Жайлылық сыйлайтын сусынды таңдай отырып, мерекелік көңіл-күйдің сәнін келтіретін басты қысқы коктейльдерге шолу жасаймыз
1. Глинтвейн
Глинтвейнді Рождествоның жаны мен жүрегі деуге болады. Дәмдеуіштер мен жемістер, көбіне коньяк немесе ром қосылып, баяу ысытылған қызыл шараптың үй ішін жайлылыққа бөлейтін хош иісінде ерекше сиқыр бар.
Глинтвейн – шөл басатын сусын емес, жасалуының өзі бір ғанибет рәсім. Ең бастысы – шарапты қайнатып алмау, әйтпесе алкоголі ұшып, орнын ащы дәм басады. Сусынның кілті – дәмдеуіштер үйлесімінде: даршын тәттілік, қалампыр қышқылтым дәм, бадьян жеңіл анис нотасын сыйласа, хош иісті бұрыш бойды жылытады. Ал қабығымен қосылған апельсин тілімі сусынға цитрустық сергектік пен сәл ғана ашқылтым дәм береді.
Беру тәсілі: Қабырғасы қалың шыны саптыаяқтарда немесе айриш-кофеге арналған бокалдарда, даршын таяқшасымен және апельсинмен сәндеп ұсынған жөн.

2. Грог
Британдық теңізшілерден қалған тарихы бар, кейіннен рождестволық классикаға айналған сусын. Негізі – қант (немесе бал) және цитрус жемістері қосылып, ыстық қара шаймен араластырылған қара ром.
Қарапайымдылығымен, күштілігімен және шынайылығымен ерекшеленетін грогты нәзік сусын деп айту қиын. Оның бар сәні қарама-қайшылықта жатыр: ромның күйдіргіш қызуы мен лимонның сергітетін қышқылы өзара үйлесім тапқан. Ол тек температурасымен ғана емес, ішкі «отты» тұтандыру арқылы бойды қыздырады. Көбіне глинтвейнге қосатын даршын мен қалампырды қосу арқылы, сусынға күрделі әрі мерекелік дәм беріледі. Бұл – тез әрі ұзақ уақытқа жылынуды қалайтындардың таңдауы.
Беру тәсілі: Қарапайым саптыаяқта немесе металл ыдыста берген дұрыс. Апельсин немесе лимон қосу – шарт.

3. Айриш-кофе
Бұл – қою ыстық кофе, ирланд вискиі, құрақ қанты және бетіндегі салқын, жеңіл көпіршітілген кілегейдің мінсіз үйлесімі.
Сусынның сыры дайындалу техникасында жатыр: кофемен араласып кетпеуі үшін салқын кілегейді қасықтың сыртымен абайлап құю қажет. Сонда әрбір жұтым ғажап әсер сыйлайды: алдымен салқын әрі нәзік көбік арқылы өтіп, артынша ыстық, ашқылтым-тәтті, мас қылатын «кофе жүрегіне» бойлайсыз.
Беру тәсілі: Ыстық шыныға қол күймеуі үшін сабынан ұстауға ыңғайлы, арнайы аяқшасы бар бокалда беріледі.

4. Эгг-ног (гоголь-моголь)
Шикі жұмыртқа, сүт немесе кілегей, қант және күшті алкоголь (көбіне бренди, ром немесе бурбон) негізінде жасалатын құнарлы, калориясы мол, десертпен тең коктейль.
Дәстүрлі эгг-ног уақытты қажет етеді. Оны алдын ала дайындап, тоңазытқышта бірнеше күн, тіпті апталап ұстайды. Осы уақыт аралығында дәмдер бір-біріне сіңісіп, алкогольдің өткірлігі жұмсарады, ал текстурасы біркелкі, жібектей болып шығады. Дәмі жұмсақ, тәтті, ваниль мен жұпар жаңғағының ноталары сезілетін нағыз мерекелік сусын.
Беру тәсілі: Шағын стақандарда немесе саптыаяқтарда, бетіне үгітілген жұпар жаңғағын мол сеуіп ұсынады.

5. Эспрессо мартини
Заманауи кештердің сәніне айналған бұл коктейль – құнарлы кешкі ас пен таңға дейінгі бидің арасын жалғайтын «алтын көпір». Онда эспрессоның сергектігі, кофе ликерінің тәттілігі және арақтың тазалығы тоғысқан.
Оның сиқыры текстурасында жатыр. Егер коктейльді шейкерде дұрыс шайқаса, сапалы эспрессодағыдай қою кофе көбігі («крема») пайда болады. Дәмі ересектерге арналған талғампаз десертті еске салады: ашқылтым-тәтті, салқын әрі айқын кофе хош иісі бар. Оны дәстүрлі «қысқы» сусын деп атау қиын болғанымен, сергек әрі сымбатты болуды талап ететін жаңажылдық түндердің ажырамас бөлігіне айналғаны рас.
Беру тәсілі: Салқындатылған мартини бокалында, көбігінің үстіне денсаулық, байлық және бақыт нышаны ретінде үш кофе дәнін қойып ұсынады.

6. Ескі ағылшын сидрі (Вассайл)
Тізімдегі ең көне және фольклорлық сусын. Вассайл – пеште піскен алма мен дәмдеуіштер қосылып, кейде херес немесе мадерамен толықтырылған, жылытылған эль немесе сидр.
Бұрын ол алма бағынан мол өнім алу мақсатында жасалатын ғұрыптық сусын болған. Дәмі күрделі, қышқылтым, глинтвейнге қарағанда тәттілігі азырақ. Сидр мен эльдің қышқылы, зімбір мен қалампырдың өткірлігі және піскен алманың карамельді дәмі өте жайлы, «жер иісі» аңқитын табиғи дәм үйлесімін тудырады. Бұл сусын табиғатпен үндестікті және ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрді еске салады.
Беру тәсілі: Әдетте үлкен шараға құйылып (пунш сияқты), ожаумен таратылады. Сусын ішінде міндетті түрде піскен алма тілімдері жүзуі керек.

