IMAGE Фото: Тимур Омуралиев

Дәстүрлі базарлардың заманауи кеңістікке айналуы және қала мәдениетінің бір бөлігіне енуі ATLAS назарында

Базар – тек экономикалық емес, сонымен бірге әлеуметтік-мәдени құбылыс. Олар көбіне өздігінен пайда болып, бей-берекет болмысымен ерекшеленеді. 90-жылдары базарлар жұмыс орындарын ашып, табыс әкелетін маңызды платформа болса, 2000-жылдардың соңына қарай сауда орталықтарының жаппай ашылуына байланысты, базарлар ескіліктің қалдығы ретінде қабылдана бастады. Бірақ бүгінгі күні базарлар қайтадан сәнге айналып, жаңаша мағынаға ие бола бастады. Қала тұрғындары мен сарапшылар олардың мәдени маңыздылығына ерекше назар аударуға көшті.

Аймақтық даму саласындағы ATLAS консалтинг компаниясы «Орталық Азия базарларының болашағы: заманауи қаладағы дәстүрлер» атты ауқымды зерттеу жүргізді. Сарапшылар базар феноменін урбанистика, қоғамдық рөлі және экономика тұрғысынан талдап, оны Орталық Азияның төрт қаласы мысалында қарастырды.

Хаосты тізгіндеу: қазіргі базарлардың кейпі қандай?

Ташкент, Өзбекстан

Ташкент базарларының ерекшелігі – олардың бай тарихында. Мысалы, әйгілі көгілдір мозаикалық күмбезі бар Чорсу базары. Қазіргі ғимараты 1980 жылдары салынғанымен, бұл жерде сауда Ұлы Жібек жолы заманында басталған. Сондықтан бүгінгі күні Чорсу қаланың басты көрнекі орындарының бірі ретінде танымал. 1990 жылдардағы қиындықтарға қарамастан, Ташкент базарлары өздерінің ұлттық бояуын сақтап қалған. Дегенмен, базарлар супермаркеттер “кесірінен” клиенттерін жоғалтып алып та жатыр. 

Бішкек, Қырғызстан

Бішкек базарлары сыртқы көрінісімен ерекшеленбесе де, олардың практикалық пайдасы жоғары әрі әлі де сұранысқа ие. Қаланың ең ірі, тіпті бір кездері бүкіл Орталық Азиядағы ең үлкен базар – аты аңызға айналған Дордойды естімеген адам кемде-кем. Оның «Алкан базари» деп аталатын бір бөлігі толығымен қазір қайта құрылған. Павильондарға бағыттау белгілері орнатылып, электронды есеп жүйесі енгізілген. Осылайша, сауда орталығының жайлылығы мен ежелгі мәдениет атмосферасын біріктіретін заманауи базар пайда болды.

Душанбе, Тәжікстан

Душанбе базарлары да өзгерістерден қалыс қала қоймаған. Олардың инфрақұрылымы жаңартылып, сауда жүйесі реттеліп келеді. Алайда, бұл өзгерістер базарлардың өзіндік ұлттық ерекшелігін жойып, бірегейлігінен айырған сияқты. Дәстүрлі базар мәдениеті көбіне көшедегі қаланың ажырамас бөлігіне айналған шағын базарлар мен сауда қатарларында сақталған. Десе де, олар ел экономикасына маңызды тірек ретінде әрі көпке қажет жұмыс орны ретінде қызмет етуін жалғастырып келеді.

Алматы, Қазақстан

Алматы базарларының әртүрлілігі базар болмысының бей-берекет сипатын тамаша көрсете алады. 2000 жылдардың басында Алматыда 80-нен астам базар жұмыс істеді. Олар табыс табудың жақсы мүмкіндігі болғанымен, сауда айналымы жиі «көлеңкелі» схемалар арқылы жүзеге асатын. 2010 жылдардан бастап базарларды заңдастыру, қайта құру, ескі құрылыстарды бұзу және олардың сәулеттік келбетін жақсарту сияқты күрделі жұмыстар қолға алынған-ды. Қаланың орталығындағы Көк базар ғана емес, кейбір аудандық базарлар да заманауи өмірге бейімделіп: фудкорттары бар шағын сауда орталықтарына айналып бара жатыр.

Tatler Asia

Көне мен жаңаның тайталасындағы базарлардың болашағы қандай болмақ?

ATLAS сарапшылары базарлар мен сауда орындарын дамытуға арналған бірнеше бағыт ұсынады. Мақсаты – базарларды тұрғындар мен туристер үшін тартымды ету, дамып келе жатқан мегаполистердің талаптарына сай құру, сондай-ақ азиялық базарлардың атмосферасы мен әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін сақтау.

