремеев еуропалық классиканы авторлық шешімдермен түрлендіріп ұсынады. Мәселен, бақша көкөністерінен әзірленген тұздықпен берілетін камчатка крабы немесе трюфельді-кілегейлі тұздықпен ұсынылатын үйрек аяғының конфиі – талғампаз таңдаудың белгісі.
«Огонек»
Атауының өзі жылулық сыйлайтын бұл мейрамхананың басты ерекшелігі – тірі отта пісетін тағамдарында. Петербургтік шеф Руслан Закиров ұстанатын smart comfort қағидасы қарапайым әрі түсінікті дәмдерді алдыңғы орынға шығарады. Гриль мен отын жағылатын пеште дайындалған тағамдар өнімнің табиғи дәмін барынша аша түседі. Мұнда бәрі де қарапайым: ингредиенттер көп емес, бірақ әрқайсысы өз орнында үйлесім тауып, дәл уақытында ұсынылады.
Seven Bar аnd Restaurant
Егер серігіңізді қаланың кең тынысымен таңғалдырғыңыз келсе, зәулім ғимараттың 28-ші қабатына көтеріліңіз. Көктөбе мен «Нұрлы Таудың» түнгі шамдары аяқ астында жатқандай сезілетін Seven – Алматының ең әсерлі панорамалық нүктесі. Асүйі де осы көрініске сай келеді: шеф-аспаз Michelin жұлдызды мейрамханалардың тәсілдерін қолданып, тағамды ұсынуды нағыз театрландырылған қойылымға айналдырады. Ал кеш соңында 29-шы қабаттағы лаунжға көтеріліп, жұлдызды аспан астында авторлық коктейльдермен кешті жалғастыруға болады.
Bella Ciao
Бұл тратторияның аурасы сондай, оны «өмір сүруге ыңғайлы мекен» деп атағың келеді. Ішкі кеңістіктің жарықтығы мен жасыл желектің молдығы тіпті залда адам көп болса да, оңашалық сезімін сыйлайды. Мәзірдің өзегі – итальяндық классика: қолдан жасалған паста, ферменттелген қамырдан піскен пицца және нағыз миландық рецептпен әзірленген ризотто. Bella Ciao – жақсы шарап пен сапалы пастаның жанында ұзақ сырласқысы келетіндер үшін мінсіз таңдау.
Giardino
Giardino мейрамханасында қарапайымдылық пен талғампаздық үндестік тапқан. Жарқын интерьер, көптеген тірі өсімдіктер мен еркін отыру жүйесі кеңдік сезімін сыйлайды. Римдік шеф-аспаз әр тағамның итальяндық түпнұсқаға сай болуын қатаң қадағалайды. Бұл орын таңертеңгілік хош иісті кофе мен круассан ішуге де, кешкісін жақын адамыңызбен еш себепсіз, жай ғана жайлы атмосферада кездесу үшін де өте қолайлы.
Akunin
Қаланың қақ ортасында орналасқан Akunin – азиялық дәмдердің нағыз жинағы. Классикалық раменнен бастап, авторлық роллдарға дейінгі бай мәзір кез келген қонақтың көңілінен шығады. Мұндағы коктейльдер картасы да негізгі мәзірден кем түспейтіндей тыңғылықты әзірленген. Тәжірибе жасауды ұнататын және кештің қызықты әрі жарқын өткенін қалайтын жұптар үшін бұл – ең оңтайлы шешім.
