IMAGE Лариса Пактың жеке мұрағатынан

Тамыры терең тарихымызды сақтап қалу жолында отбасылық тағам құпияларының маңызын Лариса Пак қаузады

Үш жыл бұрын АҚШ-та азық-түлік жеткізуге арналған стартапта жұмыс істедім. Көбіне азық-түлік қоймасында жүретінмін. Бірақ әр демалыс күні пилатес сабағынан кейін құйтақандай куперімді айдап, жаным жай табатын H-Mart супермаркетіне келетінмін. Бұл азиялық тауарлар дүкені. Атауындағы “H” корейдің han ah reum – «азық-түлікке толы алақан» дегенін білдіреді. Жып-жылы атау. Дәл сол жылы алақан жетпейтіндей көрінетін кейде. Сөйтіп жүргенде анасынан айырылға Америкадағы корей қызының сол дүкенге келіп, анасын еске алған сәттері туралы “H-Mart-тағы мұң” кітабы жарық көреді ғой. Мен де бас кейіпкер секілді сезімтал болсам да, ол жерге естеліктер іздеп емес, елге деген сағынышымды басу үшін баратынмын.

Жылтыраған Америкада маған «өзімді үйдегідей сезіну” жетіспейтін. Еркін тыныс алып, өзімді «өз қоғамымда» жүргендей сезінгім келетін. Осы бір барлық жағынан “аппақ” штатта менен басқа азиат жоқтай көрінетін. Жалғыз жұбанышым – кішкентай пилатес студиясы еді, бірақ ол жерде де йога матрасын қолтықтаған аққұба әйелдерден көз ашпайсың.

Бара бара, H-Mart менің үйімдей болып кетті. Ол Алматының Көк базарына ұқсайтын. Сан алуан көкөністердің неше түрлі қатары, “мә, жеші” деп ұсынып тұратын аспаз апайлар бар корей салаттарының қатары, шикі еттің иісі - түһ, шіркін, тамаша еді ғой. Дәл осы орында мен өзімді ерекше жайлыы сезінетімін. Бір күн тура сондай сезімді қайта бастан өткергім келіп, бағанағы футбол алаңындай үлкен H-Mart павильонына кіріп барсам, “сары” деп нәсіл түсі бекіген азиаттардың түр-түрін кезіктірдім. Таптым-ау сені дедім. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан Алматылық эмигранттарға кез болдым. Оларды сыртқы кейпінен бірден танығандай болдым. Сөредегі тауарларды жылдам көзбен шолып шығып, шұлық үстіне киген сандаликтерімен әлдеқайда асығып жүретін. 

Осыдан-ақ Алматыны қатты сағынатынымды сезген шығарсыз. Сондайда күйзеліске түсуден тамақ қана “құтқарып” қалатын. Ностальгия қалай жұмыс істейтінін білмейм, бірақ мені борщ та, фунчоза да “жұбата беретін”. Бір күні Наурыз мерекесіне арнап алғаш рет бауырсақ пісірдім. Америкалық әріптестерім оны мексикалық пончиктерге ұқсатып, үстіне қатырып тұрып қант ұнтағын себуге кеңес берді. Мырс еттім де жүре бердім.

Tatler Asia

Тамақ пен естеліктер арасын не байланыстырады өзі? Бәлкім, тамақтың құпия рецепті расымен де махаббат шығар. Ол адамға алдымен ана сүті арқылы енсе, кейін құймақ пен ет арқылы берілетін сияқты.

Бір жолы біз видеожоба жасадық, онда адамдар өздерінің ата-әжелері, аналары мен әкелері тағам арқылы қалай сүйіспеншілік көрсеткені туралы естеліктерімен бөлісті. Менің досым Арсен отбасылық жиындарға арнап атасының таба-нан (қышқыл дәмді, үлкен бәліш тәрізді отқа піскен нан) дайындайтынын айтты. Атасы сол ыстық нанның бөліктерін немерелеріне бөліп беретін, ал Арсеннің балалық шағындағы ең қымбат естеліктерінің бірі осы еді.

