Dining|Drinks

Уақытпен өлшенген байлық: Tatler Kazakhstan ивент-директорының Шампаньға саяхаты

АвторыАнтуан Димитров
11.11.2026
Уақытпен өлшенген байлық: Tatler Kazakhstan ивент-директорының Шампаньға саяхаты
Tatler басылымының ивент-директоры Антуан Димитров Францияның Эперне қаласына жол тартты. Оның басты мақсаты – шампан шарабының түрлерін ажыратып үйрену емес. Ол әлемге әйгілі Шампань өңірінің өз тарихын, табиғатын және қонақжайлылығын қалайша нағыз люкс индустриясына айналдырғанын өз көзімен көргісі келді

Шампаньға бара жатқанда, менің де көз алдымда жүзімдіктер, жертөлелер, зәулім шатолар мен француздардың талғампаздығы тұрды. Бірақ көп ұзамай мынадай бір қызық жайтты түсіндім. Бұл өңірдің ең басты құпиясы шарап құйылған бокалдың ішінде емес екен. Шампань, ең алдымен, уақытқа деген ерекше құрметті және сол уақытты ғажап қонақжайлылыққа айналдыра білетін француздардың шеберлігін білдіреді. Олар мұнда келген әрбір қонаққа асығып-үсігудің мүлдем орынсыз екенін өз істерімен тамаша дәлелдейді.

Бұл саяхатта маған әйгілі Moët & Chandon шампан үйі жолбасшы болды. Сапарымыз Эперне қаласынан басталды. Бұл шаһар Шампань өңірінің бейресми астанасы атану үшін көршілес Реймс қаласымен әлі күнге дейін жарысып келеді. Реймстің мақтанатын тарихи байлығы жетерлік: мұнда кезінде корольдер тәж киген, әйгілі Париж соборымен терезесі тең түсетін алып ғибадатхана бар. Ал Эперне қаласының басты мақтанышы – Шампань даңғылы және жер астында орналасқан тұтас бір қалашық. Бір ғана Moët үйінің жертөлелері 28 шақырымға созылып жатыр. Екі қаланың арасындағы бәсекеде бұл өте салмақты дәлел екені сөзсіз.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Жер астында тарих сақталғанымен, жер бетіндегі Шампань біртіндеп өзгеріп жатыр. 2026 жылғы жүзім өнімі рекордтық ерте мерзімде жиналды. Климаттың өзгеруі тіпті ғасырлар бойы бұзылмаған қағидаларды қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Essentia орталығында бізге сырты қызғылт, бірақ іші ақ түсті Сhardonnay Rosé жүзімін көрсетті. Бұл 2025 жылдан бері Шампаньның ресми тізіміне енген жаңа сұрып саналады. Сомельеге шампан шараптарына «био» белгісін қою туралы сұрақ қойып едім, ол маған Natura Nostra бағдарламасы жайлы айтып берді. Бұл бағдарлама бойынша жүзім алқаптарының арасына қайтадан ағаштар отырғызылып, өсімдіктер мен жануарларға орын беріледі. Сөйтсек, болашақтың мінсіз жүзімдігі тым таза емес, сәл жабайылау көрінуі керек екен. Бұл жалғыз жүзімдіктер үшін ғана емес, бүкіл табиғат үшін өте жақсы жаңалық.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан
Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Fort Chabrol орталығына барғанда, мұндағы барлық романтиканың негізінде нақты ғылыми жетістіктер жатқанына көзім жетті. Ал жер астындағы тіршілік тек адамның табандылығы мен шыдамдылығына сүйенеді. Жертөлелерді аралап жүріп, Шампаньның уақытпен қарым-қатынасы өте қызық екенін байқадым. Мұнда әртүрлі жылғы өнімді бір-бірімен араластырады және оны сөрелерде өте ұзақ сақтайды. Осылайша олар уақыттың өзін бір бөтелкенің ішіне қамап қоятындай әсер қалдырады. Бұрын шампанды «шайтанның шарабы» деп атаған екен. Өйткені қысымға шыдамаған бөтелкелер жиі жарылып кететін болған. Ал бүгінде сол «шайтанның» орнын аса дәл жұмыс істейтін заманауи технологиялар басты. Нағыз прогресс деген осы шығар.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан
Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Бұл саяхаттың ең шарықтау шегі – Шольи жүзімдіктерінің ортасында орналасқан Château de Saran жеке резиденциясы болды. Бұл жерге ақша төлеп, нөмірге тапсырыс бере алмайсыз. Мұнда тек арнайы шақырылған мәртебелі қонақтар ғана түнейді. Бес жылға созылған жөндеу жұмыстарынан кейін шато 2019 жылы қайта ашылған. Дәл осы жерде «нағыз сән-салтанат – бас тарта алу еркіндігі» деген танымал сөздің мағынасын терең түсінесің.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Маған Людовик XIV (Louis XIV Suite) деп аталатын бөлме бұйырды. Мұндай атауы бар бөлмеде тұру адамның өзіне деген бағасын кәдімгідей өсіреді екен. Кешке қарай бізге мынадай бір жергілікті ережені айтып берді. Әдетте қонақтар Saran резиденциясында тек бір түн ғана қонады. Бұл жерде ұзағырақ қалу құрметіне тек әнші Мадонна немесе британдық король отбасының мүшелері сияқты ерекше тұлғалар ғана ие болған. Сондықтан осында бір түн түнегеннің өзінде өзімді әлемдік жұлдыздардың қатарына қосқандай болдым. Бұл өте жайлы танымалдылық: саған зәулім шатоның есігі айқара ашық, бірақ соңыңнан аңдыған папарацци жоқ.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Кешкі ас кезінде бізді Мишлен жұлдызы бар шеф-аспаз Жан-Мишель Барде күтіп алды. Ол бізге француздардың өмірден ләззат алу өнерін өз пайымымен көрсетті. Оның дайындаған асы тағам мен шараптың керемет үйлесіміне құрылған. Оның пікірінше, тағам мен шарап бір-бірін жай ғана толықтырмай, бір-бірімен «тілдесуі» керек. Дастарқан басындағы әңгімеміздің жарасқаны соншалық, бір сәтте ненің ненімен мінсіз үйлесіп тұрғанын ажырату қиынға соқты. Шампанға сай таңдалған тағам ба, әлде бір-бірін тапқан қонақтар ма – бұл жағы беймәлім.

