IMAGE Фотограф: Аружана Жанова

Қазақстандық дизайнер ұсынған жаңажылдық үстел безендірудің 5 нұсқасы

Америкалық социолог Присцилла Паркхерст Фергюсон «Babette's Feast: A Fable for Culinary France» деп аталатын ғылыми еңбегінде Babette’s Feast (1987) атты әлемдік киноклассиканы сөз етеді. Фильмнің басты кейіпкері — Бабетта, соғыс салдарынан Данияның шалғай ауылына қашуға мәжбүр болған француз аспазы. Зерттеуші бұл еңбегінде фильмге жүгіне отырып, француз асханасының мәдени және әлеуметтік маңыздылығын талдайды. Ол тағам дайындаудың өнер ретінде қарастырылуын зерттей отырып, «тамаша талғамды қалыптастырған сана енді ешқашан одан бас тарта алмайды» деген тұжырымға келеді. Расында да, Бабеттаның дастарханы аскеттік ғұмыр кешкен фильм кейіпкерлерін әсем атмосфера мен дәм алуандығына бөлеп, рухани, эстетикалық метаморфозаларға итермелейді.

Сол секілді бүгін де шебер декораторлардың мақсаты — өз бірегейлігін дастархан арқылы жеткізе отырып, табиғи түрде әдемілікке шабыттандыру, әлемге көзқарасымызды, яғни талғамымызды жетілдіру.

Солардың бірі — кәсіпқой декоратор, дизайнер және Something Else Almaty креативті директоры Дамели Жанова, Татлер оқырмандарына өзіндік жаңа жылдық дастархан үлгілерін ұсынады.

Ол бұл жобасын: «Менің басты мақсатым — дәстүрлі, тіпті клишеге айналған қызыл, жасыл және алтын түстес реңктер баламасын ұсына отырып, ерекше дастархан жасауға шабыт сыйлау. Мұндай концепция үстелді көңіл күйіңізге сай безендіріп, бірегей әрі таңқаларлық етуге мүмкіндік береді», — деп түсіндіреді.

Төменде әртүрлі стильдегі Дамелидің бес ерекше дастархан сеті ұсынылған:

Сет 1

Бұл дастархан — кез келген той-думанда орынды, әрі стильді фуршет үлгісі. Қиярдан жасалған шырша таныс ұғымға жаңаша көзқарас беретіндей, жинақы қорамдардағы минималистік үлгідегі шырақтар композицияны одан әрі толықтырады. Ал көк дастархан жоғарыда айтылған элементтерді біріктіріп, тартымды концептуалдылықты бейнелейді.

Tatler Asia
Tatler Asia

Сет 2: Жылылық пен жайлылық

Хош иіс пен түстер үйлесімі — идеяның негізі. Кептірілген апельсин қабықтары шырақтарды безендірумен қоса, айналаны цитрустың хош иісіне бөлеп, жылулық сыйлайды. Ал ұйымдастырылуы тамаша банкеттер қағидатына сай, әрбір қонақтың аты жазылған шағын карталар мен бедерлі маталар рождестволық дәстүрлерді еске салары анық. 

Tatler Asia
Tatler Asia

Сет 3: Батыл акценттер

FORMA брендінің ыдыстары мен майшамдары қолданылған

Жаңа жылдық үстелді безендіруде жарқын түстерге, қызықты формалар мен текстураларға назар аударылады. Ашық түсті жібек дастархан түрлі-түсті акцентті гобелен іспеттес. Қызғылт амариллис гүлдерінен жасалған ерекше «шырша» дәстүрлі шырша элементтері орнына қолданылған. Қою көк түсті жібек баулармен байланған, пішіні ерекше қызғылт тәрелкелер, ашық сары түсті маршмеллоу, сондай-ақ түптері көк түсті шыны ыдыстар қосымша стильдік ерекшелік береді.

Tatler Asia

Сет 4: Отбасылық дәстүр

DOMINGO SALONE бренді ыдыстары қолданылған. 

Ұсынылған сет дәстүрлі отбасылық мерекелік түскі ас атмосферасынан шабыт алған. Шілтерлі плейсматтары бар фактурлы дастарханнан бастап, нәзік фарфор ыдыстар мен винтажды бұйымдар секілді әрбір элемент жылы, отбасылық мерекелік настольгияға жетелейді. Ал кипарис бұтақшалары мен жабайы алма — үйдегідей жылы атмосфераға бөлейтін негізгі акцент. 

Tatler Asia
Tatler Asia

Сет 5: Винтажды сән-салтанат

DOMINGO SALONE бренді ыдыстары қолданылған

20–30-шы жылдар эстетикасынан шабыт алған бұл дастархан өте нәзік әрі кербездікке толы. Композиция негізі – ақшыл реңкті жібек үстел жабыны. Винтажды болат ыдыс-аяқтар өткен ғасырдың сән-салтанаты мен молшылыққа толы атмосферасын еске салады. Композицияны шарап түсімен әдемі үйлесім табатын әрі декор, әрі ерекше дәм ретінде ұсынылатын, шарап дәмін сіңірген алмұрттар мен барқыт баулармен безендірілген шамдар түйіндейді.

Жаңа жылдық үстелдегі әрбір элемент өнер туындысына айналып, ерекше мағынаға ие бола алады. Гүлдер метафора іспетті, ал шырақтар маңғаздықтың шарықтау шегін бейнелейді. Ал біз осы топтама арқылы мерекелік дастарханның жай ғана декор емес, өзіңіз бен жақындарыңызға арнап әдеттегіден мүлде бөлек тарихи таным сыйлар бірден-бір құрал екенін дәлелдей алдық деп үміттенеміз. 

Tatler Asia
Tatler Asia

Авторы

Фотография  

Аружана Жанова

Сет дизайн  

Дамели Жанова

Темы