«Мен үшін шампанға ақша жұмсаудан артық рахат жоқ» деген Хемингуэйдің сөзі желтоқсан айында өте орынды естіледі. Бір әдемі аңыз бойынша, шампанның дәмін алғаш татқан адам монах болған екен. «Тез келіңіздер, мен жұлдыздардың дәмін татып жатырмын!» – деп айқайлапты ол алтын түстес көпіршікті эликсирден алғашқы ұрттамды жасаған сәтте. Шампан ішіп көрген кез келген жан оның не айтқысы келгенін түсінеді, бірақ бұл сөз бүгінде тек құдайлар асына тән дәмді ғана емес, сонымен бірге одан да терең мағынаны білдіреді. Көптеген сусындар сәнге кіріп, сәннен шығып жатады, бірақ шампанға деген махаббат ешқашан өзгермейді. Ол өмірде де, кинода да салтанатты, ғажайып сәттер мен жеңістің символы болып қала береді.
Кино тарихы «шампан» көріністеріне толы. Олардың қатарында «Тиффанидегі таңғы астағы» Одри Хепбернді, «Сұлу бикештегі» Джулия Робертсті, «Ұлы Гэтсбидегі» Леонардо Ди Каприоны және Джеймс Бондтың дерлік әрбір нұсқасын атап өтуге болады. Өміріміздің ең салтанатты сәттерін атылған тығындардың дыбысынсыз елестету қиын. Әрбір атылған тығын қуанышты білдірсе, әрбір ұрттам ұлы жеңістер мен нұрлы сәттер үшін айтылған тост болып есептеледі. Бірақ шампанды соншалықты ерекше ететін не? Оның құпиясы көпіршігінде ме? Әлде терруардың күрделілігінде ме?
Сомелье Артем Лебедев шампан феноменінің артында көптеген факторлар тұрғанын, соның ішінде өндірістің күрделілігі, ұлы аймақ және маркетинг бар екенін айтады. «300 жыл бойы: „Әлемдегі ең ұлы көпіршікті шарап – шампан“ деп қайталаумен болды. Оған брендтің күшін, таптырмастығын және бағасын қосыңыз. Суретшілер, жазушылар мен кино мамандарының бәрі шампанға бәс тігеді. Жүз рет айтылған сөзге жұрт та сенеді. Әр брендтің өз „вайбы“ бар, сондықтан біз жай ғана шарап емес, үлкен идеяны ішеміз», – дейді Артем.
Шампан – мүмкін емес дүниенің шегінде жасалған өнім. Оның бойында ғылым да, бақсылық та, сондай-ақ ұлы дүниелерді тудыратын сәл ғана «жындылық» та бар. Мерекедей жеңіл болуы тиіс сусын табиғаттың өзі адамдардың төзімі мен мықтылығын сынайтын қатал жағдайда жасалады. Нәтижесінде, сырттай қарағанда еш күш жұмсалмағандай көрінетін, бірақ іс жүзінде орасан зор еңбек пен тәуекелдің жемісі болып табылатын шарап дүниеге келеді. «Шампан – бұл ең кірпияз жерде өскен ең нәзік жүзімді алып, онымен бірге екінші өмірді бастан өткеру және оның ғажайып болып шығатынына сену деген сөз. Сондықтан әрбір ұрттам – бұл жай ғана шарап емес, бейберекетсіздікті жеңген кішігірім жеңіс болып саналады», – деп толықтырды Артем.
Адамның шампанға деген махаббаты оның өмірден ләззат ала білу қабілетін көрсетеді деген пікір бар. Артем жымиып: «Шампань – күрделі әрі „тұйық“ сусын. Егер көшеге шығып, алғаш жолыққан адамға оның шампан екенін айтпай ұсынсаңыз, ол сусын көпшілігіне ұнамайды. Оларға Просекко көбірек ұнайды. Ал Асти тіпті жақсырақ көрінуі мүмкін. Өйткені бұл сусындар қарапайым, тәтті және түсінікті. Ал жақсы шампань – шарап әлемінің операсы. Оны сүю үшін белгілі бір дайындық жолынан өту керек. Шампанды шын сүйетін жандар әрқашан гедонистер болып келеді. Шампанды бағалайтын адамның талғамы нашар болуы мүмкін емес деп есептеймін. Бұл әрқашан талғампаздық пен тереңдіктің белгісі», – дейді.
