Креативті аспаздық үйлер мен жасампаз food-art студиялары: сәнді кейтеринг индустриясында трендті кімдер қалыптастырады?
Заман талабына сай гастрономия әлемінде су жаңа бағыт қалыптасты. Енді кейтерингті де өнердің креативті бір саласы ретінде қарастырған жөн. Қазір Chanel мен Miu Miu секілді сән алпауыттары бұл сөзімізге қос қолдап келісері хақ. Ұсақ-түйек канапелерді ұмытыңыз. Жаңа заманның кейтерингінде тамақтың дәмінен бұрын оны қалай ұсынғаныңыз есте қалу керек! Мысалы, Balbosté мен We Are Ona дастарқандары құдды бір сахналық қойылым іспетті. Қарабайырлық қара тізімде қалған. Мәзір – өзінше бір перформанс болса, тағамның тәрелкеңізге жетуі – шытырман оқиғалы режиссура. Бұл жолда мен-мен деген аспаздық суретшілер эксперимент жасаудан еш сескенбей, адам ойына сыймаған дүниелерге баруға көшкен. Тамақ енді үстел үстіндегі құнарлы азық қана емес, есте қаларлық өнер туындысы болуға тиіс.
Balbosté
Balbosté – Парижде орналасқан шығармашылық аспаздық үй. Агенттікті Шарлотта Ситбон мен аспаз Саяка Канеко 2017 жылы құрып, оны Balbosté деп атайды. Мағынасы идиш тілінен «пысық келіншек» дегенге саяды. Олар сән-салтанаты жарасқан брендтер үшін бірегей гастрономиялық шоу жасауға маманданған. Balbosté-нің нақты бір корпоративтік бағыты жоқ. Керісінше, әр клиенті үшін жаңа әрі бірегей стиль қалыптастыруды мақсат етеді.
Агенттік 2018 жылы Chanel компаниясымен ынтымақтастыққа отырғаннан кейін танымал болған. Balbosté сән алпауытының “Астрология” тақырыбындағы коктейль кешіне болжамдары бар печенье мен жеуге жарамды кристалдар жасап берген. Бүгінде компания Hermès, Louis Vuitton, Miu Miu, Chloé, Dior және Loewe секілді мықтылармен бірге жұмыс істейді. Мысалы, жақында Loewe үшін Selfridges дүкендерінде Studio Ghibli стиліндегі 3D кескіндері бар тамақтарды әзірлеп, көпті таңғалдырды.
Тамақтан бөлек, Balbosté қызметкерлерінің сыртқы келбетінен бастап кеңістікті жобалауға дейінгі жұмыстың әр бөлшегіне назар аударады. Бір реттік тапсырыс алдындағы дайындықтары екі аптадан сегіз аптаға дейін созылады. Ал кешкі ас шығыны бір адамға 300-ден 3000 евроға дейін өзгеруі мүмкін. Олар «жобаның әр кезеңі шығармашылықпен сусындауы тиіс» дегенді басты талабы еткен.
