Dining|Food

8 Наурыз: Астананың мерекелік кеш сыйлайтын 5 мейрамханасы

АвторыВиктория Лебедева
04.03.2026
Tatler мұрағаты
IMAGE Tatler мұрағаты
Соңғы жылдары Астананың гастрономиялық картасы танымастай өзгеріп, форматтардың сан алуандығымен таңғалдыруда. Бүгінде елорда төрінен тарихы терең шарап үйлерін де, жергілікті өнімдерді авторлық өнердің туындысына айналдырған орындарды да, тіпті мәскеулік танымал жобалардың бөлімшелерін де емін-еркін таба аласыз. Мерекелік кештің шырайын келтіретін, баруға міндетті бес мейрамхананы назарларыңызға ұсынамыз

Dio Grand Café

Премиум-кэжуал форматын ұстанатын бұл дәмхана еркін атмосфера мен кәсіби сервистің тамаша тепе-теңдігін тапқан. Кеңістік бірнеше аймаққа ұтымды бөлінген: негізгі залдың салтанаты мен жазғы террасаның кеңдігінен бөлек, мұнда көңілді кештерге арналған караокесі бар VIP-бөлмелер де қарастырылған. Мәзірдің өзегін азиялық екпінмен түрленген еуропалық тағамдар құрайды. Ал антикалық сарынды заманауи эстетикамен шебер ұштастырған интерьер дизайны сізді Жерорта теңізінің жағалауына жетелегендей болады.

Selfie

Іргесі Мәскеуде қаланып, кейіннен The World’s Best Restaurants тізімінен орын алған Selfie жобасы – талғампаз қауымның сүйікті орны. Астаналық бөлімше open-kitchen тұжырымдамасын ұстанып, тағамдардың көбі қонақтардың көз алдында, үлкен шеберлікпен әзірленеді. Мұнда халықаралық рецепттер маусымдық өнімдермен астасып, жаңаша сипатқа ие болады. Мәзірден еуропалық классикамен қатар, қазақы дәмнің заманауи нұсқаларын да кездестіре аласыз: мәселен, жылқы етінен дайындалған рибай, жұмыртқа кеспесімен ұсынылатын бесбармақ немесе дала ірімшігінен жасалған балмұздақпен бірге берілетін тары бриошы таңдайыңыздан дәм кетпес ерекше әсер сыйлайды.

Cantinetta Antinori

Antinori шарап үйінің жанынан ашылған бұл мейрамхана – шынайы эстетиканың мекені. Итальяндық гастрономия мұнда бай шарап картасымен ажырамас бірлікте ұсынылады: Тоскананың дәстүрлі дәмдері мұнда заманауи аспаздық өнермен шебер астасқан. Балғын теңіз өнімдеріне негізделген мәзір мен тағамды ұсыну мәнері адамды еріксіз асықпай сөйлесіп, кештің әр сәтінен ләззат алуға баурайды.

Chez Georges

Егер сіз француз асханасының қаз-қалпындағы таза үлгісін іздесеңіз, жолыңыз осы Chez Georges-қа түссін. Мұнда ешқандай фьюжн-тәжірибелерсіз, тек дәстүрлі тұздықтар мен классикалық текстураларға мән беріледі. Оның камералық атмосферасы мен байсалдылыққа тұнған ішкі көрінісі қаланың шуынан шаршағандар үшін таптырмас баспана іспетті.

Mökki

The Ritz-Carlton мейманханасында орналасқан Mökki – жұмыс күндері іскерлік түскі асымен, ал жексенбіде салтанатты бранчтарымен елордалықтардың көңілінен орын тапқан мекен. Десе де, нағыз талғампаз қауым мұнда бас аспаз Франк Коппелькаммның авторлық гастросеттері үшін арнайы келеді. Chef’s Table форматында өтетін бұл кештер қонақтарға ашық асүйдің дәл жанына жайғасып, шеф-аспаздың фирмалық тағамдарды әзірлеу құпияларын өз көзімен көруге мүмкіндік береді.