Шеф-аспаз Maison Жан-Мишель Барде | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Шеф-аспаз Maison Жан-Мишель Барде | Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Дәл осы Saran резиденциясында мен ұлы француз брендтерінің «maison» (үй) деген сөзді неліктен қатты жақсы көретінін түсіндім. Нағыз жоғары деңгейлі қонақжайлылық қарапайым қызмет көрсету сияқты емес, өзіңізді туған үйіңізде жүргендей сезіндіруі тиіс. Тек бұл «үйдің» салынғанына 200 жылдан асқан, ал бөлмеңіздің аты – Людовик XIV. Және ең өкініштісі, мұнда келу үшін бронь жасау мүмкін емес.

Антуан Димитров | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Антуан Димитров | Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Сондықтан оқырмандарға «Château de Saran-ға міндетті түрде барыңыз» деп кеңес беру сәл әжуа еткендей көрінер еді. Өйткені ол жаққа тек арнайы шақырумен ғана кіре аласыз. Бәлкім, енді тек «Tatler-дің ұсынысымен ғана кіре аласыз» деп айтуға болатын шығар.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Жалпы, Шампаньнан қайтарда мен шампан шарабынан гөрі, өмірдің мәні туралы көбірек ойланып қайттым. Ең басты түйгенім мынау: нағыз сән-салтанат бұл ақшамен емес, уақытпен өлшенеді екен. Бұл байлық жүзім өсетін жердің ғасырлар бойғы тарихынан, шараптың жертөледе ұзақ жылдар сақталуынан және үй иелерінің әрбір қонаққа асықпай көңіл бөлуінен көрініс табады. Бұл жерде уақыт саған қызмет етеді, ал нағыз байлық деген осы.