IMAGE Фото: film.ai

Таза тамақтану балалармен әдетте қиынға түседі, сондықтан бұл мақаламызда дұрыс тамақтануы мүмкін орындарды ұсынамыз

Бұрын сүйген жарыңызбен уикенд алдындағы кешті баптанып seven-course tasting menu, қымбат француз шарабымен тірі музыкаға еліте асықпай өткізуді әдетке айналдырсаңыз, енді баланың ығына жығыласыз, мәзірдің барынша органикалық болуына, ингредиенттер этикалық ұстаным негізіндегі өнімнен алынуына баса мән бересіз. 

Сол кішкене періштелермен тамақтануға ыңғайғы орындар тізіміне өтпес бұрын ресторандағы уақытыңызды ұйымдастыруға көмектесетін бірнеге лайфхакты шолып өтіңіз.

Баламен мейрамханада әдемі отырыс жасаудың ең алғашқы қадамы – оны ерте жастан сыртта түстенуге бейімдеу. Осы ережені ұстанғандар баласының 2 жасқа таяғанда мұндай орындардың мәдениетіне әбден үйренісіп кететінін айтады. Бастапқы кезеңде бұл ата-аналар үшін қиынға соғуы мүмкін, бірақ  жаңа тағамдар, жаңа дәмдерден нейрондық байланыстардың жетілетіні сізге мотивация бола алады.

Әр визит алдында баратын жеріңіздің электрон менюін қарап шығып, балаңызға ұнайтынына сенімді болатындай тағам таңдап қойыңыз. Сондай-ақ қызмет көрсету баяу болған жағдайда оны алдаусырата тұратын алма пюресі сынды бір тіскебасар сөмкеңізден табыла кетсін. Иә, ата-ана барлық болуы мүмкін жағдайды ескере жүреді десек, бала өсіру шахмат ойынына да ұқсайды емес пе?!

Қазіргі қоғамда fine dining мейрамхана менюіндегі тағамдарға healthy food баламасын ұсынбау нағыз моветонға айналды. Сол себепті төмендегі тізімдегі түстену орындары да бұл ұстанымды негізге алады. Оған қоса, аталатын орындарда балалардың уақытты сапалы әрі қызықты өткізуіне де жағдай жасалған.

Seven Bar & Restaurant

Ritz-Carlton Almaty қонақүйінің 28-қабатында орналасқан Seven Bar & Restaurant шындығында хас талғампаздарға арналған мейрамхана.

Бірақ бала жоғарыда айтылғандай, тамақтану мәдениетін игермесе, мұндай fine dining үлгісіндегі ғана емес, комфорт фуд ұсынатын жерде де отыра алмауы мүмкін. Сондықтан ұсынылған кеңестердің өзіңізге оңтайлы қолданыңыз.

Жалпы мәзірге аспаздың өзіндік мәнерінде ұсынылатын жапон, француз, итальян және басқа да ұлт тағамдарымен қоса, маусымдық трюфель, вагю, лобстер сынды жер-жаһанның түкпір-түкпірінен әкелінетін сирек ингредиенттер кіреді.

Ал қазір аталған мейрамханада әлемдегі ең кішкентай аспаз Le Petit Chef-тің тамаша тағамдары мен театрға татырлық қойылымының куәгері болуға мүмкіндік бар. Гастрономия әлемін шулатқан бұл перформансты көруге барған шетелдіктердің көпшілігі балаларының шын тәнті болғанын айтады. Демек, кішкентай қонақтардың көңілін аулайтындай-ақ дүние.

Бойы небәрі 58 миллиметр кішкентай шеф тәрелкені айнала тамақ пісіріп жүргенін көргенде, әрине, бала көңіл қиялға берілері хақ. Аталған кейіпкер 2015 жылдан бері 3D проекциясы кейпінде әлемді шарлап келеді. Жолы енді Орталық Азияға түскен екен. Көп естігеннен бір көрген артық дүниеге ұқсайды.

Wellness Restaurant

Алматы қаласының шетіндегі табиғаты тамаша орманды алқапта орналасқан Swissotel Wellness Resort Alatau Almaty қонақүйіндегі Wellness мейрамханасы сізді сапалы мәзірімен қуантады. Ресторан ұсынатын тағамдар денсаулықты жақсартуға зор ықпал етеді. Мәзірде вегандық және вегетариандық классикамен қатар, шикі тағам диетасын ұстанатындар қалауы да ескерілген. Балалар клубы мен ойын зонасы сіздің демалысыңыздың жайлы өтуіне септігін тигізеді.

