Dining|Food

2026 жылдың алғашқы таңында денсаулықты оңалтатын Алматы мейрамханаларындағы бес ерекше сорпа

Автор Виктория Лебедева
01.01.2026
The Raw
IMAGE The Raw
Жаңа жылдың алғашқы күнінде айнала тыныштыққа бөленіп, ой-санаңыз байыппен тыныстап жатқан сәтте денеңіз дәрі-дәрмекті емес, таза дәм мен қуатты қажет етеді. Тек ас ішіп қана қоймай, бойыңыздағы үйлесімділікті қалпына келтіруді қаласаңыз, шипалы сорпалар көмекке келеді. Біз 2026 жылды сергек бастауға септігін тигізе отырып, сізді қайта тірілтетін бес түрлі тағамды іріктеп алдық

Үйрек еті қосылған рамэн, The Raw

Мекенжайы: Абылай хан даңғылы, 112/116

Бренд-шеф сиыр сорпасына нәзік үйрек еті мен арнайы бапталған жұмыртқаны қоса отырып, ежелгі жапон рецептін қайта жаңғыртты. Сорпа қайнатудың байырғы әдісін сақтай отырып, үйректің етін баяу отта баптап, жұмыртқаны өзіндік тәсілмен ашытқан бұл тағам адамды уақыт саяхатына жетелейді. Сорпасы құнарлы болғанымен, асқазанға ешқандай ауырлық түсірмейді. Үйрек еті бойға қуат беріп, жұмыртқа ерекше дәм сыйлайтын бұл ас мерекеден кейін тек қарын тойдыруды емес, талғампаз дәмнен ләззат алуды көздейтін жандарға арналған.

The Raw
IMAGE The Raw

Классикалық солянка, «Шеф»

Мекенжайы: Бөгенбай батыр көшесі, 104

Бұл мейрамханада классикалық рецепт кемеліне жеткізіліп, қою ет сорпасына бұзау, тауық және жылқы етінен жасалған қақталған өнімдер қосылған. Тағам дастарханға қаймақ, зәйтүн және лимонмен бірге тартылады. Нағыз құтқарушы саналатын бұл ас өзінің қанық түсімен және жағымды қышқылдығымен ерекшеленеді. Сорпа жай ғана дертке дауа болып қоймай, бойдағы шаршауды басып, адамның көңіл-күйін тап басады. Әр қасығы ағзаны зиянды қалдықтардан тазартып, жайлылық сезімін ұялатады. Ғасырлар бойы сыналған бұл ас мәзірі тойымдылығымен де, жанға жылу сыйлайтын қасиетімен де бағалы.

Асшаян қосылған Том ям, The Raw

Мекенжайы: Абылай хан даңғылы, 112/116

Бренд-шеф Джанмария Сапиа ащы, қышқыл әрі сергітетін Том ям сорпасын асшаян мен шиитаке саңырауқұлағын қоса отырып, авторлық стильде дайындаған. Мерекелік түнде түрлі тағамдар мен сусындардан дәм сезу түйсігіңіз қажып қалса, бұл ас нағыз көмекшіңізге айналады. Ащылығы серпілтіп, қышқылдығы ширатып, лемонграсс пен жұпар иісті шөптердің хош иісі ой-санаңызды айқындай түседі. Тағамның ішіндегі ірі асшаяндар 2026 жылдың берекелі болатынынан хабар бергендей әсер қалдырады. 

The Raw
IMAGE The Raw

Мисо сорпасы, The Raw

Мекенжайы: Абылай хан даңғылы, 112/116

Тауық сорпасы негізінде дайындалған, тофу, вакамэ және көк пияздан жасалған авторлық тұздық қосылған бұл ас нағыз шипагер саналады. Табиғи дәрумендерге бай вакамэ мен тауық сорпасы мерекеден кейінгі мазасыздық пен қысқы енжарлықты басуға септігін тигізеді. Пайдалы бактерияларға толы мисо қоспасы ас қорыту жүйесін жұмсақ іске қосады. Ал көк пияздан жасалған арнайы тұздық дәмнің соңғы нүктесін қойып, тағамның тереңдігін аша түседі.

The Raw
IMAGE The Raw

Лисан, Auyl

Мекенжайы: Керей – Жәнібек хандар көшесі, 586

Тағамның атауы «тіл үйірер дәм» деген мағынаны білдіріп, ол қатық пен бұзау тіліне дала шөптерін қосу арқылы салқын күйде дайындалған. Бұл ас бойды қыздырмай, керісінше, іштей сергітіп, ерекше әсер береді. Ашытылған қатық ағзадағы теңгерімді қалпына келтіріп, жұпар иісті шөптер жанға тыныштық сыйлайды. Жылдың алғашқы күнін ақыл-ой тазалығымен және даланың кеңдігін сезіне отырып қарсы алғысы келетіндер үшін бұл таптырмас таңдау болмақ.