Алматылық кафе бұл тізімге кіру үшін ерекше алкогольсіз коктейльдер мәзірін ұсынған. Ол қандай мәзір екенін мақаламыздан оқып біліңіз.
Азиялық асханасымен танымал «Сё-сё» кафесі The World’s 50 Best Bars сыйлығының шорт-лисіне енді. Олардың бірегей коктейль мәзірі әлемдегі ең креативті сегіз мәзірдің қатарында тұр. Басты ерекшелігі сол, барлық коктейльдер алкогольсіз. Кафенің негізін қалаушылардың пікірінше, әлемнің сұлулығын тек айқын сана-сезіммен толықтай сезінуге болады.
Бардың мәзіріне сегіз коктейль енген және әрқайсысы бейбітшілік рәміздерінің біріне арналған. Әр рәміз адамзат тарихындағы маңызды кезеңнің нышанындай. Таңдаудың осылай болғанына қарап, жаңа рәміз не символ іздеудің қажеті жоқтығын, керісінше қолданыстағы әр белгінің маңызын терең ұғынудың қажеттілігін байқайсыз. Себебі әрбірі тарихта болған қайғылы бір оқиғаның ескерткіші іспетті.
«Сё-сё» коктейльдеріндегі бейбітшілік рәміздері:
- «DOVE» – суретші Пабло Пикассоның иллюстрациясынан пайда болған бейне;
- «PAPER CRANES» – өмір мен үміттің символы;
- «FLOWER POWER» – қарудың ұңғысына гүл қойған қыздың бейнесі;
- «PACIFIC» – сигналдық әліпбиге негізделген ядролық қарусыздану белгісі;
- «PACE» – соғысқа қарсы шерулердің белгісіне айналған кемпірқосақ түсті бейбітшілік туы;
- «WHITE POPPY» – өткен қателіктерді қайталамауға шақыратын естелік символы;
- «OLIVE BRANCH» – ежелгі Грекиядан жеткен бейбітшілік белгісі;
- «VICTORY» – Бетховен симфониясынан бастау алып, қазіргі жастардың мәдени кодына дейін жеткен символ.