Кеңістік

Базарлар тек азық-түлік сатылатын орын емес, аудандық және қалалық өмірдің орталығы болуға тиіс. Бұл базарлардың демалыс орнына, қоғамдық өмір мен іс-шаралар өткізілетін орынға айналуын білдіреді. Сондықтан базарлар жай ғана ыңғайлы павильондармен шектелмей, көп функциялы әрі қолайлы орта құруы керек.

Мысалдар:

Братислав базары, Мәскеу: Реконструкциядан кейін бірінші қабатта модульдік сөрелері бар 60 дүкен ашылды. Бұл кеңістікті маусымдық мерекелерге түрліше оңай өзгертуге мүмкіндік берді. Мұндай жаңалық базардың экономикалық тартымдылығын да арттырды.

Mercado de Bolhão, Порту: Екі жылдық реставрация нәтижесінде барлық дүңгіршектер мен жарнамалық тақталар бірыңғай стильге ие болды. Тарихи сәулет үлгісімен өзінше үйлесім тапты. Мұндай тәсіл ТМД елдеріндегі базарлардың бей-берекет көрінісі үшін өте өзекті сияқты.

Пайдаланушылар

Базарлардың экономика мен қоғам үшін маңызды ерекшелігі – олар әлеуметтік байланыстарды қалыптастырып, нығайта алады. Сонымен қатар, базарлар мызғымас берік қоғам құру алаңына да айнала алады. Бұл үшін базардың қызмет көрсету аясын кеңейтіп, оны заманауи технологиялар арқылы танымал ету қажет. Мысалы, Лондондағы Borough Market командасы ай сайын танымал аспаздар мен медиа тұлғаларды шақыра отырып, әртүрлі тақырыптарда подкастар жүргізеді. Сингапурдағы MarketFresh базары сатушылар мен жеткізушілер жайлы бейнероликтер түсіреді. Мұндай лайфстайл контент тек жаңа аудиторияны тартуға ғана емес, базардың құндылықтарын белсенді насихаттауға да мүмкіндік береді.

Базарлардың тағы бір әлеуеті – оларда көпшілікке арналған іс-шараларды өткізу. Бұл үшін арнайы орындардың болуы да міндетті емес. Мексикадағы Mercado Sánchez Pascuas базарында жергілікті биліктің қолдауымен тұрақты түрде концерттер, билер және дегустация шаралары ұйымдастырылады. АҚШ-тың Орегон штатындағы Oregon City Farmer Market базарында балаларды дұрыс тамақтануға үйрететін Power of Produce Club сияқты білім беру бастамалары қолға алынған. Ойын түрінде және көңілді шеберлік сабақтары арқылы балаларға пайдалы әрі дәмді тағамдар дайындау және көкөніс өсіру жолдары үйретіледі.

 

Tatler Asia

Басқару

Базарларды басқаруда қызықты ерекшелік бар: сауда дәстүрлері мен мәдени ерекшеліктерді сақтай отырып, оларды заманауи технологиялармен үйлестіру тапсырмасы анау айтқандай оңай дүние емес. Процестерді цифрландыру және сапаны қатаң бақылау базарлардың күнделікті азық-түлік сатып алу орны ретіндегі рөлін күшейтеді.

Мысалы, Брюссельде базарлардың жұмыс уақыты мен апта күндері бойынша жүктемесін қадағалауға мүмкіндік беретін онлайн-портал іске қосылған. Барселонада базарларда онлайн сауда жасауға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе енгізілген. Бұл сатып алушылардың уақытын үнемдеп, сатушыларға қолдау көрсетуді мақсат етеді. Ливандағы Souk El Tayeb базарында сапаны бақылаудың қатаң стандарттары бар, оларды сатушылар да, сатып алушылар да біледі. Бұл жаңа сатушылардың жұмысқа бейімделуіне септігін тигізіп, тұтынушымен байланысты барынша ашық етеді.

 

Tatler Asia

Осы зерттеуден соң табысты базарлардың тек сауда орны емес екендігіне көзіміз жетті. Көп функционалдығы арқасында мен мен деген сауда орталықтарымен бәсекелесе алатын жағдайға жеткен. Олар туристер үшін де тартымды болып келеді. Оған қоса, базарлар – инвестиция үшін тамаша мүмкіндік көзі. Десе де, мол табыс үшін мына үш маңызды аспектіні ескеру қажет: дәстүрлерді сақтау, инновацияларды дамыту және базарды қоғамда танымал ету. Базарларды базар ететін тағы бір сипат – олардың шынайылығы. Онсыз базарлар жай ғана тағы бір сауда орталығына айналып кетуі мүмкін. Алайда бұл олардың архаикалық ережелер бойынша жұмыс істеуі керек дегенді білдірмейді. Керісінше, мұнда модернизация мен пиарды мықтап қолға алу керек. ATLAS зерттеуі көрсеткендей, заманауи базар – рудимент емес, мегаполистің жарқын әрі маңызды элементі.

Авторы

Фотография  

Тимур Омуралиев

Темы