Аталған қонақүй де – сауықтыру және емдік шаралары мен нағыз демалысты бағалайтындарға таптырмас мекен. Оның басты ерекшелігі – инновациялық отбасылық SPA орталығы мен минералды суы бар термалды бассейндер. Бұл Wellness мейрамханасына келушіге тамаша бонус. Swissôtel Wellness Resort Alatau Almaty-да қоршаған ортамен үйлесімділік пен жан тыныштығын таба аласыз. 

Monti Bambini

Атауы айтып тұрғандай Monti Bambini – нағыз баламен баруға арналған орын.Тау бөктеріндегі саф ауа, кішкентай қонақтарға арналған ойын алаңы, сапалы табиғи өнім бұл мейрамхана отбасыңызға жасай алатын қамқорлықтың бір парасы. 

Балаларыңызбен бәрін ұмытып, асыр сап қар атысып ойнап, тауда сырғанап болған соң, дәл бір өз үйіңізге кіргендей күй кештіретін іші жайлы, жарық, панорамалық терезелерінен үт төгілген Monti Bambini-ге қарай беттеңіз. Нәзік филе-миньон, патагониялық кальмар, ыстық сорпа мен өзге де дәмді авторлық ас түрлері осы атмосфераны арттыра түседі. Әдетте қосымша соустар адам ағзасына зиян болса, мұнда кетчуптың өзі жасыл, яғни, шөп пен көкөніс негізінде жасалған. Онымен қоса, песто, ромеско, чимичурри сынды түрлері де ұсынылған. Фриге батат, бірнеше астың басты ингредиентіне Black Angus мәрмәр еті таңдалғандықтан, жеген тамағыңыз кез келген диетологтың сынынан өтеді. Ал мінсіз күннің нүктесін шпинат бисквитінен глютенсіз десертпен қоя аласыз.

Қаланың тынымсыз тіршілігінің мазасыз дыбысын өзен суының сылдыры һәм мәңгі жасыл ағаштар жұпарымен алмастырып, ғажап күй кешіп, жаңа жұмыс аптасына қуат жинап, отбасыңызбен өткен уақыттан рахат алғыңыз келсе, хош!

La Rivière

The St. Regis Astana

The St. Regis Astana қонақүйінің La Rivière мейрамханасында балалы қонаққа бар жағдай жасалған. Түрлі үстел ойындары мен тәтті бәліш пісіру сынды сан-алуан көңілді мастеркласстар ұйымдастырылады. Қажет етсеңіз, күтуші қызметіне де жүгіне аласыз. 

Ал сізге жағалау сұлулығына тамсана отырып, веган пакчери мен вегетариандық равиоли сынды классикалық итальян тағамының заманауи интерпретациясынан дәм тату мүмкіндігін береді. Балаңызға ұсынылатын тағамдар қатары да глютен және лактозасыз түрлерімен ерекшеленеді. 

Хас аспаз командасының қолынан шыққан дәмді таңғы, түскі, кешкі ас пен жексенбілік бранчтардың атмосферасын қонақүйді қоршаған керемет өзен мен қала көрінісінің үйлесімі әсірелей түседі.

PAUL

Сөз соңында тамақтануды хас өнердей көретін және әрқайсысы сол өнерді мүлтіксіз игерген француздардың наубайхана-мейрамханалар желісі туралы баяндағалы отырмыз. Негізі 1889 жылы қаланған Paul мейрамханаларының Алматы қаласында бірнеше нүктесі бар. Алматыдағы Шымбұлақ шыңындағы нүктесінде балалар шаңғы тебу сабақтарының ортасында Paul-ға кеп тамақтанып күш жинай алады. Ал Республика алаңындағы нүктесінің қасында балаларға ағаштан жасалған сәнді балалар алаңы бар.   

Мәзірде вегетариандық сэндвичтер мен тартиндер, сүт өнімдерінсіз тағамдар, маусымдық көкөністерден жасалған салаттар, паста, вегетариандық тосттар және тіскебасар ретінде сәбіз тіліктері мен орамжапырақ ұсынылған. Үнемі экологиялық этика нормаларына сай өндірілген ингредиенттер таңдаудың өзі – бұл компанияның бұлжымас қағидасы. Ал, бір әулеттің 5 буынына атадан балаға мұра боп келген мейрамхана тағамдарының қаншалық дәмді екенін өзіңіз елестете беріңіз.

Антикалық ойшылдардың бірінің: «Сенің не жегенің ғана емес, қалай жегенің де маңызды» деген сөзі бар. Тамақ жай ғана қарын тойдыру емес, savoir vivre екенін, яғни, әр сәттен ләззат алу өнерінің ажырамас бөлігі екенін ұмытпаңыз. 

Темы