Тағы бір қатысушы – Зарина жазғы демалыста Қазанда тұратын әжесіне қонаққа барғанын, оның зур-бәлеш (татарлардың етті бәліші) пісіріп беретінін есіне алды. Қытырлақ қамыр алтын түске боялып піскенде, томпайып, ішінде сорпа қайнап жатқандай әсер қалтыратын. Бәліштің бетін әжесі пышақпен кескенде, бәліш қорап секілді ашылады екен. Сол қамыр қақпағы еш сынып кетпей әдемі көрініске куә қылатын дейді Зарина. 

Кейбір естеліктер ностальгиямен тығыз байланысты, өйткені тағам туралы естеліктер бір жағы үйді сағындыруы, көңіл құлазытса, тағы бір жағынан сағынышты басуға көмектесе алады. Тамаққа деген сағыныш белгілі бір мекен-жайға, уақытқа байланысты болмайды. Ол белгілі бір иіс, дәм не текстура арқылы жүрек қылын қозғайды. Таңғаларлығы, бұл сезімдер тек жеке адамдарда ғана емес, тұтас қауымдастықтар мен ұлттарда да болады. Нью-Йоркте танымал «Ташкент» деген дүкен бар. Оливье салаты мен корейдің сәбіз салаты палау, самсалармен бір сөреде тұрады. Бұл ортақ “тағамдық жадтың” айқын көрінісі секілді, солай ма?

Қарапайым қазақстандық дастарханды елестетіп көріңізші. Ортада - ет, оны қоршап тұрған корейше сәбіз салаты, өзбекше ачучук, тұздалған қырыққабат және әртүрлі тұздықтар көз бен мұрынның жауын алады. Шайға татар чак-чагы беріледі. Осының бәрін ойлап тұрсаңыз, Қазақстанның асханасы кез келген талғампаз саяхатшыны аң-таң ететін сияқты. Өйткені дастарқанымызға елдегі бар этностың бай мұрасын сіңген. Мысалы, бізге енді үйреншікті болып кеткен хычиндер 1944 жылы депортацияланған балқарлар арқылы Қазақстанға әкелінген. Алматыда олар негізінен «Алатау» совхозының маңына қоныстандырылған. Қазіргі Дулати көшесінің бойында (халық арасында «шашлык-стрит» деп аталады), осы күнге дейін жеткен бірнеше отбасылық дәмхана бар. Онда балқардың хычинін майын тамызып тұрып, жұп-жұмсақ күйінде жей аласыз.

Осы бай тағам мұрасын ойласам, ерікті әрі еріксіз миграция, депортация және қоныс аударудың трагедиясы есіме түседі. «100 этнос» депортациясы кезінде адамдарға бірнеше сағат қана жиналуға рұқсат етілген ғой. Олар бірнеше буын жинаған дүниелерін емес ала алсын ба? Әрине, тек... жадындағы қоймасына салып қана кете берген. Ең өкініштісі жаңа қоныстарында да Кеңес үкіметі тілін, дәстүрлерін, дінін қолдануға мүмкіндік бермеді. Бай мұраларының арасындағы ең «қауіпсізі» сол ұлттық тағамдар болса керек. Біздің аналарымыз бен әжелеріміз асүйлерінде чимчи, беляш, лагман дайындап, бізді  «Барып, Валя тәтеңді қуантып кел» деп көршілерге  дәм таттыруға жіберетін. Осы тұрмыстық әдіспен халықтар арасындағы достық та беки түсті деп ойлаймын.

Тағам – бұл ұрпақтан ұрпаққа берілетін мәдени код. Ұлттық тағам – халықтың түп-тамыры мен толыққанды тарихи мұрасы, ал отбасылық рецепттер – қоныс аударушылардың үшінші-төртінші буыны үшін жад функциясын атқарып, айдентиканың өзіндік сейфіндей қызмет етті.