Салтанаттан қарапайымдылыққа қарай
Өндірушілер мен шарап саудагерлері үшін шампанның тек «салтанатты» сәттермен байланысты болуы үлкен мәселе тудырады, өйткені ол тек мерекелерде ғана сатылады. Сондықтан олар бұл сусынды «күнделікті асқа арналған шарап» ретінде танытуды көздейді.

«Егер мерекелік маркетингті ысырып қойсақ, шампан – ең гастрономиялық сусындардың бірі болып табылады. Оның жоғары қышқылдығы, жеңіл қалдық қанты және бейтарап минералдылығы сусынды тағамдар үшін мінсіз етеді. Көпіршіктер кез келген майлы және текстуралы тағаммен жақсы үйлеседі. Ресторандарда шампанмен бірге фри картобын немесе чипсы ұсынатынын көрген боларсыз. Бұл – классикалық әдіс. Шампанның жоғары қышқылдығы мен тірі көпіршіктері рецепторларды сергітіп, картоптың майлы қабығын бейтараптайды да, оның тұзы мен қытырлақ дәмін ерекшелей түседі. Бұл „асқақ“ пен „қарапайымның“ одағы дастарханға өзгеше сән береді. Дәл осы процесс бешбармақ жегенде де болады – шампан етпен де, қамырмен де тамаша үйлеседі. Шампань спаржа немесе крем-суп сияқты „күрделі“ өнімдермен қарапайым шараптарға қарағанда жақсырақ „тіл табысады“. Ал устрица, уылдырық, шаян мен теңіз өнімдері туралы айтсақ, шампан бұл жерде теңдессіз сусын болып саналады».
Артем таңғы асқа шампан ішудің еш айыбы жоқ екенін айтады. «Мен тіпті бұл мінсіз таңдау дер едім. Бірақ оны таңғы аспен емес, таңғы ас орнына ішкен дұрыс. Бірде біз Жаңа жылда тау баурайындағы вилланы жалдадық. Түн көңілді өтті. Бірақ мерекенің ең тамаша сәті бірінші қаңтардың таңы болды. Таза ауа, тау көрінісі, ұйқыдан ояна сала бірінші кезекте шампан ішу – бұл ерекше сәт. Дәл осындай сәттерде сусын өзін дәм арқылы емес, сезім арқылы ашады», – деп еске алады ол.
Бокалдың маңызы зор
Ләззат алу деңгейі бокалдың формасына тікелей байланысты. Бокалдың пішіні – жай ғана еріккеннің ермегі емес, шараптың бар сұлулығын ашатын сиқырлы тепе-теңдікті іздеудің нәтижесі. Алғашқы бокалдар Мария-Антуанеттаның төсіне ұқсатып жасалған креманкалар еді. Олар сүйкімді көрінгенімен, іс жүзінде мүлдем тиімсіз болды, өйткені көпіршіктер лезде ұшып кетеді. Екінші шеті – флюте деп аталатын жіңішке бокалдар. Артемнің айтуынша, бұл бокалдар шампанға ешқашан сәйкес келмеген. Мұндай бокалдарда көпіршіктер әдемі ойнағанымен, нәзік хош иістер түзіліп үлгермейді.
Ең жақсысы – соңғы жылдардың басты тренді болып табылатын қарапайым шарап бокалы. «Және міндетті түрде жұқа шыны болуы тиіс. Шынының қалыңдығы шараптың тілге қалай тиетініне әсер етеді. Жұқа қабырға сусынды басқаша құяды, соның нәтижесінде мультисенсорика жұмыс істеп, ләззат арта түседі. Сомельелер арасында мынадай дәстүр бар: үйіңіздегі орташа бокалдың құны сіз ішетін орташа шарап бөтелкесінің құнымен бірдей болуы керек. Адамдар бокалға 50 000 теңге төлеуге дайын емес, бірақ дәл осы сомаға шарап сатып алып ішеді, соның салдарынан тиісті рахатты толық ала алмайды».
