Неліктен әр асүйде шакшука әзірленуі керек?
Бұқтырылған қызанақ, болгар бұрышы, зәйтүн майы және пашот жұмыртқасынан жасалатын, зире мен басқа да дәмдеуіштер қосылған бұл тағамды Израильде таңғы асқа кішкентай табада ұсынады. Ал Алжирде шакшуканы кешкі астағы негізгі тағамға гарнир ретінде жейді.
Солтүстік Африкада шакшука XVI ғасырдың ортасында пайда болған. Бұл уақытта жергілікті аспаздар қызанақ пен болгар бұрышы алғаш рет таныған еді. Аталған көкөністер Эрнан Кортес арқылы Колумб алмасуы нәтижесінде аймаққа әкелінген-ді. Колумб алмасуы дегеніміз — Африка, Еуразия және Америка құрлықтары арасындағы адамдардың, жануарлардың, өсімдіктердің, тіпті аурулар мен идеялардың өзара (көбіне кездейсоқ түрде) тасымалдануын білдіреді. XVI ғасырдың ортасында конкистадор Кортес испан армиясының құрамында Алжирдегі әскери операцияға қатысқан. Жорық сәтсіз аяқталғанымен, аймақтың томатпен танысуы сәтті болды.
Барлық Магриб елдері, яғни қазіргі Марокко, Алжир, Тунис және Ливия, көп ұзамай бұл көкөністерді ұлттық асханасына енгізеді. Бүгінде шакшука — Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы ең танымал тағамдардың бірі. Мароккода оны bīḍ w-maṭiša, яғни «жұмыртқа мен қызанақ» деп атайды. Израильде бұл тағам ерекше танымалдылыққа ие болып, культқа да айналған. Шакшуканы әдетте бір адамға арналған кішкентай табада дайындап, сол табаның өзінде үстелге қоя салады.
Дұрыс шакшука
Бұқтырылған қызанақ, болгар бұрышы мен пияздың қоспасы түгел зәйтүн майы мен дәмдеуіштермен дәмделіп, жұмсақ (бірақ тым езілмеген!) қоспаға дейін қайнатылады. Осы көкөніс қоспасына жұмыртқа-пашот салынады. Бұл тағамның үстіне жаңа піскен кинза себіліп, әсемдік беріледі. Шакшука қақпағы жабық табада дайындалады, сондықтан жұмыртқаның сарысы ақуызбен сәл жабылып, сұйық қалпын сақтап тұрады. Қалауыңызға қарай чили бұрышын қоссаңыз да болады. Мысалы, израильдіктердің дені шакшуканы ащы күйінде жегенді ұнатады.
Бүгінгі таңда шакшуканы жиі «израильдік жұмыртқа тағамы» деп атайды, алайда оның рецепті Израильге 1950 жылдары Солтүстік Африкадан келген еврей иммигранттары арқылы таралған. Шакшуканың аймақтық нұсқалары өте көп. Айырмашылығы қызанақ тұздығының консистенциясы мен ащылығынан бастап қосылатын ингредиенттерге дейін сан алуан болуы мүмкін. Кейбір аспаздар шакшукаға лимон немесе қой сүтінен жасалған тұзды ірімшік қосады. Басқалары (әсіресе Жерорта теңізі маңайындағылар) зәйтүн қосады. Сондай-ақ, қазанға чоризо немесе мергез сияқты ащы шұжықтар да кіріп кетуі мүмкін. Ал Түркияда жұмыртқалар омлет тәрізді дайындалады. Бірақ бұл шакшукаға сай келмейді деп, тағамды сүйіп жеушілер арасында дау да шығуы ғажап емес.