Осылайша, мен Қазақстан халықтарының отбасылық рецепттері туралы деректі сериал түсіру идеясына келдім. Бұл жобада адамдардың және тағамдардың көші-қон тарихын қайтадан тірілтіп, сол сейфтердің есігін ашып, тағамның біздің айдентикамызға қалай әсер еткенін, әрі оның қалай бейімделіп, өзгергенін қарастырғым келеді. Бұл зерттеудің бастамасы ғана. Алда бізді белгілі бір ұлттардың, нақты отбасылардың тарихына терең үңілу, оларды талдау, сұрыптау және түсірілім жұмыстары күтіп тұр. Әрине, егер қаржыландыру мүмкін болса. 

 

Tatler Asia

Тамақ пен естеліктер арасындағы байланыс мені біраз уақыттан бері қатты қызықтырып жүр. Жалпы, тағамдық немесе «жеуге келетін» естелік деген ұғым - ғылымда бар дүние. Ол сезімдік және эмоциялық реакцияларды тудыруға қабілетті. Тамақ асқазанды толтырып қана қоймай, дәмі, иісі мен құрылымы арқылы естеліктермен байланыстырып, әлеуметтік және мәдени мағыналарды бейнелейтін күшке ие.

«Біз – өзіміз жейтін нәрсеге ұқсап кетеміз» дегенді естіген шығарсыз? Бір кездері мен оны «ауру - астан» деген қағидамен сәйкес деп түсінетінмін. Бірақ біз нені, қалай және не үшін жейтінімізді еске алсақ, өзіміз туралы тарихты анамның бейсенбі сайын дайындайтын қуырылған балығы, демалыс күндеріндегі әжемнің борщы, Наурыздағы әкемнің татарша рагуы немесе әпкем туған күнге пісірген «Винни-Пух» торты сияқты естеліктерге ыдыратып жіберуге болатынын түсінеміз.

Невролог Гордон М. Шепардтың айтуынша, сезімдер мен эмоциялар мнемоникалық (есте сақтауға жауапты) сигналдарды жеткізуде маңызды рөл атқарады. Ол «нейрогастрономия» терминін енгізіп, оның адам миының дәмді қалай қалыптастыратынын және сол дәм арқылы оқиғаны қалай есте сақтайтынын сипаттайтын ұғым деп түсіндіреді. Шепардтың зерттеулері сезімдер мен эмоциялар есте сақтау тәжірибелерін дәл сол нерв жолдары арқылы жеткізетінін көрсетеді. Тағы бір невролог Джон С. Аллен «The Omnivorous Mind» кітабында бұл тақырыпты жалғастырып, гиппокамптың «декларативті немесе нақты естеліктерді қалыптастыруға», сондай-ақ эмоцияларды реттеуге жауапты мидың құрылымы екенін түсіндіреді. Бұл зерттеулер тағамның естеліктер мен адамдардың әңгімелеріне қалай әсер ететінін физиологиялық тұрғыдан айқындап береді.

 

Осының бәрі нені білдіреді? Мысалы, менің әкемнің гені 100% корей болса да, оны борщ, пампушка және вареники беріп өсірген украин анасы тәрбиелеген. Оның сүйікті тағамы күні бүгінге дейін кукси де, ет те емес, кисель мен тоқаш. «Жейтін» естелік әдебиетте, кинода немесе өнерде көрініс тапса, ұжымдыққа естелікке айнала алады. Мысалы, «Ирония судьбы» фильміндегі «заливная рыба» немесе «Өкіл әкедегі» томат тұздығы есіңізде шығар?

Тағам туралы естеліктер сезім арқылы сөйлейді. Олар біздің денемізде физикалық түрде сезіліп, санамыздың халінен хабар береді. Сондықтан маған қазақстандық тағамдық естеліктерді құжаттау маңызды болып көрінеді. Мұндай нарративтерді жазып, шешіп, қайта құру арқылы біз өзіміздің айдентикамызды күшейтіп, дамыта аламыз.

Біз не жейтінімізді айту арқылы өзіміздің кім екенімізді көрсетеміз. Осылайша, біздің әлеуметтік және мәдени болмысымызды тағамның өзі емес, тағам туралы бөлісетін әңгімелеріміз анықтайды. Тағам жайлы естелік сезімнің әсем бір көрінісі ретінде өміріміз туралы баяндауға арналған дәмдеуіш іспетті бола бермек.

Темы