Мандариннен жасалған глазурьдегі тауық еті мен жылқы еті қосылған оливье: жаңа жылдық дастарханды әрлеуге арналған шеф-аспаздардың таңдаулы рецепттері
Әр отбасының жаңа жылдық мерекеге арналған ерекше тағамы болады. Қытырлақ қаз еті немесе алма қосылған оливье болсын, мұндай тағамдар үйге жылулық пен мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Биыл дастарханыңызды жаңартқыңыз келсе, шеф-поварлардың ерекше рецепттерін ұсынамыз.
Fika мейрамханасының шеф-аспазы Никита Захаров арғы аталарынан келе жатқан отбасылық рецепт бойынша холодец ұсынса, Pier мейрамханасының бас аспазы Владимир Цветинович қонақтарды фаршталған күркетауықпен таңғалдырыңыз дейді. Шефтер дайындаған кез келген тағам жанұяңыздың жаңа дәстүріне айналуы мүмкін.
Мандарин глазуріндегі балапан тауық еті мен көкөністер (Иван Кудрявцев, Red Beer Bar)
Дайындау әдісі:
1. Алдын ала дайындық:
Балапан тауықты пісіруден 24 сағат бұрын тұзды ерітіндіге (1 литр суға 30 г тұз) шылап, тоңазытқышта сақтаңыз. Кейін етті шығарып, шайып, тоңазытқышқа тор үстіне тағы екі сағатқа қоя тұрыңыз.
2. Мандарин майын дайындау:
Үш мандариннің қабығын үгітіп, жұмсарған сары маймен араластырыңыз.
3. Көкөністерді дайындау:
Картоп, брюссель қырыққабаты мен спаржаны жуыңыз, зәйтүн майы, тұз, бұрыш қосып дәмдеңіз.
4. Глазурь дайындау:
500 мл мандарин шырынын сығып, оған қант пен мұздатылған мүкжидекті қосыңыз. Қайнаған соң сұйық балдай қою консистенцияға жеткенше қайнатыңыз.
5. Пісіру:
Тауықты 150°C-та 40 минут пісіріңіз, кейін температураны 200°C-қа көтеріп, тағы 30 минут пісіріңіз. Әр 10 минут сайын зәйтүн майы мен глазурь жағып отырыңыз. Көкөністерді тауықпен бірге әртүрлі уақытта қосып, бірге пісіріңіз. Дайын болған тауықты көкөністермен және грильде қақталған мандариннің жарты бөлігімен бірге ұсыныңыз.
Құрамы:
- Тауық еті – 2 кг
- Гүлшетен (Розмарин) – 30 г
- Жебір (Тимьян) – 30 г
- Сәлбен – 15 г
- Зәйтүн майы – 130 мл
- Қара бұрыш – 10 г
- Мандарин – 1 кг
- Ақ қант – 100 г
- Мұздатылған мүкжидек – 100 г
- Тұздалмаған сары май – 200 г
- Ұсақ картоп – 2 кг
- Брюссель қырыққабаты – 250 г
- Спаржа – 300 г
- Дәмдеуіш көк шөптер (аскөк, кинза, көк пияз) – 1 бума
- Тұз – дәміне қарай


Холодец (Никита Захаров, Fika)
Дайындау әдісі:
Сиырдың құйрығын екі сағат суық суда жібітіп, жақсылап жуыңыз. Су құйып қайнатып, бірінші суды төгіп, қайтадан шайып алыңыз. Құйрықты 6-8 сағат баяу отта пісіріңіз, көбігін алып тастауды ұмытпаңыз. Дайын болуына бір сағат қалғанда, дәмдеуіштерді, қабығымен бірге пиязды, сәбіз бен сарымсақты қосыңыз. Сорпаны дәке арқылы сүзіп, етті талшықтарға бөліңіз. Етті қалыпқа салып, үстіне сорпа құйыңыз да, тоңазытқышқа қойып қаттырыңыз. Қыша, ақжелкек (хрен) және тұздалған қиярмен бірге ұсыныңыз.
Құрамы:
- Сиыр құйрығы – 1 кг
- Сәбіз – 2 дана
- Пияз – 2 дана
- Сарымсақ – 1 бас
- Қара бұрыш түйіршігі – дәміне қарай
- Лавр жапырағы – дәміне қарай
- Тұз – дәміне қарай
- Кориандр – дәміне қарай
Ұсынуға:
- Ащы қыша
- Ақжелкек (хрен)
- Тұздалған қияр